Атымтай жомартты сый-құрмет өзі іздеп табады

0 25

Жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық «Қайырымдылық керуені» конкурсына биыл облысымыздан 42 үміткер қатысып, бесеуі жүлдеге ие болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған конкурс «Хабар» және «КТК» телеарналарының қолдауымен биыл үшінші рет өткізілді.

Жамбыл облысынан қатысушылардың ішінде «Туған жер» аталымы бойынша ІІ орынды «Аl-tais Group» серіктестігінің директоры Әлімбек Жұмабаев, «Асар» аталымымен «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығы жастар клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Разақова ІІІ орынды, «Мейірім жолында» аталымымен облыстық полиция департаментінің аға инспекторы,
9 баланың анасы Диляфруз Кенжеханова және «Қамқор жүрек» қоғамдық қорының құрылтайшылары Виктория Шарбану мен Элизабет Турнок ІІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар облысымыздан қатысқан 38 конкурс лауреатына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаеваның Алғыс хаты мен естелік сыйлық тапсырылды. Еңбегі еленіп, марапатталғандар қатарында қайырымды істі халыққа кеңінен насихаттап жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де бар.
Марапаттау сәтінде барша қатысушыларды құттықтап, ізгі лебізін білдірген облыстық іскер әйелдер ассосациясының төрайымы Меруерт Лештаева:
– «Жақсылық жариялаған сайын көбейеді, қуаныш бөліскен сайын еселенеді» дейді дана халқымыз. Бұл конкурстың да мақсаты – қайырымдылықты ел арасында кеңінен таратып, басқаға жанашыр мейірімді жандардың қатарын көбейту. Біз халық арасынан марапаттау үшін жомарт жандарды іздегенде көбі «Жасаған жақсылығымды елге жариялағым келмейді», деп асқан адамгершілік танытты. Алайда бұл мақтаныш үшін емес, игі істі кеңінен тарату үшін екенін баса айтқымыз келеді, – деді.
Салтанатты шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.