Атыңнан айналайын, асыл жандар…

0 0

Халқымыз ежелден-ақ қыз баласын жатжұрттық деп сыйлап, болашақ ұрпақ жалғастырушы ана ретінде құрметтеп, төрге отырғызады. Маңайын жұпарға бөлеп, көрген көзді сүйсіндірер гүлге теңеп, сұлулықтың символына балайды. Сол құрметке лайық өмірінде өнеге өрнегін көрсеткен аналарымыздың есімі ұрпақ есінде жаңғырып, кейін ауылға аттары берілді. Айталық біздің облыста Айша бибі, Әлжан ана, Мақпал деп аталатын ауылдар бар.

Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылынан оңтүстікке қарай 22 шақырымдай жерде орналасқан ауылға Айша бибі есімінің берілу себебі айтпаса да белгілі. Қазақ қызы атына лайық адалдық, ізеттілік, қайсарлық танытқан Айша арудың кесенесі де сонда. Бүгінде бұл ауылда 5364 адам тұрады.

Ал, Әлжан ана аты Қордай ауданындағы Қасық ауылына 2018 жылы берілген болатын. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс шақырылған 16-сессиясында Қасық ауылына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының есімін беру туралы мәселе көтеріліп, облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік «Бұл бастама Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сәйкес келіп отыр. Жамбыл облысында елге үлгілі аналар ғұмыр кешкен. Әйел адамдардың орны ерекше» деп пікір білдірген еді. Мұндағы мақсат та кейінгі жастарға ұлағатты ананы үлгі ету, есімін ел есінде қалдыру.
Бұл ауылдар жөнінде облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ономаст, ғалым Зиба Құламанова:
– Әрине, жер-су аттарына кім көрінгеннің есімі беріле бермейді. Әсіресе мен комиссияның отырыстарында тұрғындардан түскен ұсыныстардың астарынан негіз іздеймін. Кейбір жауапты мамандар ұсынылған есімді өткізу үшін ғаламтордағы аздаған мәліметтерді бере салады. Бірақ, ол жарамайды. Себебі ол жер-су атына берілгендіктен, нақты негізі, ел есінде қаларлықтай мән-мағынасы болуы керек. Қордай ауданындағы Қасық ауылына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының есімін беру ұсынылғанда, ол кісінің қазақ еліне көшбасшы бола білген парасатты ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелегеніне мән берілді. Елбасының ел өркениетіне сіңірген еңбегі ерен екенін барша жұрт біледі. Сондай перзентті дүниеге әкелген ананың туып-өскен ауылына есімінің берілуі құптарлық шешім.
Аса өзенінің аңғарына орналасқан Айша бибі ауылы ертеректе де солай аталған екен. Ауыл тұрғындарының ұсынысына орай, ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1991 жылғы 5 тамыздағы №751-ХІІ Қаулысы бойынша Головачевка ауылының атауы өзгертіліп, Айша бибі ауылы болып аталған, – дейді ғалым.

Сол секілді Тұрар Рысқұлов ауданындағы Мақпал ауылы қазіргі Қайыңды ауылдық округіне қарайды. Ел ішіндегі әңгімеге сүйенсек, ертеректе осы аймақты мекендеген байдың Мақпал есімді қызы болыпты. Байзақ датқаның батыр ұлымен көңілі жарасып, қос ғашық қосылуға ниеттенген. Алайда, қызының сүйгені әке көңілінен шықпай, қарсылық туындап, ғашығына жете алмай қыз дүниеден өтіпті. Махаббатына деген адалдығы талайды сүйсіндіріп, жергілікті халық сол мекенді Мақпал атап кетіпті. Сол маңайдағы тау да күні бүгінге дейін Мақпал тауы аталады.

Біз әңгіме еткен үш ауылдың да атына берілген ару, аналар махаббатқа адалдық, адами қасиетке беріктік танытып, елдің құрметіне бөленгенін байқатады. Осыдан-ақ халқымыздың анаға, қызға деген ізетін, құрметін көреміз.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.