Саясат

Аудан әкімдері есеп берді: Ел не деді?

Written by Aray2005
  • Талас

Агросектор жаңа технологиялармен алға басады

Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың аймақ тұрғындары алдында есеп беру жиынына таластықтармен бірге облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Көпшілік алдында есепті кезеңде атқарылған жұмысты баяндаған аймақ басшысы ең әуелі ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынына тоқталды. Өткен жылы таластық шаруалар 12 миллард 252 миллион 300 мың теңгенің өнімін өндірген. Сол секілді суармалы егіс алқаптары мен жайылымдық жерлерді игеру, ауылшаруашылық техникаларын жаңалау істерінде де соны серпін бар.
– Былтыр су үнемдеу технологиясын жандандыру бағытындағы жұмыстар бойынша Ақкөл ауылындағы «Бекен» шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісімен 220 гектар алқаптың 130 гектарына қант қызылшасын, 40 гектарына картоп, 30 гектарына пияз және 20 гектарға сәбіз еккен болатын. Биыл Аққұм, Бостандық ауылдарының шаруа қожалықтары тамшылатып суару технологиясын енгізуге ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар ағымдағы жылы мал бордақылау алаңдары салынбақ. Бостандық және Үшарал ауылдық округтерінде 2 кәсіпкер жылыжай салуды қолға алса, Қызыләуіт ауылындағы «Кәусар» шаруа қожалығы тауарлы сүт фермасының құрылысын бастап кетті, – деді Бақыт Алпысбайұлы.
Аудан әкімі мұнан бөлек денсаулық сақтау, жастар саясаты және әлеуметтік салалар бойынша негізгі индикаторлық көрсеткіштердің толықтай орындалғанына да назар аударды.
Өткен жылы «Қолжетімді баспана –2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қаратау қаласында 440 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға берілді. Аудан орталығындағы №3 ықшамауданындағы жатақхана жөндеуден өткізіліп, іске қосылды.
Ал биыл Ақкөл, Қызыләуіт ауылдары мен Ақтөбе елді мекенін газдандыру және аудандық мәндегі автомобиль жолдарын жөндеу, Майтөбе ауылындағы ауызсу жүйесін тарту жұмыстары аяқталады.
Есепті жиын барысында тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауал жолдап, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Талас ауданының Құрметті азаматтары Базылхан Тоқтыбаев пен Ілес Нұрұлы қараусыз қалған көпқабатты үйлерді қайта жөндеуден өткізіп, халық игілігіне беру, әлеуметтік нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жайында сөз қозғады. Ал Майтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Сатыбалдиев аталған елді мекенге көгілдір отын тарту мәселесін айтты.

 

  • Сарысу

Көгілдір отын мәселесі көп ұзамай шешіледі

Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің өткен жылдың қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы халық алдындағы қорытынды есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қатысты. Өткен жылда атқарылған істерге тоқталып, алдағы жоспарларды бөліскен Қанатбек Қайшыбекұлының сөзіне сүйенсек, жұртшылықтың ынтымақ-бірлігі мен еселі еңбегінің арқасында межелі міндеттердің ойдағыдай орындалуына қол жеткізілген. Нәтижесінде 23 миллиард теңгенiң өнеркәсiп өнiмдерi өндірілген. Өнім өндіру көлемінің басым бөлігі тау-кен өңдеу саласына тиесілі екенін айта кетуіміз керек. Жалпы негізгі капиталға 37 миллиард теңге инвестиция салынып, бұрнағы жылмен салыстырғанда меже 40 пайызға артық орындалған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2 есеге артып, 9 миллиард теңгеге жеткен.
– Шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін биылдың өзінде 21 жасқа 37 миллион теңге грант берілді. Онда құс, бөдене жұмыртқасы, түйіршіктелген құрама жем, шағын жылыжай, құлпынай өсіретін жобаларға қолдау көрсетілді. 26 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Арыстанды, Қызылдихан ауылдарында жаңа су жүйесі қосылса, өткен жылы басталған Игілік-Өндіріс топтастырылған ауызсу жүйесі биыл аяқталады. Жаңаталап, Ұйым ауылдарының су жүйелері құрылысына енді ғана ұсыныс берілді. Ауданның 14 елді мекені 2020-2022 жылдары кезең-кезеңімен газдандырылады. Тоғызкент, Досбол, Майлыкөл, Әбілда ауылдарында табиғи газ бар. «Жамбыл жылу» кәсіпорны 4 ауылдағы 270 үйдің әрқайсысына 95 мың теңгеге газ құбырын тартып берді.
Тағы бір айта кетер жәйт халықты әлеуметтік қорғау үнемі назарда. Былтыр жыл ішінде жұмыспен қамту уәкілетті органына 2472 адам жұмыс сұрап өтініш білдірді. Тұрақты жұмыс орындарына 1820 тұрғын орналасты. Әлеуметтік қорғау шараларымен барлығы 2864 азамат қамтылды.
Жыл бойы барлығы 13942 адамға жалпы сомасы 1,4 миллиард теңге болатын әлеуметтік жәрдемақы төленді. «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы аясында есепті кезеңде 91 маманға 17 миллион теңге көтерме жәрдемақы берілді. 30 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 91 миллион теңге бюджеттік несие рәсімделді, – дейді Қанатбек Мәдібек.
Баяндама аяқталған соң, аудан тұрғындары дүкендерде кассалық аппараттың болмауы, зейнетке шығу жас мөлшеріне қатысты әлеуметтік маңызы бар сұрақтар қойып, нақты жауап алды.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы аймақта атқарылған жұмыстарға азды-кем тоқтала келе, аудан әкімінің есебіне оң бағасын берді.

 

  • Жуалы

Шераға есімін ұлықтау – ұрпаққа парыз

Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтің қорытынды есеп беру жиынына аудан тұрғындарымен бірге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов және облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Көзін ашқаннан атакәсіпті жанына серік еткен жуалылықтар үшін қазір де ауыл шаруашылығының орны ерекше. Агросектордың ел экономикасындағы салмағынан-ақ оның жергілікті жердегі әлеуетін аңғаруға болады.


– Ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз саналады. Оның мүмкіндіктері отандық нарық пен шетелде де сұранысқа ие және экологиялық таза өнім өндіруде молынан пайдаланылады. Ал бұл міндетті жүзеге асыруға суармалы егістік алқаптары үшін су көздерін тиімді пайдалану алғышарт саналады. Осы орайда Ақсай №1 және Көксай №11 ішкі шаруашылық каналдарын 7,7 миллион теңгеге механикалық жасақпен тазалау жұмыстары жүргізіліп, 410 гектар егіс алқабы суарылатын болды.
Сонымен қатар аудан шаруалары су үнемдеу технологиясын енгізуді жүзеге асыруда. Есепті кезеңде «Дархан» шаруа қожалығы 27 миллион теңгеге жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатып, 100 гектар жерді қамтыды, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Ауыл шаруашылығымен бірге ауданда кәсіпкерлік, өңдеу өнеркәсібі салаларында да серпін байқалады. Өз кезегінде бұл салалардың мол табысы халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Қазіргі таңда аудандағы елді мекендердің 32,6 пайызы ауызсумен қамтылған. Биыл тағы 5 елді мекенге ауызсу құбырын жүргізуге қаржы қарастырылып отыр. Сондай-ақ 15 елді мекенге табиғи газ жеткізу мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Ұзындығы 102,3 шақырымды құрайтын газ құбырын тартудың құны 2 миллиард 976 миллион теңгеге бағаланып отыр. Өткен жылы газдандыру желісінің маңызды бөлігі саналатын Қошқарата бағытына магистральды газ құбыры тартылды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табады.
Былтыр ауданда бірқатар білім нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүрізіліп, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне айрықша көңіл бөлінді. Мемлекет тарапынан жасалынған әлеуметтік қолдау шараларының шарапатын да жуалылықтар біркісідей сезінуде. Былтыр аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 3355 тұрғын жұмыспен қамту шараларына тартылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 64 азамат жұмысқа орналастырылған. Бұл орайда басымдық жастар жұмыссыздығына беріліп, 1516 жас жұмыс орнын тапқан. Ал 49 жас несие алып шаруашылыққа ден қойса, 197 жас шағын кәсіпкерлікті дамытуға берілген 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған.
Аудан әкімінің есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан ағын су мен жайылым жерлердің тапшылығы, жас отбасыларды тұрғын үймен қамту, жаңа теміржол бекетін салу мәселелері көтерілді. Тұрғындар жергілікті билікке аудандағы бір мектепке Шерхан Мұртаза атын берсек деген өтініштерін де жеткізді.

 

  • Меркі

Орталық базар мен мал базар көшіріледі

Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековтің аудан тұрғындары алдындағы өткен жылы атқарған жұмысы бойынша берген есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысты.
Аймақ басшысы баяндағандай мерейлі Меркі жерінде шағын және орта кәсіпкерлердің қатарын көбейтуге жастарды кәсіпкерлікке тартуға баса назар аударылған. Нәтижесінде өткен жылы 510 азамат өзінің кәсібін ашуға 256 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған. Ал меркілік 10 азамат «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында бөлінген грант иегері атанған. Алдағы уақытта жастардың бұл шоғыры лимон егу, кір сабын шығару, бөдене құсын өсіру, жемістерді құрғату секілді өндірістерді жолға қоймақ.
Аудандағы ауыл шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштер қант қызылшасын өсіруші диқандарға тиесілі. Өткен жылы Меркі қант зауытына 136 300 тонна тәтті түбір өткерілген болса, оның 50 мың тоннасы жергілікті диқандардың алқабынан жиналған. Сонымен қатар аймақта ет экспорттау жұмыстары да жанданған. Атап айтқанда қой мен сиыр етін экспорттау көлемі 1,64 есе артқан. Бұл орайда шаруалардың мал басы санын азайтпай керісінше олардың қатарын асыл тұқымдылардың есебінен ұлғайтып отырғанын атап өткен жөн.
Тұрғындарға қажетті инженерлік-инфрақұрылым жүргізу саласында оң динамика байқалады. Қазір осындай 13 тұрғын алқабына тиісті желілерді жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы 1 алқапқа электр желісі өткен жылы тартылса, қалған 4-еуіне биыл жеткізіледі.


– Ағымдағы жылы аудан орталығындағы орталық базар мен мал базарын көшіру жоспарланып отыр. Аталмыш нысандар орналасқан Исмаилов көшесімен жарты тәулікте 20 664 көлік жүретіні есептелді. Өз кезегінде бұл жайттар көлік кептелісі мен жабайы базардың етек жаюына ықпал етіп отыр. Бүгінде жалпы аумағы 3 гектар жерге орналасқан базар 12 гектар аумаққа көшіріледі. Жаңа базар тиісті стандарттарға толықтай жауап бере алады, – деді Мейірхан Азатұлы.
Бүгінде аудан тұрғындарының 71,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал қалған 16 ауылда бұл мәселені шешу жоспары жасалған. Ол үшін елді мекендердегі су ұңғымаларын жөндеп, қосалқы трансформаторлар қою қажет.
Есепті кезеңде аудандағы қылмыс деңгейінің азаюы байқалады. Атап айтқанда ұрлық 25,8, мал ұрлығы 38,4 пайызға төмендеген.
Өз кезегінде тұрғындар аудан әкімінің баяндамасын тыңдап болған соң көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Зейнеткер Н.Жәнібеков орталықтағы балалар кітапханасына жаңа ғимарат керектігін айтты. Көпбалалы ана С.Колигова аудан аумағындағы дәріханаларда медициналық маскалардың бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
Меркі ауданы әкімінің есепті кездесуінің тағы бір ерекшелігі Мейірхан Азатұлы басқосудан соң аймақ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, олардың бірқатар мәселелерінің шешілуіне назар аударды.

 

  • Т.Рысқұлов

Құлан күннен күнге құлпыруда

Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловтың есеп беру жиынында өткен жылы атқарылған жұмыстардың ең негізгілері сөз болды. Сондай-ақ аудан әкімі ағымдағы жылы қолға алынатын жобалар жайында баян етті.
Аудан әкімінің айтуынша, аймақ экономикасында есепті кезеңде оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда экономиканың өсімі 114,8 пайызды көрсеткен. Бюджеттік кіріс жоспары да 36,4 миллион теңгеге асыра орындалыпты. Атакәсіптен нәсіп тапқан құландық шаруалармен өндірілген өнім көлемі 33,4 миллиард теңгені құраған.
Баяндамадан соң сөз алған аудандық қоғамдық кеңес хатшысы Жарылқасын Дидай аудан орталығынан салынуы тиіс 80 пәтерлі 5 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысының басталу мерзімін сұрады.
Мұнан өзге көшені жарықтандыру, тұрғын үй салуға жер телімдерін беру, елді мекенге газ тарту мәселелері көтерілді. Аудан әкімі аталған жайттар бойынша тиісті жұмыстардың уақыт оздырмай қолға алынатынын айтты.

 

  • Байзақ

Сарыкемерде 5 қабатты 10 тұрғын үй салынады

Облыс орталығына таяу орналасқан Байзақ ауданы бүгінде 100 мыңнан астам халыққа құтты мекен саналады. Географиялық орналасуы, климат жағдайы егіншілік пен мал шаруашылығына қолайы аймақта кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңеюде. Саланы қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар арқасында аяққа нық тұрған кәсіпорындардың да байзақтықтардың тұрмысын түзетуде рөлі айрықша.
Дегенмен тұрғындар саны жыл санап ұлғайып келе жатқан ауданда шешімін көптен күткен мәселелер де баршылық. Өз кезегінде бұл түйткілді тиісті талапқа сай шешу жергілікті билік жұмысының басты бағдарына айналған. Аталған жайттар Байзақ ауданы әкімі Нұржан Нұржігітовтің тұрғындар алдындағы қорытынды есеп беру жиынында сөз болды.
Кездесуде аудан әкімі есепті кезеңдегі аймақ дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Сондай-ақ жаңадан қолға алынған жобаларды іске асырудың жай-жапсарын баян етті.
– Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2030 жылға дейін 4,5 есеге арттыру белгіленген. Осы орайда ауданда суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуымыз қажет. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы суармалы жер көлемі 28 мың гектарды құрайды.
Өткен жылы «Қазсушар» кәсіпорны ұзындығы 348 шақырым құрайтын 72 каналға жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде алдағы 2 жыл ішінде 14 мың гектар жерге су жеткізілетін болады, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Ауданның ауыл шаруашылығындағы айтуға тұратын бағытының бірі – мал азығын дайындауға жаңа технологияның енгізілуі.
– Гидропоника әдісін дамыту үшін Байзақ колледжінен зертхана ашылып, зерттеу жүргізілді. Зерттеу оң нәтиже бергеннен кейін Қостөбе ауылдық округіндегі кооператив базасында небәрі 6 тәулікте 3,5 тонна мал азығын дайындауға қабілетті өндіріс іске қосылды. Алдын ала есеп бойынша бұл 60-70 сиырды жайылымға шығармай, жыл бойы мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.


Агросектормен бірге байзақтықтар алдағы уақытта жаңа жұмыс орнын ашу, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту шараларының да шарапатын көрмек. Дәл осы мақсатта аймақта жалпы құны 12 миллиард теңге болатын құс фабрикасының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Алель-Агро» акционерлік қоғамы қолға алған жоба арқылы алдағы 3-5 жылда 680 жұмыс орны ашылмақ. Өз кезегінде кәсіпорын есебінен жергілікті бюджетке жыл сайын 540 миллион теңге қаржы құйылады деп күтілуде.
Мұнан бөлек әлеуметтік саладағы жетістіктерге көңіл толады. Бүгінде аудандағы барлық елді мекендер медициналық нысандармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ былтырғы жылдың өзінде 19 спорт нысаны пайдалануға беріліпті. Ал биыл Бурыл ауылынан жаңа 300 орындық мектептің және Қостөбе ауылындағы білім беру ордасының жанынан қосымша ғимараттың құрылысы қолға алынбақ.
Аудандағы елді мекендерді ауызсумен және табиғи газбен қамту ісінде де ілгерілеушілік байқалады. Қазіргі таңда аудандағы 20 елді мекен тұрғындарына тіршілік нәрі жеткізілген. Биыл тағы 6 елді мекен тұрғындары ауызсу жүйесіне қосылмақ.
Аймақ басшысы қорытынды есеп беру жиынында ауданның экономикалық дамуына қаралған қаржы көлемінің 2,5 есеге өскенін тілге тиек етіп, оның аудандағы әлеуметтік, тұрмыстық, инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталатынына баса назар аударды.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң аудан тұрғындары Сарыкемер ауылының ішінен жүргізіле бастаған қоғамдық көлік қатынасының уақыт аралығын қысқарту, Көкөзек ауылында орналасқан Т.Ақбозов атындағы орта мектебінің жылыту қазандығын газға қосу, Ақшолақ елді мекеніндегі жайылым тапшылығы, Жақаш ауылындағы Ш.Әйтімбетов көшесінің қалған бөлігін асфальттау, Сеңкібай ауылынан бой көтеретін жаңа мектептегі орын санын 150-ге көбейту, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту сынды мәселелерді көтерді. Аймақ басшысы бұл түйткілдерді шешу жолдарын биылғы жұмыс жоспарларында жан-жақты қарастыратынын жеткізді. Ал көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі алдағы жылдары Сарыкемер ауылынан бой көтеретін 5 қабатты 10 тұрғын үйдің салынуымен шешімін таппақ.

 

  • Қордай

12 ауылға газ тартылады

Қордай ауданы әкімінің қорытынды есеп беру кездесуіне ауыл тұрғындарымен бірге облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, өлке дамуының негізгі көрсеткіштері мен есепті кезеңде атқарылған жұмыстың барысына қанықты.
Биыл аудандағы елді мекендер «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын сезінуге үмітті. Сондай-ақ 12 елді мекенге газ тарту жұмыстары қолға алынбақ.
Өткен жылы бірқатар аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мемлекет тарапынан және қайырымды жандардың көмегімен баспаналы болып, қоныстойын тойлады. Жастар жылы жеке кәсібін бастап, қайтарымсыз қаржылай грантқа ие болғандар да баршылық.
Аудан шаруаларының атқарған жұмысы да оң нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар жаңа медициналық нысандарды пайдалануға беру есебінен аудандағы денсаулық сақтау нысандарына сұраныс толықтай өтелген. Өлкедегі үш мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Аудан әкімінің есеп беру жиынында жарыссөзге шыққан Қордай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет өлкеде есепті кезеңде атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Кенен ауылының тұрғын Амангелді Садыханов елді мекенге ауызсу, газ тарту жұмыстарының аяқ алысын сұрады. Сонымен қатар зейнеткер Оразқұл Сейдекеш және Дүйсен Оңгелдиев егістік даласын ағын сумен қамту мәселесін көтеріп, салаға жауапты «ҚазСуШар» мекемесі аудандық филиалының жұмысына көңілдері толмайтындықтарын жеткізді. Ал Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов Панфилов, Төле би және Абылайхан көшелері жөнделсе және жол белгілері ретке келтірілсе деген ұсынысын жеткізді. Отар ауылының тұрғыны Саламат Молдажанов жерлестерінің теміржол желісінің үстінен Отар мен Гвардейскийге арнайы көпір салынса деген тілегін айтты.
Есепті кездесуден соң аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Қабылдауға келушілердің негізгі бөлігі әлеуметтік көмек көрсету, жер және баспана алу, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру турасында мәселелер көтерді.

 

  • Мойынқұм

Жазата ауылында жұмыс жүйелі

Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың өткен жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытында атқарылған жұмыстары бойынша қорытынды есеп беру жиынына жергілікті тұрғындармен бірге облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев қатысты.
Жиында баяндама жасаған Мәден Тоқтарбайұлы есепті кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық өмірінің әр саласында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Аудан басшысының айтуынша өткен жылы өлкедегі егістік көлемі 1520 гектарға дейін артқан. Бұл көрсеткішке қол жеткізуде тоғандарға механикалық жасақпен тазалау жұмыстарының өз деңгейінде ұйымдастырылғанын атап өтпеске болмайды. Механикалық жасақ көмегімен былтыр жалпы ұзындығы 69,3 шақырымды құрайтын 9 тоған тазаланған.
Сол секілді асыраушы саладағы мал шаруа­шы­лы­ғымен бірге егін шаруашылығының да үлесі еселене түскен.
Қазіргі таңда аудан аумағынан Меркі-Бурылбайтал тас жолының құрылысы жүргізіліп отыр.
– Аудан іргесіндегі Бірлік, Кеңес ауылдық округтеріне жергілікті бюджеттен 28 миллион теңге қаражат бөліп, қырман мен техника сақтайтын нысанның құрылысын жүргізіп, ел игілігіне бердік. Сондай-ақ, 74 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Құмды аймақта орналасқан Мойынқұм ауданы үшін бұл үлкен жетістік деп білемін. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде аудандық бюджеттен тоғандарды тазалау мен гидроқондырғылар орнатуға 38,4 миллион теңге қаржы қарастырылды, – деді аудан басшысы.
Басқа салалар секілді Мойынқұмда жұмыссыздықпен күрес бойынша да көрсеткіштерге көңіл толады. Онан бөлек ауызсумен қамту жұмыстарының да аяқ алысы жаман емес. Бүгінде аймақтағы 28 елді мекеннің 14-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған.Тұрғындарға қажетті инженерлік-инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары биыл да жалғасады.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң жарыссөзге шыққандар аудан әкімінің назарын бірқатар қордаланған мәселелерге аударды. Күшаман ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Бабақұл Қарсыбеков жүгері дақылын егіп, оны өткеруде қиындыққа тап болғанын айтты. Ал Хантау ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Жолдасбек Әбдушәкіров елді мекенге балабақша қажеттігін тілге тиек етті. Кездесуде Күшаман ауылының маңын егістік алқабына айналдыру мәселесі де сөз болды. Бұдан бөлек, көкжелектіктер үшін ғаламторға қосылу үлкен түйткілге айналған.
Өз кезегінде аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы өлке тұрғындары тарапынан көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, шешілетіндігін айтты.
Есепті кездесуге арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы ауданда атқарылып жатқан істердің ауқымдылығына баса назар аударып, тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстарына мән беруге шақырды. Сондай-ақ күл-қоқыс аумақтарының қоршалмауына назар аудару керектігін ескертті.

 

  • Шу

Шуда қоныстой көбейеді

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қашанда жоғары көрсеткіштермен ерекшеленеді. Өйткені аймақтың логистикалық әлеуетінен бөлек ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің қарқынды дамуы жергілікті тұрғындар тұрмысын түзетудің негізгі бағыттары саналады.
Дәл осы мәселелер есепті жиында Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақовтың баяндамасында кең көлемде көрініс тапты.
– Өткен жылы 7935 аудан тұрғыны кәсіпкерлік мақсатта 4 миллиард 900 миллион теңге несие алды. Сол секілді, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 10 жеке кәсіпкер 183 миллион 800 мың теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізген. Оған қоса, аталған бағдарламаның 3 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар беру тетігі бойынша 7 шулық жас жалпы көлемі 12,7 миллион теңгенің қайтарымсыз грант иегері атанды.
Ал ауыл шаруашылығына тоқталар болсақ, өткен жылы жергілікті шаруалармен өндірілген өнім көлемі 56 миллиард 629 миллион теңгені құрады. Аудан шаруалары өткен жылы 109 тонна қозы еті мен 52,5 тонна сиыр етін экспортқа шығарса, «KazIrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Иран, Қытай, Чехия, Нидерланды және Жапония елдеріне 310 тонна мақсары майын экспорттады. Ал «Тараз-ПОШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 25 тонна жүн өткізілді, – деді Жарылқасын Әбдіғапарұлы.
Аудан басшысының айтуынша аудандағы бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару жұмыстары да қарқын алыпты. Былтыр сот шешімімен «Smart Аgro Karkara» мен «Смарт Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 21056 гектар жер телімін қайтарған.
Ауданның тұрғын үймен қамту, құрылыс саласындағы табыстарын да өзге аудандарға үлгі етуге болады. Былтыр Шу қаласынан көпбалалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 100 отбасыға арналған жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Ал биыл Шу қаласындағы «Жетісу» шағын ауданында 90 пәтерлік жаңа 3 тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін қаржы бөлінген.
Алайда әлеуметтік салада әлеуметті алаңдатқан мәселелер де баршылық. Атап айтқанда Ақсу ауылдық округінің тұрғыны Әуесхан Іңкәрбеков көгілдір отын мәселесіне алаңдаулы. Ал Шу қаласындағы Қант зауыты мөлтек ауданының тұрғындары газ, жарық және жолға қатысты түйткілдерді әкімнің назарына ұсынды. Аудан іргесіндегі Қонаев ауылдық округінің тұрғындары жыл өткен сайын ауылдағы мүйізді ірі қараның саны артып келе жатқандықтан сүт сақтайтын танкердің қажеттілігі туындағанын тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев өлкеде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, жайылымдық жерлердің тапшылығы, бала өлімінің артуы, мал ұрлығының өсуі сынды жайттарға тағы жіті назар аударуды тапсырды.

 

  • Жамбыл

Асалықтар «Ауыл – ел бесігі» жобасының жақсылығын көруде

Жамбыл ауданы әкімі Сәкен Арубаевтың тұрғындар алдындағы қорытынды есеп беру кездесуі аудандық мәдениет үйінде өтті. Атқарылған ауқымды істер сараланып, алдағы жылға межеленген маңызды міндеттер айқындалған есепті жиында аудан әкімі ұзынсонар баяндама жасамады. Керісінше аймақ дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері сөз болды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерді жергілікті жерде жүзеге асыру жайы да назардан тыс қалмады.
Сәкен Қаланұлының айтуынша, былтыр өнеркәсіп саласында 18,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, оның көлемі 7,5 миллиард теңгеге артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26,4 миллиард теңгені құрап, 1,7 миллиард теңгеге өскен. Биыл индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында «Суперфарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі медициналық бұйымдар шығаратын жаңа зауыттың құрылысын аяқтайды. Ал «SHELL» компаниясы Айша бибі ауылы аумағынан жалпы құны 20 миллиард теңгеден асатын күн сәулесі электр стансасының құрылысын қолға алуды көздеп отыр. Индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасының кезекті 5 жылдығында аудан көлемінде жалпы құны 26 миллиард теңге болатын 4 жоба іске асырылады. Атап айтқанда «Денвер Т» серіктестігі 30 гектар, «Дала агро» серіктестігі 100 гектар жерге жылыжай кешенін салуға ниет етіп отыр. «Елитеко» серіктестігі дәнді дақылдарды өңдеу зауытының құрылысын қолға алмақ. «Суперфарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының ІІІ корпусының құрылысын жүргізбек.
– Егін егіп, мал баққан дала еңбеккерлерінің табыстары да көңіл көншітеді. Жыл ішінде түлік түрі айтарлықтай көбейіп, ет, сүт өнімдерін өндіру де жолға қойылды. Жылыжайлардың көптеп салынуы мен егіс алқаптарына тамшылатып суару технологиясының енгізілуі арқасында диқандар мол табысқа кенеліп отыр. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы аясында Бесағаш ауылдық округінің тұрғындары 1,3 миллиард теңге несие алуға өтініш беріп, бүгінде 117 түтін 411,4 миллион теңге несие алып, техника да қолдарына тиді.
Жамбыл округіне қарасты 5 елді мекеннің ауызсу жүйесінің құрылысы жақын күндері аяқталса, биыл Шоқай ауылына ауызсу құбыры тартылады. Тағы 10 елді мекеннің құжаттары сараптамадан өткізілуде. Аудандағы 25 ауыл газдандырылған. Қазір 13 елді мекенге газ құбыры тартылуда. 5 елді мекенге ауыл ішіндегі газ желілерінің құрылысына тиісті құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылды. Биыл 5 елді мекеннің тиісті құжаттары әзірленеді. Оған 35,6 миллион теңге бөлінді.«Ауыл – Ел бесігі» жобасына Аса ауылынан 35 жоба енгізіліп, 853 миллион теңгеге көше жарықтандыру, ауызсу, спорт, білім нысандары және ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді С.Арубаев.
Бұдан бөлек ветеринария, денсаулық, білім, спорт, мәдениет, құрылыс секілді тағы басқа салалар бойынша да атқарылған шаруалар мен алдағы межелі міндеттер екшелді.
Есепті жиынға келген аудан тұрғындары тұрғын үй құрылысына жер телімін беру, Аса ауылынан қатынайтын жолаушылар көлігінің жүру уақытын қысқарту, су жүретін каналдар мен аудандық аурухананы жөндеуден өткізу, Тоғызтарау ауылдық округіндегі үш елді мекенге газ желісін тарту секілді мәселелер көтерді. Тұрғындардың сауалдарына нақты жауап қайтарған аудан басшысы көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынатынын жеткізді.

 

Материал «ARAI» газетінің тілшілер тобы мен

аудан әкімдерінің баспасөз қызметінің

көмегімен дайындалды

ПІКІР