Жастар.kz

Аты басқа, заты бір іс-шаралар қажет пе?

Толғауы тоқсан тіршілікте талқыланатын тақырып көп. Бұл тұрғыда әркімнің өзіндік пікірінің болатындығы бесенеден белгілі. Дейтұрғанмен, иесі бар сөздің киесі де бар. Ең бастысы «ой түбінде жатқан сөз» ортақ мүддеге қызмет етсе құба-құп. Міне, осы орайда облыстық «ARAI» жастар газетінде «DODA» ой-пікір алаңын ұйымдастырып, көптің назарын көкейкесті мәселелерге аударуды жөн көріп отырмыз. Сан түрлі сауал. Әрқилы жауап. Дүдәмал долбар. Оралымды ойлар. Келісті кесім. Ширыққан шешім. Бәрі-бәрі ой-пікір алаңында ашық айтылады.
Ал, бүгінгі талқыланатын тақырып жастарға арналған іс-шара­лар­дың төңірегінде болмақ.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ, «ARAI» жастар газетінің директор-Бас редакторы:
– Құрметті қонақтар, жастар газетінің «DODA» ой-пікір алаңына қош келдіңіздер!
Көзі қарақты оқырман қауымға жақсы мәлім, жастар басылымы ашылған күннен бастап облыс жастарының жаршысы ғана емес, жанашыры бола біліп, әуелгі бағытынан айныған емес. Осы уақыт аралығында газетіміздің араласуымен көптеген түйткілдің түйіні тарқатылды.
Жалпы, тізбелей берсек бүгінгі қоғамда жастарға қатысты шешімін күткен мәселе аз емес. Әсіресе, бүгінгінің жастарына жаңа заманның көшіне ілесетін кез әлдеқашан жеткен. Әрі-беріден соң, технология күн санап қарыштап дамып жатқан дәуірде жастарды таңғалдыру да қиын. Ал, таңғалдыру үшін жаңашылдық керек. Меніңше, жаңашылдықты жатсынбайтын жастар тәрбиелеу үшін ең алдымен жастар арасында есепсіз өткізілетін шаралардың форматын өзгертуден бастау керек тәрізді. Сіз бен біз бүгін осы өзекті мәселе төңірегінде ой қозғап, тығырықтан шығу жолдарын бірге қарастырып көрсек.
Мағжан ақын айтқандай, «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады». Бүгінгі басқосуымызға есімі елге елеулі ағаларымыз да қатысып отыр. Ендеше, әңгімеміздің әлқиссасын аға буынның айтар ойынан бастасақ.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, «Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы» аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Ең алдымен өзекті тақырыпты әңгіме арқауына айналдырып, аға буын мен жастардың басын қосып отырған газет ұжымына алғыс айтқым келеді. Өйткені, қоғамның тірегі де, болашағы да – жастар. Келешегімізді бүгіннен бастап ойламасақ, көп нәрседен ұтыларымыз анық. Қазір заман өзгерді. Ал, заман өзгерсе, талап та, талғам да өзгереді. Өмірде өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол – адамның құлқыны. Кез келген азаматтың кісі қызығарлықтай қызмет істеп, қыруар қаржы тауып, бақуатты ғұмыр кешкісі келеді. Қоғамды нарық билеген кезеңде арамызда «Ақшамен барлығын да сатып алуға болады», деп келте ойлайтындар да бар. Бірақ, мүлдем олай емес қой. Кез келген өркениетті қоғамның байлығы қап-қап алтынмен, бума-бума ақшамен өлшенбейді. Қоғамның ең басты байлығы – адам. Ал, қоғамның қозғаушы күші – жастар.
Осы орайда, мемлекет тарапынан жастары­мыз­ға барлық жағдайдың жасалып жатқанын айтпай кетуге болмайды. Өкініштісі – беріліп отырған зор мүмкіндіктерді пайдалана алмай жатқанымыз. Бұл тұрғыда жастар саясатындағы өзіме мәлім бірнеше мәселені атап өтсем. Мысалға, Жамбыл облысында 390-нан астам ғылым кандидаты, 90-нан астам ғылым докторы, 5-6 академик бар. Бірақ, бірде-бір саясаттанушы жоқ. Баспасөз беттерінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдардағы Жолдауларын, мемлекеттік бағдарламаларды қолдап-қолпаштағаны болмаса, халыққа егжей-тегжейлі түсіндіріп, талдап жазған саясаттанушыны көргенім жоқ. Бұл мәселені неге көтеріп отырмын? Осы уақытқа дейін «Жамбыл облысының жастары не ойлайды, арманы не, қандай қажеттіліктері бар?» деген сынды ешқандай саясаттанушының талдамалық мақаласын оқыған емеспін. Осы жайтқа қарным ашады.
Енді еңбек шартына байланысты. Қазір Тараз қаласының өзінде орта есеппен 500-ге жуық мейрамхана бар. Ал, онда қаламыздағы оқу орындарының студенттері жұмыс жасайды. Бұл жағдайды осында отырған әрқайсысымыз көріп жүрміз. Сол жастардың ешқайсысында еңбек шарты жоқ. Құдай бетін әрі қылсын, ертеңгі күні өрімдей даяшы қыз немесе жігіт оқыс оқиғаға тап болса, кім жауап береді?! Мейрамхана иесі жауап береді деп кім айтты? Міне, мәселе қайда? Осы бір түйткілді шешу мақсатында облыстық кәсіподақтар орталығы бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Тағы бір мәселе, осыдан бірнеше күн бұрын жұмысыма жас ақындар келді. Облысымызда республикалық деңгейдегі кеш өткізбек екен. Сөздерінің ыңғайына қарасам, бір-екі жігіт қана әлгі шараның жұмысымен шапқылап жүрген көрінеді. Осы сәтте, бір сұрақ туындайды. Жастармен жұмыс жасайтын басқарма, қоғамдық ұйымдар қайда? Мұндайда «Жалғыздың үні шықпайды» дейді дана халқымыз. Яғни, жалқыдан жалпыға көшетін кез жетті. Жастардың бірлігі керек. Ал, бірлігіміз болмаса, берекеміздің қашатыны бесенеден белгілі емес пе?
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Талғат Байғараұлы, бұл мәселе бойынша сіздің қандай алып-қосарыңыз бар? Айтылған кемшіліктерді ретке келтіру мақсатында сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылуда? Тағы бір сұрақ, жыл сайын бір форматта өткізілетін шараларыңыз биыл да жалғасын таба ма? Жалпы, аты бөлек болғанымен, заты бір шаралардың кімге қажеті бар?
Талғат ШАЙХИЕВ, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры:
– Негізі шаралар бір мезеттік, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болып үшке бөлінеді. Бізде осы уақытқа дейін бір мезеттік шараларға айрықша көңіл бөлініп келген. Дейтұрғанмен, бір мезеттік шараларды да мүлдем ұмыт қалдыруға болмайды. Арагідік ұйымдастырып тұру қажет. Себебі, әр салада жемісті қызмет атқарып жүрген жастардың басын қосып, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау керек. Ал, қазіргі таңда орта және ұзақ мерзімдегі шараларға бар күшімізді салып жатырмыз. Өйткені, бір мезеттік шаралардан ешқандай нәтижеге жету мүмкін еместігіне өзіміздің де көзіміз жетті. Мәселен, бір-екі сағатқа созылатын шаралар емес, түрлі бағытта семинарлар өткізетін боламыз. Ал, флешмоб сынды дүниелерді өткізуді бір жылдан бері мүлдем доғардық. Яғни, қатып тұрған сеңді бірте-бірте бұза бастадық.
Рас, кейде кемшіліктер орын алады. Дайындыққа байланысты немесе басқа да жағдайлар себеп болып, ұйымдастырылған шара төмен деңгейде өтуі мүмкін. Бірақ, бір-екі шараның деңгейіне қарап басқарманың немесе жастар саясатында жүрген белсенділеріміздің қыруар жұмысын жоққа шығаруға және болмайды.
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Түсінікті. Биылғы жылы «Профи» байқауын өткізу жоспарларыңызда бар ма? Мұны сұрап отырған себебім, он-он бес белсенді жастың басын қосып, «Профи» тәрізді байқауларды өткізуден не ұтамыз? Оған қыруар қаржы бөлінеді дегендей…
Талғат ШАЙХИЕВ:
– Жалпы, «Профи» байқауын өткізудегі мақсатымыз – кәсіптік білім алып жатқан жастардың басын қосып, үздіктерін анықтау. Мұндай байқаулар да керек. Себебі, шаштараз, аспаз сынды кәсіп иелерін де насихаттау қажет. Биылдан бастап дәнекерлеуші жастарымыз да байқау барысында бақ сынайтын болады. Ең бастысы, аталмыш кәсіп түрлерін меңгерген жастар арасында қызығушылық өте жоғары. Яғни, біз өздігімізбен мұндай қадамға барып отырған жоқпыз. Жастардың талғамымен санаса отырып, тиімділігіне қарай ағымдағы жылы да өткізетін боламыз.
Айдархан СИХАЕВ, Қазақстан Суретші­лер одағы облыстық филиалының төрағасы:
– Жастар байқаулары дегеннен шығады. Кейде басқарманың бейнелеу өнеріне байланысты байқауларына төрағалық етемін. Мекеменің мамандары байқау өтерден бір күн бұрын ғана хабарласып, шараға төрағалық етуімді әрі қазылар алқасының құрамына адам тауып беруімді өтінеді. Бұдан шығатын қорытынды, шаралар атүсті ұйымдастырылады. Тек есеп үшін ғана. Жанашырлықпен қарап жатқан ешкім жоқ.
Одан кейін, жылына әртүрлі бағытта кемі он шақты байқау өткізіліп жатады. Бірақ, сол байқаулардың жеңімпазы сол күні-ақ ұмытылып кететіні өкінішті. Жеңімпаз атанды болды, ол өз жөнімен кетті. Неге үнемі назарда ұстап отырмасқа?! Мейлі, жүзден жүйрік шыққан жас әнші дейік. Кейін де сол жаспен тұрақты байланыс орнатып, республикалық, халықаралық додаларға қатысуына мүмкіндік жасасақ, қандай керемет болар еді. Өкінішке қарай, бұл жағы кемшін түсіп жатқан жайы бар.
Айнұр РАХЫМБАЕВА, Шу аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры:
– Дұрыс айтасыздар. Жастар саясатында әлі де жүйелей түсетін жұмыстар көп. Осы орайда, Шу ауданында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, өз тәжірибемізбен бөліссем. Мәселен, ауданда ардагерлер мен жастар арасында берік байланыс орнатылған. Аға буын өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Сондай-ақ, үнемі жастарымыздың қызығушылығын білмек ниетте сауалнама жүргізіп отырамыз. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жастар спорттық жарыстарға бейім. Сондықтан да, замандастарымызбен санаса отырып, мейлінше спорттық шараларды көбірек өткізуге тырысамыз. Жастардың бірлігін бекемдей түсу мақсатында «В контакте» желісінде арнайы топ ашылған. Аталмыш топқа 22 мыңға жуық жас тіркелген. Топқа аудандағы жастарға қатысты хабарламалар, тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол әңгімелерді жариялап отырамыз. Сонымен қатар, үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындарымызды насихаттау мақсатында жаңа форматта табиғат аясында шаралар өткіземіз. Сонда байқағанымыз, бұрынғы таптаурын болған шаралардан өзгеше бір нәрсе өткізсек, жастар өз еркімен ағылып келеді.
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Иә, жастардың санасына сілкініс жасау үшін жаңашылдыққа бару керек. Осы орайда, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожаны әңгімеге тартқым келіп отыр. Қателеспесем, Серікбол Қайратұлы, «Саналы Talks» жобасы аясында бүгінге дейін бірнеше кездесу өткізіп үлгердіңіздер. Мұндай жобаны қолға алу туралы ой қайдан келді?
Серікбол БЕРІКҚОЖА, «Жамбыл облыс­тық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының басқарушы директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты:
– «Саналы Talks» жобасы 2016 жылдан бері өтіп келеді. Одан бөлек, аталмыш жобамен үндес «Қоғамдық лекция» атты тағы бір жобамыз бар. Екі жобамыз да еркін форматта өтеді. Көрермен ретінде қатысамын деушілерге есігіміз әрдайым ашық. «Қалайда қатысу керек» деп ешкімді міндеттемейміз. Себебі, біздің мақсатымыз – 150-200 орынды мәжіліс залдарын толтыру емес. Мейлі екі адам, үш адам қатыссын, ең бастысы келген адам шарадан ой түйіп қайтса болғаны. Алдағы уақытта қос жобамыз аясында елімізге белгілі тұлғалармен кездесу өткізу жоспарымызда бар.
Дәл қазір жол нұсқап, жөн сілтер ағаларымыздың, жастар саясатында жүрген достарымның пікірін тыңдай келе, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қызылордадағы сапарым есіме түсіп отыр. Сонда Қызылорда облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев өңірдегі жастардың тыныс-тіршілігімен, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Басқарма басшысының айтуынша, облыста тек жастар басқармасы ғана бар екен. Жылдық іс-шараларына 3 миллион теңге бөлінеді. Жастар басқармасы өз алдарына жеке екі қабатты ғимаратта отырады. Ал, онда барлық жағдай жасалған. Өңір жастарының кез келген уақытта бас қосатын құтты шаңырағына айналған. Ал, бізде қалай?! Қалада, аудандарда барлығы 12 орталық бар. Қаншама қызметкер жұмыс істейді. Бір шараға кемінде 3 миллион теңге бөлеміз. Осыдан-ақ, өздеріңіз салыстырып көріңіздер.
Енді алдағы уақытта не істеу керек? Осы орайда, өзімнің бірнеше ұсыныстарымды да айта кетуді жөн көріп отырмын. Меніңше, көше және аула ойындарын дамыту керек. Кезінде облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп аула ойындары жобасымен айналыстым. Сонда қаланың өзінде аула ойындарына 100-ден аса жас қатысуға ниет танытты. Яғни, жастарда қызығушылық бар. Тек жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, жұмысты жүйелей білу керек. Сол сияқты қаламыздағы жастар көп жүретін орындарда «Караоке party» ашса тамаша болар еді. Міне, осы дүниелерді жаңа формат ретінде енгізсек, ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Исламбек ДАСТАН, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, блогер:
– Шынымды айтсам, айтып жатқан­дарыңыз көңіліме аса қонып жатқан жоқ. Күніге айтылып жүрген, құлақ жауыр болған жаттанды дүниелер. Біз ең басты мәселені ұмыт қалдырып бара жатырмыз. Жастарға не керек? Мәселе осында. Жастарға ең алдымен жұмыс, баспана керек. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі толқулар болып жатыр. Саралап қарасақ, көп жағдайда ел ішіндегі дүмпулерге жұмыссыз жастар себеп болады. Яғни, жастардың жұмыссыздығымен күресу күн тәртібінен ешқашан түспеу керек. Мұны, бір деңіз. Екіншіден, жастардың несие алмайтынын айтып көп жазғырамыз. Білгенге несие алу – нағыз азап. Ал, төлеу одан өткен азап. Үшіншіден, неге Тараз қаласындағы халық саны 350 мыңнан аспайды. Себебі, көптеген талантты жастарымыз шетел асып кетіп жатыр. Бір ғана мысал айтайын, Таразда туып-өскен Қайрат Әшім есімді жерлесіміз төрт жыл АҚШ-та оқып, қазір сол жақта еңбек етуде. Келешекте жан-жақта жүрген жастарды облысымызға тартуды ойластыру қажет.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН:
– Исламбек, халық санына байланысты айтқан ойыңмен толықтай келісемін. Рас, жастардың барлығы еліміздің түкпір-түкпіріне, одан қала берді шетелге лек-легімен кетіп жатыр. Бір жағынан бұған қуануымыз керек. Себебі, Жамбылда талантты, зерек жастар көп. Бұл сөзімді ешкім жоққа шығара алмайды. Мәдениет, спорт салаларында жұлдызы жоғарыдан жарқырап жүрген жерлестеріміз жетерлік. Бірақ, ешбірінің елге келгісі келмейді. Дегенмен, біз келтірудің жолдарын іздестіруіміз керек. Халық санына осы жағдай кері әсерін тигізіп тұр.
Серікбол БЕРІКҚОЖА:
– Исламбектің халық санына байланысты айтқаны айна қатесіз шындық. Бірақ, әлеуметтік мәселелерге қатысты пікірін орынсыз деп есептеймін. Себебі, жастардың баспанасыз күн кешуі, жұмыссыздық сынды мәселелер бұған дейін де болған. Болашақта да бола береді.
Жәнібек МЫРЗАЛИЕВ, Жуалы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры:
– Қазір облысымызды былай қойғанда, республикамыздың түкпіріндегі шағын ауылдың жаңалықтарынан хабардармыз. Себебі, ақпараттар қолжетімді. Әлеуметтік желіні ашсаңыз, алуан түрлі ақпараттар толып жүр. Ал, бұдан он-он бес жыл бұрын олай болған жоқ қой. Халық тек баспасөз және телеарналар арқылы жаңалықтармен танысатын. Сондықтан, анау жоқ, мынау жоқ, деп дабырайтудың қажеті шамалы. Мүмкіндігінше себеп-салдарымен күрессек.
Сондай-ақ, Исламбектің несиеге байланысты айтқанымен келісуге де, келіспеуге де болады. Олай дейтінім, рас, несие алудың машақаты көп. Бірақ, несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастар да бар емес пе? Жуалы ауданының өзінде мемлекеттік бағдарламаларға қатыса отырып, несие алушы жастардың қатары жыл санап артып келеді.
Осында «Үздік ресурстық орталық», «Үздік жас маман» деген сынды байқаулар керек пе?» деген сынды сұрақтар туындап жатыр. Меніңше керек. Өйткені, мұндай байқаулар жастарға талпыныс береді. Бір-бірімен тәжірибе алмасып, шыңдала түседі. Дегенмен, бей-берекет өткізе беруге және болмайды. Қатысушы мен келген көрерменнің игілігі үшін ұйымдастырылса құба-құп.
Уәлихан БОЛАТБЕК, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы:
– Дәл қазіргі жағдайда біздің жаңа форматқа көшуіміз қиын тәрізді. Неге? Мәселен, аудандық жастар орталықтарының директорлары күніне кем дегенде әкімнің қатысуымен өтетін 3-4 жиынға қатысады. Облыстан келіп жатқан тау-тау қағаздар бар. Оған отбасылық мәселесін қосыңыз.
Бір сөзбен айтқанда, күні қарбаласқа толы. Мұндай жағдайда қанша тоқпақтасаң да, жаңалық шықпайды. Жаңалық жасау үшін ең алдымен мүмкіндік жасау керек. Жуырда ғана Әлібек есімді жерлесіміз «Google» компаниясына барып қайтты. Аталмыш компанияда жаңашылдықты ойлап табатын арнайы мамандары болады екен. Басқа жұмыстарға саусағының ұшын да қимылдатпайды. Барлық жағдайын жасап тастаған. Жаңашылдыққа бару үшін бізге не істеу керектігін осыдан-ақ түсінуге болады.
Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, көптен бері ойымда жүрген мәселелерден сіздерді де құлағдар етсем. Біріншіден, қаланың өзінде жастармен жұмыс жасайтын үш бірдей мемлекеттік мекеме бар. Қарап тұрсаңыз, атқаратын жұмысы бір. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келмесін десек, үшеуінің жұмысын бір арнаға тоғыстыратын кез келді. Екіншіден, облысымызда жастар саясатына бөлініп отырған қаражат өте аз. Үшіншіден, облыс орталығында жастар бас қосып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құратын орын жоқ. Төртіншіден, мемлекеттік сатып алуда да шикіліктер өте көп. Бұл мәселені неге көтеріп отырмын? Мәселен, Ақтөбе облысының «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысын жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырысты шымкенттік мекеме ұтып алған. Бұл мәселе біздің облысымызда да бар. Бесіншіден, жастар басқармасының, қаладағы орталықтардың отырған ғимараттары тым қолайсыз. Жастар басқармасы Желтоқсан көшесіндегі бұрынғы жатақхана болған, қазіргі әкімшілік ғимараттың алтыншы қабатында отырса, Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» «Қаратау» ықшамауданында орналасқан. Егер жастардан жаңашылдық күтер болсақ, ең алдымен аталған мәселелерді шешіп беруден бастаған жөн секілді.
Айнұр РАҚЫМБАЕВА:
– Әрине, кемшіліктердің айтылғаны дұрыс қой. Алайда, қалаға айрықша назар аударылып, аудандар ұмыт қалып кетпесе екен дегім келеді. Ауданда да жұмысымызға кері әсерін тигізетін жағдайлар орын алып тұрады. Мысалы, кейде автокеруендер, семинар өткізушілер бірінен кейін бірі ағылып келіп жатады. Амал жоқ, бар жұмысты ысырып қойып, жайылып жастық, иіліп төсек болуға тура келеді. Айтқым келіп отырғаны, автокеруен құрамына, тренерлерге көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ секілді. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасын Еркебұлан Құралбаев басқарып тұрған кезде ауданымызға семинар өткізуге жастар келді. Шыны керек, түр-түсін танымайтын, олпы-солпы киінген жігіттер сағаттап уақытымызды алып, жөнімен кете барды. Не айтқандары өздеріне ғана мәлім. Керісінше, жастарға үлгі боларлық, қоғамды пәтуалы сөзіне ұйыстыра алатын тұлғалар келсе қуана-қуана қарсы алар едік.
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
–Ал, Тараз қаласында жаңашылдыққа ұмтылыс ретінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Жансая БАБЫҚБАЙ, Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ақпараттық-мониторинг секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы:
–Қазір қала жастарымен жаңа форматтағы іс-шаралар өткізуді жоспарлап, жүйесін жасап жатырмыз. «Темірқазық» жобасы аясында 7 мемлекеттен еріктілер шақырылды. Бұйыртса, осы маусым айының аяғында Еуропаның бірқатар мемлекеті мен АҚШ-тан еріктілер келмек. Ондағы мақсат – бір-бірімізбен тәжірибе алмасу, олардың бізге тиімді, керек-ау деген үлгілерін жұмыста пайдалану. Одан бөлек, Рамазан айы біткен cоң Тараз қаласында «Шашлық fest» фестивалін ұйымдастырып, өткізуді жоспарлап қойдық. Ол үшін қаладағы кәуап дайындайтын білікті әрі жас аспаздарды тартып, тұрғындарға дәмді, өзі арзан кәуап ұсынбақпыз. Әрине, кәуап қолжетімді болу үшін оған шамамен 300 теңгенің төңірегінде әлеуметтік баға белгілемекпіз. Мұндай шара бұрын-соңды болмағанын сеніммен айта аламын. Бұл ретте, біз жастардың шағын кәсіппен айналысуына мүмкіндігінше жағдай жасап, табысқа жетуіне жол көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар, жастар арасындағы бизнестің аяқ алысын алшаң бастыру үшін халықаралық бизнес-инкубаторлармен де байланыс орнатып, мүмкін болса мамандарды Таразға шақыртып, олай болмаған жағдайда бейнеконференция арқылы жұмыс жүргізбекпіз. Бұл жобаның негізгі контингенті мектептің жоғары сынып оқушылары болмақ. «JAS PROJECT» республикалық жобасы шеңберінде «Аналар үйімен» де қарым-қатынас орнатып, ондағы жастардың жобаға қатысуын қамтамасыз етпекпіз.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН:
– Айнұр Рақымбаеваның айтқанынан тағы бір мәселенің шеті шығады. Мысалға аудандарда, қалаларда өтетін іс-шараларда аудитория құрамына да көңіл бөлу керек. Кейде араға бірнеше айлар салып, бір мекемеде үш-төрт мәрте әр тақырыпта семинар өткіземіз. Сонда алдыңда отырған тыңдаушылардың ешқашан өзгермейтініне көзім жетті. Тіпті, түрлерін жаттап аласың. Яғни, санаулы саналы адамдарға лекция оқып жүрміз. Жастар осы сынды жасандылықтан бойларын алшақ ұстау керек.
Жалпы, бүгінгі басқосуымыз барысында көп жерде айтыла бермейтін өткір ойлар қозғалды. Кейде жастардың бойынан өткірлікті көре алмай жатамыз. Жастарға қарата айтарым, кез келген нәрседен ой қорыту керек. Дүниенің соңында кетіп, адами қасиеттерден арылып қалмаған жөн. Адалдықтың ақ туын биік ұстап, шындықтың жүзіне тура қарау қажет. «Шындық-қылыш. Не қолыңды кеседі, не жолыңды кеседі». Жаттанды дүниеден бойды қашық ұстаған абзал. «Аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешпей, жастар топтаса білсе, ұтарымыз көп болмақ.
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Мейрамбек Мылтықбайұлы, жастардың жігерін жанып, намысын қайшылаған осы бір орамды ойларыңызбен бүгінгі кездесуімізді тәмамдасақ. Алдыңғы толқын ағаларымыздың, жастардың айтарына құлақ түрдік. Егер де сіздер көтерген мәселелер бойынша алдағы уақытта нақты жұмыстар жүргізілсе, жастар саясатында соны серпіннің орын алатыны айдан анық. Сайып келгенде біз бүгін талайлар жүріп өткен ескі сүрлеуден шығып, жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жолға түсетін кез жеткенін түсіндік.

Сырт көз

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, облыстық «AQ JOL» газетінің директор-Бас редакторы:
– Әлеуметтік желі арқылы «ARAI»-дың «DODA» айдарын тікелей эфирден бақыладым. Көтерген мәселе өте дұрыс. Жуырда облыстық статистика департамен­ті­нен Тараз халқының санына байланысты мәлімет алдым. Департаменттің мәліметіне сүйенер болсақ, 1998 жылы облыс халқының саны 900 мыңға жуық болса, Тараз қаласы тұрғындарының саны 333 мыңды құраған екен. 2017 жылғы халық санын көргенде шынымды айтсам көңілім алабұртып, өз көзіме өзім сенбей, парақтағы цифрларға қайта-қайта қарай беріппін. Осы уақытқа дейін облыс халқы 125 мыңға, тараздықтардың саны 25 мыңға ғана көбейген. Біз неге көбеймейміз?! Мұның бір ғана себебі бар. Облыстан көшіп кетушілер көп. Тиісінше өңірімізге қоныс аударушылар жоқ десек те болады.
Қанша ойлансам да жанымды жегідей жеген сұрағыма жауап таба алмадым. Облысымыздағы небір талантты жастар неге басқа қалаларға, шетелге сонша құмар? Басқа қалада берілетін пәтер бізде де бар. Жамбылда жүріп те шаңырақ көтеріп, тіршілік жасауға болады ғой. Алысқа бармай-ақ өзімді мысал етіп алайыншы. Қызмет бабымен немесе басқа себеппен Алматы, Астанаға кетіп қалғанымда мүмкін қазіргіден де үлкен жетістіктерге жетіп, құрмет-қошеметтің ортасында жүрер ме едім. Шүкірлік етем, алақандай Таразымда жүріп те көштен қалып жатқан жоқпын.
Сондықтан, жастардың бойындағы туған жерге, қаласына деген махаб­ба­тын оятуымыз керек. Бұл орайда отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Ата-ана дұрыс тәрбие бере алмаған жас­тан жақсы нәтиже күтуге болмайды. Әйтпесе, бүгінгі жастар бақытты. Өткен жыл­дарға шегініс жасасақ, кезінде дәл қазіргідей мүмкіндіктер болған жоқ қой. Ал, қазір мемлекет қолымызға «балық бермей, қармақ беріп» бар жағдайды жасап беріп отыр. Тек мол мүмкіндіктерді пайдалана біліп, жұмыс жасауымыз керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының еңбек жолына зер салыңыздаршы. Көптің бірі болып қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастады емес пе? Тағы бір мысал, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров қазір облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры. Осы қызметке тектен-текке отырғыза салды ма? Жоқ. Өз-өзін дәлелдей білді. Шүмектеп терін төкті, ал қазір жемісін көріп отыр. Айтқым келіп отырғаны, «тамыр-танысы көптердің ғана мүмкіндігі бар» деген түсініктен арылу керек. Санамызға әбден сіңіп қалған осы қағидаға қарсы жұмыс жасау керек. Айта берсе, қарапайым отбасыдан шығып, бүгінде есімі ел аузында жүрген тұлғалар жетерлік. Өзім де 8 жасымда әкеден айырылып, жалғыз әжемнің арқасында осы деңгейге жеттім. Әжем бетімнен қақпады. Еркін өстім. Егер кітап оқып, өз-өзімді тәрбиелемегенімде кезінде бұзақылардың қатарына қосылып, мүлдем басқа жолға түсіп кетер ме едім. Сондықтан, жастарымызға «сана берсін» дегім келеді. Ал, саналы, әрбір іс-әрекетін ой таразысында таразылай білетін жастан жамандық шықпайды.

ОЙТҮЙІН

Міне, бір ғана мәселе төңірегінде қаншама тұшымды ойлар айтылып, пікір қайшылықтары орын алды. «DODA» қонақтары пайымды пікірлерін де білдіріп, айтылар сынды да бүгіп қалмады. Халқымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп тауып айтқан. Себебі, жұмыс болған жерде сынның жүретіні айдай ақиқат. Ендеше, жастар мәселелері төңірегіндегі редакцияның ой-пікірі осымен тоқтамақ емес. Біз бұл тақырыпқа ауық-ауық оралып, мамандардың айтар ойын оқырманмен алдағы уақытта да бөлісіп отырмақпыз.

ПІКІР