«Ауа жеткізушілерге» алғыс

0 3

Өткен айда тараздық кәсіпкерлер бірлесіп, коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар емделетін медициналық мекемелерге оттегі баллондарын жеткізуді ұйымдастырған болатын. Осы сауапты іске еріктілер де тартылған еді. Уақытында жеткізілген оттегі концентраторларының арқасында ондаған адам ажал тырнағынан аман қалды.

Бұрнағы күні облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев «Oттегі. SOS» акциясының ұйымдастырушылары мен белсенділеріне аймақ басшысының алғыс хаттарын тапсырды.
Тараз қаласының тұрғыны Далина Досанова әлеуметтік желілерде алғашқылардың бірі болып өңірдегі ауруханаларға оттегі баллондарын жеткізуге көмектесуге шақырған. Сол тұста індет асқынып, науқастардың деніне оттегі қажет болды. Ауруханаларға бұл қондырғыны жеткізуді жауапкершілігіне алғандардың қатарында Михаил Платов пен Антон Кабаков та бар. Еріктілердің айтуынша, бір-екі күннің ішінде олардың қатары көбейе түскен, әрқайсысы қолдарынан келгенше көмектесті.
– Негізгі проблема аудандарға оттегі концентраторларын жеткізу болды. Бірақ 15 минут ішінде әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі хабарламаларымыздың арқасында баллондарды өз көлігімен ауруханаларға апаруға дайын азаматтар шықты. Біреулері мұның қаражатын есепшотқа аударды, біз көлік жалдадық, еріктілерге арналған медициналық қорғаныш құралдарын, жанармай мен басқа да қажеттіліктерді сатып алдық, біреулері су мен тамақ әкелді. Бір сөзбен айтқанда, Тараз қаласының тұрғындары қиын жағдайда бір қолдың саласындай бірігіп, қауіпті аурумен күресуде белсенділік танытты, – дейді Михаил Платов.
«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің директоры Айнұр Жексембинова мен осы оқу орнының негізін қалаушы Қанат Асқаров та алғыс хатпен марапатталды. Олар да волонтерлерге үлкен қолдау көрсетіп, акцияға белсенді қатысқан.

Асқат Райқұл

Leave A Reply

Your email address will not be published.