Аты-жөнімізге қосымша жалғануы қажет пе?

0 40

Ұлттық құндылықтар туралы тақырыптарымыздың өзегінде не ары өтпей, не бері кетпей кептеліп тұрған жанды жараның бірі– тегіміздің таза қазақша жазылмауы.

Аты-жөнімізді құжат бойынша қазақшалау әлі күнге дейін бір ізге түспегені бәрімізді қынжылтады. Бір ізге қойылмаған істің берекесі болмайды. Бірізділікпен жасалмаған жұмыстың басы бар да, аяғы – жоқ. Бірізділікке түспеген тірліктің тірелетіні – тұңғиық, барар жері – құрдым. Бірізділік жоқтықтың кесірінен жан-жағымызда берекесіздікке ұшырап жатқан ататек (фамилия) туралы жағдаяттар жиі кездеседі.
Төлқұжат пен туу туралы куәліктерде «-ов» пен «-ова» алып тасталынғанмен де, ол азаматтың әйел не ер екендігі туралы, яғни жынысы жөнінен шатасулар көптеп орын алуда.
Бірде таныс жігіт маған «Үміт әпке, мектеп жасындағы ұлым мен қызымның фамилиясына қайтадан «ов» пен «ованы» қостыруға мәжбүр болдым» деді. Өзі ұлтын тым қатты сүйетін-ақ азамат еді, бұл сөзіне алғашында аңтарыла қарадым.
– Ұлымның бұзықтығын айтып жамандаған сайын аты мен атасының тегін күнде шатастыратын мұғалімдердің марқұм әкемнің руxына тіл тигізетіні жаныма өте батты. «Мұрат оңбайды. Мұрат оңбайды» дейді. Туу туралы куәлікте балам «Бақыт Мұрат». Мектеп журналында «Мұрат Бақыт» қып жазады екен. Сөйтіп, күнде әкемді «боқтатып», жаным қиналды, – деді ол әзіл-шыны аралас жүзін мұң көлегейлеп. – Ал Қанат Мұрат атты қызымды ер бала екен деп те қалады кейбіреулер…
Менің өзім де әлеуметтік желідегі фейсбуктес Мерей Демеу деген досымның 1966 жылғы келіншек екенін кейін білгенімді айтып, әлгі бауырымды жұбатқан болдым. Оның алдында ол адамды ер-азамат шығар деп қателесіп жүргенімді айтып, езу тарттырдым…
Расымен де тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Шерxан Мұртазаев ағамыздың Шерxан Мұртаза болғанын, Қадыр Мырзалиев ақынның Қадыр Мырза-Әли болғанын қазақтанатын болдық, қазақтану басталды деп, қуана xош алдық. Өйткені ол кісілер танымал жандар еді, есімі мен ататегі бүкіл елге былай да белгілі-тін. Орысша жұрнақтар алынса да, олардың аты қайсы, тегі қайсы екенін екінің бірі білді.
Сондай-ақ мысалға айталық, Марфуға Айтхожа, Гүлнәр Салықбай ақындардың да есімін ешкім шатастырмайды. «Марфуға», «Гүлнәр» деген есім қазақта тек қыздарға ғана тән ат.
Дәстүрімізде ұлға да, қызға да бірдей қойылып келе беретін жоғарыдағы күлкілі жайттағыдай Қанат, Жанат, Ризат, Еркін, Ерсін, Бақыт, Манат, Ақниет, Тұрсын, Жайлау, Сағадат, Сағыныш, Жұбаныш, Қуаныш, Бағлан, Мерей, Жеңіс, Мейрам, Баян, Айтжан, Айжан секілді көптеген есімдердің бар екенін ескерсек, әлгіндегідей шатастырулардың орын алуы да заңды.
Ал осы келеңсіздіктен шығудың жолы біздің елімізде «әлі қарастырылуда».
Ол әлі қанша жыл «қарастырылатыны» белгісіз.
Қазақтығымызды көрсеткіміз келіп, ұлтжандылығымызды жан-тәнімізбен танытқымыз келіп, біреуіміз «Үміт Битенұрпағы», біреуіміз «Үміт Дәулеткеліні», енді біріміз «Үміт Қыранәулеті», «Үміт Битентегі», «Үміт Қыранқызы» деп қол қойып, аты-жөнімізді қазақшалаған болып талпынып жүргенімізбен, қазіргі ресми құжат тәртібінен ары асып кете алмаймыз. Ал ресми құжаттың заң бойынша толтырылуы жоғарыдағыдай болғандықтан, енді бұдан ары қарай сын көтермейді.
Біздің ұлтымыз ататегімізден бірден аңғарылып тұруы үшін ататегімізге міндетті түрде қою қаймақты қазақылығымыздың иісі шығып тұратын бірден-бір қосымша ойлап табуымыз қажет. Әрине, ойлап табу деген сөз аспаннан ала салып, ойдан шығара салу дегендік емес. Көп түкірсе – көл. Сөзжасам заңдылықтарына сүйене отырып туғызылған немесе ұсынылған қосымшалардың бірі болмаса бірінің фамилиямызға ұлттық реңк беруде бағы жанып кетсе, қанеки.
Осы турасында бір-екі пікірден тұратын өз ойымды іркімей ортаға салып отырмын.
Бұл жерде ататегімізді, айталық, «Үміт Қыранқызы» немесе «Ербол Дәулетұлы» деп екі-ақ атаудың тіркесінен тұратын етіп жазу жайлы ұсынысты жұрттың басым көпшілігі қолдай бермейтіндігін ескерейік.
Өз шежіресіне терең, байыппен қарайтын, кемінде жеті атасын жатқа біліп өсетін ұрпағы бар біздің қазақ нәрестенің төлқұжаты мен паспортына ең болмағанда атасы мен әкесінің аты қоса жазылғанын қалайды. Өйткені әулеттің үлкені – асқар тау әке, Жаратқан Иесі аман-саулық берсе, көзінің тірісінде өз кіндігінен тараған белбаласын және немере, шөбересін көріп үлгеретін ғұмыр жасайды. Сондықтан балалы болған жас ата-ананың өз сәбилерінің есіміне атасының, яғни үлкен әкесінің есімін тіркемей, аттап кетіп, қалдырып, өз атын ғана ататек қылып беріп, жаза салуы ілуде бір амалсыздықтың шарасынан болмаса, кездесе бермейді. Тектіліктің де бір ұшы осында жатыр.
Сонымен, менің ұсынатын нұсқам:
– ер-азаматтардың ататегіне «-тегі» деген сөзді жалғау;
Бұл сөз қазір де ерлер не әйел баласы тарапынан ішінара қолданылып жүр. Алайда жалпылама анықтауға келгенде, ол адамның жынысын ажырату жөнінен тағы да сол дағдару туындайды. Сондықтан «-тегі» деген қосымшаны тұқым жалғастырушы ұрпақ ретінде еркек жыныстыларға ғана еншілеп бергеннен ұтылмас едік;
– әйел азаматтардың ататегіне шығыс септік жалғауын жалғау немесе «кімдікі?» деген сауалға жауап беретін сөздің жұрнағын, қосымшасын жалғау;
Сонда мысалы, менің аты-жөнім «Үміт Қыранқызы Битеннен» болады немесе «Үміт Қыранқызы Битендікі». Ал інім «Арман Қыранұлы Битентегі» болады.
Әке атын керек етпейтін құжаттарда: әйел жынысты фамилия «Үміт Битеннен» немесе «Үміт Битендікі», ал ер жынысты фамилия «Арман Битентегі» болады.
Тіпті көп жерде, айталық, әлеуметтік салаларда, ауруxаналар мен емxаналарда, штаттық, тарифтік кестелерде, айлық жалақы толтырылатын ведомстволарда, үлкен-кіші білім мекемелеріндегі күнделікті тізбе жұмысы жүйелі жүргізілетін журналдарда есім көбіне бас әріппен ғана белгіленеді. Мұндайда: «Ү.Битеннен» немесе «Ү.Битендікі» деп толтырылса– адамның әйел жынысты екендігі, «А.Битентегі» деп тұрса – ер адам екендігі бірден анықталынып тұрар еді.
Біреулерге күлкілі, біреулерге қызық көрінер. Кейбіреулер бұл үлгімді жақтырмауы да мүмкін. Қанша адам болса сонша пікір. Қарсылығым жоқ.
Ендеше, өз ұсынысыңызды айтыңыз.
Өйткені қалайда «фамилиямызға» қосымша жалғанғаны жөн.

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.