Sport

Аты аңызға айнала бастаған спортшы

Аттың жалы, түйенің қомында өсіп, найзасын үкілеген ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың аң таңы атты. Егеменді ел болдық. Көк туымызды алтын тұғырына қондырып, биіктеттік. Байрақтың желбірегені – елдіктің, бірліктің, ерліктің белгісі. Тудың иесі де, киесі де – халық. Әнұранымызды асқақтатып, осы көк туымызды аспандатып жүрген спортшыларымыздың еңбегі әркез ерен. Әлемдік аренада атой салып, ел намысын қорғау кез келгеннің қолынан келетін дүние емес. Осы орайда, тараздық жүзуші Зульфия Габидуллинаның есімі ерекше аталып, ел спорты тарихында алтын әріптермен жазылғаны ақиқат. Рио Паралимпиадасының биігін бағындырған толағайымыз, күні кеше Мексикада өткен әлем чемпионатында тағы мерейімізді үстем етті.

Айта кету керек, жер-жаһанның кіл мықтыларын шаң қаптырып, 12 рекордқа түзету енгізген жүзушіміздің қоржынында тек әлем чемпионатының алтыны жоқ болатын. Мексикада айы оңынан туған спортшымыз осы жолы сол арманына қол жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі болса да, шүмектеп төккен тердің өтемі өтеліп, адал еңбектің әділ бағасы берілді.

Жаһандық бәсекеде жарыс жолағына жақындаған Зульфияның жанарынан тек жеңіске деген жігер байқадық. 50 метр қашықтыққа еркін стильде жүзу сынында спортшымыз ә-дегеннен көш бастады. Сәт сайын қарқынын үдеткен ол қарсыластарынан қара үзіп, мәре сызығында жеңіс туын желбіретті. Ал, чемпионаттың басты фавориттерінің біріне баланған грек Александра Стаматопул жерлесімізден үш секундқа қалып қойды. Жүзу бәсекесінде, әсіресе, паралимпиялық спортшылар арасында үш секунд дегеніңіз үш минутпен пара-пар. Демек, бұл Зульфияның айқын басымдығының көрінісі. Ал, қола медальға қол жеткізген италиялық Патрасия Валле толағайымызды тіпті маңайлай алмады. Осылайша өзінің шын мықты екенін кезекті мәрте дәлелдеген Зульфия әлем чемпионатының алтын медалімен қатар, Халықаралық Паралимпиада Комитетінің шешімімен «2017 жылғы Дүниежүзілік жеңістер сериясы» марапатына ие болды.

Өткен аптада жамбылдық жанкүйерлер «алтын қызын» Тараздың шығыс қақпасынан сән-салтанатпен күтіп алды. Жақындары, туыстары мен әріптестері жеңімпазымызды гүл шоқтарымен көмкерді. Сондай-ақ, тілектерін арнап, қаһарманға лайықты құрмет көрсетті.
Ал, Зульфия жанкүйерлерінің ыстық ықыласына алғысын білдіріп, көптен күткен әлем чемпионатының алтыны, қазақстандықтардың ортақ жеңісі екенін айтты.
– Спорттық мансабымдағы қол жеткізбеген жалғыз жүлдем әлем чемпионатының алтыны болатын. Шүкір, бұл белесті де бағындырдық. Әрине, әлемнің кіл мықты спортшылары бас қосқан бәсекеде барыңды салу әрбір спортшының парызы. Мен елдің сенімін ақтадым деп ойлаймын. Бұл алтын медаль маған қолдау білдіріп, тілеуімді тілеген барлық халықтың жүлдесі. Ендігі бір арманым Токиода топ жарып, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атану, – деді Габидуллина.

Иә, елуінде Рио Паралимпиадасында ел мерейін үстем еткен Зульфияның Токио төрінде де топ жаруға қауқары жететініне сенімдіміз. 54 жасында Олимп шыңына қайта ұмтылған қайсар қызымыздың жігеріне 23 дүркін Олимпиада чемпионы атанған америкалық Майл Фелпстің өзі қайран қалатын шығар, сірә…

Жалпы, Зульфияның өткен өміріне көз жүгіртсек, жүзумен айналысқанға дейін, ол 1990 жылы спорттық жолын арбамен жарысудан бастаған. Сол кездері бұл спорт түрі қалалық деңгейде енді ғана қолға алына бастапты. Ал, жарыстардың бірінде Зульфияның ерекше талантын байқаған спорт саласының мамандары, оған жіті көңіл бөледі. Алғашқы алтын жүлде де осы спорт түрінен түскен. Алайда, ол кездері мүмкіндігі шектеулі спортшыларға айтарлықтай жағдай жасалмауына байланысты біздің атлеттер әлемдік ареналарда бақ сынай алмаған. Десе де, араға жиырма жеті жыл салып саңлақтарымыз бүгінде алпауыт елдермен терезесі тең өнер көрсетуге мүмкіндік алып қана қоймай, көк байрағымызды жеңіс тұғырында желбіретіп жүр.

Зульфияның өзінің айтуынша, оның отбасында спортқа жақын ешкім болмапты. Тараздың тумасының туған ағасы экономика саласының маманы. Ал, ата-аналары қарапайым шаруа адамдар болған. Чемпионымыз қазір бір қыздың анасы. Көзінің қарашығындай болған перзентін Зульфия спортқа емес, сызу өнеріне баулуда.

Жерлесіміз бүгінде Рио Паралимпиадасынан кейін «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен салынған жаңа үйінің маңында орналасқан «Тараз-Арена» спорт кешенінде жаттығып жүр. Бұған дейін спортшы «Дельфин» бассейнінде шыныққан екен. Алайда, жаңа спорт кешені ашылғаннан бері облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен паралимпиадашыларға арнайы уақыт бөлініп, жаттығуларына мол мүмкіндік жасалған. Оған қоса, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен олар қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған.
Зульфияның қазір қоржынында әр түрлі дәрежедегі 100-ден аса медаль бар. Бұл орайда әр медальдің тынымсыз еңбекпен қатар, психологиялық күрес арқасында келгенін аңғару қиын емес.

– Негізі, Қазақстан спортшылары кейінгі жылдары паралимпиадалық ойындарда жарқырап көріне бастады. Сондықтан, әлемнің алпауыт елдері отандық спортшыларды дода басталмай жатып, жарыс жолынан шығарып тастауға тырысады. Мәселен, мен Канадада әлем рекордын бірінші айналымда-ақ жаңартқанымда, Халықаралық комитет тексерістен-тексеріс жасап, әбден әбігерге салды. Тіпті, мені үшінші сатыдан бесінші сатыға бір-ақ көтеріп, жеңіске жетуіме барынша кедергі келтірді. Ал, мүгедектер арасындағы бесінші сатыда дене мүмкіндігі айтарлықтай шектеулі емес спортшылар жарысады. Мұндай ортада мен сияқты спортшыларға бәсекелесу мүмкін емес. Сондықтан, біз барынша құжаттарды әзірлеп, өзіміздің деңгейімізді дәлелдеуге тырыстық. Алайда, комиссия құрамы маған төртінші сатыны белгіледі. Мұндай жағдайда жарысқа деген жігерің де құм болады. Бәрінен де әділетсіздіктің осылайша ашықтан-ашық жасалғанына жаным ауырды, – дейді Зульфия өткен күнді еске алып.
Ал, жерлесіміздің жеке бапкері Саттар Бейсенбаевтың айтуынша, халықаралық комитет Қазақстан спортшыларына кез келген жарыста қырғидай тиіп отыратын көрінеді.

– Біз жалпы тексерістен әбден мезі болдық. Қай жарысқа барсаң да спортшымыз жетістікке жетсе болды, тексерістің астында қаламыз. Алдын ала әзірлеген барлық құжаттарды көрсетіп, дәрігерлердің медициналық шешімдерін беріп, спортшымыздың сатысын толықтай дәлелдеп тұрсақ та, тырнақ астынан кір іздеп, уақытты созып жүріп алады. Ал, мұндай тексерістер психологиялық тұрғыдан спортшыларға кері әсерін тигізетіндігі белгілі. Олардың көздегендері де сол.

Мәселен, 2010 жылы Азия чемпионатында халықаралық комитет Зульфияның үшінші сатысын, бесінші сатыға бір-ақ көтерді. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Біз қайта қарауға беріп жатып, төртінші сатыға әрең түсірдік. Сөйтіп, Әлем чемпионатына төртінші сатымен бардық. Алайда, онда қайта тексеріс жүргізіліп, Зульфияға үшінші сатыда өнер көрсетуіне мүмкіндік берді. Осы сынды тексерістер барлық додаларда орын алады. Сондықтан, біз қай жарысқа барсақ та қап-қап құжатымызды көтеріп жүреміз. Әйтпесе, тексерістен тегі көз ашпаймыз, – дейді бапкер.

Иә, еліміздің спортшыларына жүргізілетін тексерістердің шектен шығып кететіні бұған дейін де сан мәрте айтылған-ды. Мысалы, Олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедова, Жасұлан Қыдырбаевқа қатысты жүргізілген допингтік тексерістердің әділ немесе әділ еместігі әлі күнге анық болмай тұрғаны көңілге күдік ұялатады. Енді міне, тағы бір толағайымыз байрақты бәсекелерде тексерістен көз ашпайтындарын айтып отыр. Демек, бұны еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі жіті назарға алуы қажет деген сөз.
Қалай дегенде де, Зульфия етектен тартқандардың есер тірліктеріне қарамастан, әлем біріншілігінде теңдессіз талант екенін танытты. Бұған төрткүл әлем куә болып, спортшымыздың елу жастан асқандағы ерлігіне бас иді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Әрі әлем елдері алдындағы зор абырой.

Чемпионымыздың жеңісті жорығы жалғаса берсін! Толағайдың Токио төрінде көк байрағымызды желбіретуіне тілектеспіз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР