Sport

«Атырауды» алып ұрдық, енді «Ертіске» есе жібермейік

Written by Aray2005

Жаңа маусымды жоғары лигада бастаған жігіттеріміз «Қайрат» пен «Тобылдан» қатар ұтылып, жерге қаратқаннан кейін жанкүйерлер арасында түрлі әңгімелер желдей ескен болатын. Тіпті «Таразға төменгі лигада жүре берген дұрыс па еді?» деген сынды пікірлер де айтылған-ды. Оның ішінде бас бапкер Вахид Масудовтың легионерлер мен футболшылар таңдаудағы шешімдеріне күмән келтіргендер де болды. Алайда Премьер-лига ойындарының үшінші турында өз алаңында «Атырауды» қабылдаған «Тараз» көптен күткен жеңіске қол жеткізіп, жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады.

Жалпы, сырт алаңдағы екі сүреңсіз ойыннан кейін көпшілік «Тараздың» үш ұпай еншілейтініне сенбегені жасырын емес. Букмекерлік кеңселердің болжамы да осыған тоғысып тұрды. Бірақ футболшыларымыз алғашқы минуттардан-ақ шабуылға ден қойып, жиылғандардың қошеметі мен қиқуына бөленді. Бірінші таймда бразилиялық Еливелто мен Ньюадзиге сәл сәттілік жетіспеді. Негізі «Қайрат» пен «Тобылға» қарсы екі кездесуде де негізгі құрамда алаңға шыққан Дантас Еливелтоға бапкерлер де, жанкүйерлер де ерекше сенім артуда. Алайда бразилиялық ұрымтал сәттерді ұтымды пайдалана алмады. Тіпті қақпашымен бетпе-бет келсе де, мақтаулы легионер шеберлігін таныта алмай, әбден әбігерге түсті.
Қош, орталық стадиондағы ойынға қайта оралсақ, «Тараз» алғашқы 45 минуттықта қарсыласын қос қапталдан қысса да, есепті аша алмады. Өз кезегінде қонақтар да шабуылда ширақтық танытып, бірнеше қауіпті соққыларын қақпамызға қарай бағыттады. Алайда қақпашы Самат Отарбаевтың шеберлігі қауіптің бетін қайтара алды.
Екінші таймда алаң иелері допқа бірден иелік етіп, шабуылдарын тағы үсті-үстіне үдетті. Сондай сәттердің бірінде қорғаушы Виктор Крюков оң қапталдан допты әуелете асырып, шабуылшы Элгуджа Лобжанидзенің аяғына салып берді. Грузиялық легионер бұл сәтті тиімді пайдаланып, допты торда тулатты. Бұдан кейін атыраулықтар қорғанысты ұмытып, есепті теңестіруге бар күштерін салды. Тіпті бір-екі сәтте қорғаушыларымыз қателікке бой алдырғанымен, қақпашы Самат Отарбаев тағы шеберлігін танытып, допты қақпа сызығынан қайырды. Мұндай қауіпті сәттердің соңы голға ұласуы мүмкін екенін түсінген «тараздықтар» екінші голды соғу үшін қарсыластар қақпасын сәт сайын нысанаға алумен болды. Нәтижесінде 78-минутта Серж Ньюадзи есепті еселеп, төбемізді көкке жеткізді. Екінші голдан кейін бапкер Вахид Масудовтың алаңға Әлішер Сүлей мен Абзал Таубайды шығарғаны стратегиялық тұрғыдан қабылданған дұрыс шешім деп бағалау қажет. Себебі ең жақсы қорғаныс бұл шабуыл екенін жақсы білетін қос жамбылдық алға ұмтылумен болып, қарсыластарының ес жинауына еш мүмкіндік бермеді. Соның арқасында «Тараз» көптен күткен жеңісіне қол жеткізіп, алғашқы үш ұпайын еншіледі.
Кездесуден кейін ұйымдас­ты­рыл­ған баспасөз мәслихатында бапкер Вахид Масудов ойынға қатысты өз пікірін білдірді.
– Ойын оңай болмады. Алайда біздің жеңіске деген жігеріміз басым болды. Нәтижесінде үш ұпай қоржынымызда. Осы жеңіспен барша жанкүйерлерді құттықтаймын! – деді бапкер.
Ал «Атырау» клубының бас бапкері Виктор Кумыков екі қателіктің екі голға айналғанын айтты.
Әрине, жеңістің тәтті дәміне не жетсін? Алайда турнир кестесінде 8-орында тұрған «Тараз» үшін бұл «бөрікті аспанға ататын» сәт емес. Клуб тарихында 1996 жылы ғана ел чемпионы атағына қол жеткізген жерлестеріміз 23 жыл бедерінде бұл биіктен көріне алмай келеді. Осынау статистикаға өзгерту енгізгіміз келсе, бізге білгенімізден жаңылмау керек. Ол үшін осы сенбіде қонаққа баратын «Ертіске» де есе жібермеуіміз қажет. Ендеше, жігіттерімізге сәттілік жолдас болсын деп тілейік!

С.Жапарұлы

ПІКІР