Жамбыл жаңалықтары

Аудан әкімдері есеп берді. Халықтың бағасы қандай?

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беруі игі дәстүрге айналды. Әрине, бұл билік пен бұқараны жақындастыра түсетін, жергілікті жерде қалыптасқан түйткілдердің түйінін бірлесе тарқатуға оң септігін тигізетін қадам екендігі анық. Осы орайда аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен арнайы жоспар түзіліп, маңызды шараның жоғары деңгейде өтуіне жіті көңіл бөлінуде. Бұған дейін аудандардың әкімдері аймақтағы елді мекендердің жұртшылығымен жүздескен болатын. Ал апта аралығында қорытынды есептерін берді. Алқалы жиындарға «ARAI»-дың тілшілер тобы да қатысып, тындырылған тірліктер мен тұрғындардың талап-тілегін бірге тыңдады.

Жамбыл

Атқарылған іс те, шешімін күткен мәселе де көп

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың тұрғындар алдындағы қорытынды есебі Аса ауылындағы мәдениет үйінде өтті. Жыл бойы атқарылған жұмыстар екшеленген есепті кездесуге облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов қатысты. Жиын барысында Бақыт Алпысбайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы егжей-тегжейлі баяндап, жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілу жолдарын сөз етті.
– Ауданда ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеу бар. Былтыр 519,5 миллион теңгеге 54 ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізді. 149 шаруа қожалық 894 ірі қара, 7 883 уақ мал, 600 жылқыны түрлі қаржы институттарынан несиеге берілген 803,5 миллион теңгеге сатып алды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24 миллиард 777,8 миллион теңгені құраса, бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 5 миллиард 722 миллион теңгеге жетті.
Былтыр ауданда өнеркәсіп өнімі
11 миллиард 155,5 миллион теңгені құрап, жоспар 101,1 пайызға артығымен орындалды, – деді аудан әкімі Бақыт Қазанбасов.
Жыл қорытындысы бойынша әр салада қол жеткізілген табыстар сараланған жиында тұрғындар аудан әкімінің атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Десе де жұртшылық өздерін толғандырған мәселелерді сөз етпей қалмады. Мысалы, Қарасу ауылдық округі, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Дүйсеналы Нұралиев аталған ауылдағы Ә.Үкібаев, Т.Жапаров, Қапал көшелеріндегі электр қуатының төмен екенін, осы көшелерге өз алдына бөлек трансформатор орнату қажеттігін айтты. Аудан басшысы ағымдағы жылы бұл мәселенің шешімін табатынына уәде етті.
Өрнек ауылдық округі, Жұма стансасының тұрғыны, зейнеткер Оңласын Атыхаевты аймақтың газбен қашан қамтылатыны толғандырады екен. Аудан әкімінің айтуынша, биыл бірінші кезең бойынша 5 ауыл, екінші кезеңде 8 елді мекен газдандырылмақшы. Соның ішінде Өрнек ауылдық округіне осы жылдың екінші жартыжылдығында немесе келер жылы газ тартылатын болыпты.
– Түрксіб ауылындағы түйткілді мәселенің бірі – ауылдағы 430 орындық Макаренко атындағы орта мектепте оқушы санының көптігі. Онда 1000-ға жуық бала оқып жүр. Бізге қосымша жаңа мектеп керек, – деді Бесағаш ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жетібай Бөрібеков.
Бұл мәселе бойынша аудан әкімі Б.Қазанбасов жаңа типтегі 300 орындық мектеп салу үшін республикалық бюджеттен 550 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтты.
Ал Жасөркен ауылының тұрғыны Бегалы Ысқақов Жасөркен ауылы Қырғыз Республикасымен іргелес жатқандықтан, кей-кейде екі ел арасында малды шекарадан заңсыз айдап өту оқиғасының кездесетінін, ал заңсыз жолмен келген малдың иесі анықталғанша оны ұстап отыратын орын табылмай, қиындық туып жатқанын мәселе етіп көтерді. Білгеніміздей, мемлекеттік шекарадан контрабандалық жолмен өткізілген иесіз және заңсыз тасымалданған жануарларға арналған уақытша ұстау орнының құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып, сараптамадан өткізіліпті. Бүгінде облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған екен.
Аса ауылының тұрғыны, зейнеткер Аманкүл Орынтаева аудан орталығындағы Ш.Қалдыаяқов, М.Әуезов, Ы.Алтынсарин көшелеріне жарық тартылмағанын жеткізді.
– Сіз айтып отырған көшелер кейінгі жылдары қосылған. Мұндай мәселе теміржолдың арғы бетінде де, Рахат ауылында да бар. Негізінен мектептер мен балабақшаға баратын көшелерді жарықтандыру назарға алынған. Қалғанына содан кейін электр жарығы орнатылады. Көшелерге жарық тарту кезең-кезеңімен жүзеге асады, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ Аса ауылының тұрғыны, ардагер-ұстаз Алтынхан Сапарбеков Өрнек ауылындағы №17 Жамбыл колледжін аудан орталығына көшіру керектігін тілге тиек етсе, Тәжібай Нұркебеков Аса ауылындағы Қойгелді, Ш.Қалдаяқов, К.Шманов, С.Сейфуллин көшелеріне таза ауызсу құбыры тартылмағанын еске салды.
Бақыт Алпысбайұлы осы және өзге де көтерілген мәселелерге жауап бере отырып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, барлық мемлекеттік бағдарлама бойынша индикаторларды іске асыру секілді маңызды міндеттер атқарылатынын алға тартты.

Жуалы

Ауылдағы ағайын ат спортын дамытуға ниетті

Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов аймақта атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы халық алдында қорытынды есебін берді.
Бақтияр Бейсембайұлының айтуынша, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аудан экономикасының барлық салаларында өсімге қол жеткізіліпті. Жыл қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 39797,5 миллион теңгені құрап, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 27,4 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарымы 24 миллиард 888,1 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,6 пайызға орындалған.
Өңірдегі кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті де артып келеді. Мысалы, «Бурный сүт компаниясы» ЖШС Ресей мемлекетіне 280 тонна ірімшікті экспортқа шығарса, «Агроазықтүлікнанменжабдықтау» ЖШС Қытай мемлекетіне 1 080 тонна тазаланған мақсары және Бельгия мемлекетіне 40 тонна өсімдік майын жөнелткен. Нәтижесінде 2018 жылы аталған екі кәсіпорын 472,0 миллион теңгенің өнімін экспорттапты.
Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Шақпақ ауылдық округінен қуаттылығы жылына 17 550 тонна жол битумын шығаратын кіші зауыт құрылысы басталуда. Жоба құны 161,0 миллион теңгені құрайды. Оны «Шақпақжол сервис» ЖШС жүргізуде.
Ауданда сондай-ақ қысқы спорт түрлеріне арналған «Қаралма» тау шаңғысы кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп, тау-шаңғы базасына қажетті инфрақұрылымдар – жол, ауызсу, газ құбыры және электр қуатын тарту жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Сонымен қатар 17 коттедждің іргетасы қалануда. Мұнда бір мезгілде 3000 адамға дейін қызмет көрсететін демалыс орталықтары бой көтермек.
Баяндамадан кейінгі жарыссөзге алғаш болып шыққан Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев таулы өңірлерді газдандыру жұмыстарына көрсеткен көмек-қолдауы үшін жерлесіміз, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаевқа, облыс әкімі Асқар Мырзахметовке және аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновқа алғысын білдіре келе, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласына арқау болған атқа мінуді үйрену, ат спортын дамыту мақсатында жергілікті жерден ат спорты мектебін ашу туралы ұсынысын ортаға салды. Одан кейін сөз алған Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Әбсалямов бұрнағы жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасынан Қарабастау ауылының шет қалғанын айта келе, осы олқылықты түзетуді және ауылдық дәрігерлік амбулаториясының санитариялық көлігін жаңарту қажеттігін айтты.
«Жібек жолы» агроөнеркәсіптік кооперативінің төрағасы Алпысбай Мадалимов ауданда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің құрылып, табысты жұмыс істеп жатқанын тілге тиек ете отырып, оларды алдағы уақытта да қолдау шаралары үзілмесе деген тілегін білдірді.
Жастар атынан сөз алған студент Ақерке Белгібай алған білімін елінің дамуына жұмсайтынына сендіре отырып, замандастарын елінің ертеңі үшін ерінбей еңбек етуге шақырды.
Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Феруза Қонарбаева елді мекендегі Игілік көшесін жарықтандыру мәселесін қозғаса, Темірхан Калиев халыққа қызмет көрсету орталығынан «Халық банкінің» терминалын ашса деген тілегін білдірді.
Тұрғындардың қойған сауалдарына аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов жауап беріп, есептік кездесуді қорытындылады.

Меркі

Балалар кітапханасына баса мән берілсе…

Меркі ауданының әкімі Мейірxан Өмірбеков те жергілікті жұртшылық алдындағы қорытынды есебін беріп, өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Басқосуға облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысты.
Мейірхан Азатұлының айтуынша, аудан­да Мемлекет басшысының «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер мен басымдықтар жүйелі жүзеге асып келеді. Бүгінге дейін облыс әкімі тарапынан 87 тапсырма берілсе, оның 80-і орындалған,
7 тапсырма орындалу үстінде екен. Өткен жылы Меркіде ауыл шаруашылығы саласында 25,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, индекс көлемі 108 пайызды құраған. Осылайша аудан облыстың басқа аймақтарының арасында алдыңғы қатардан көрініп отыр. Былтыр 41 785 гектар дәнді масақты дақылдар орылып, 96,5 мың тонна астық жиналып, орташа өнімділігі гектарына 23 центнерден айналыпты. Сондай-ақ алдыңғы жылы қант зауытына 39 000 тонна тәтті түбір өткізілсе, былтыр оның көлемі 52,5 мың тоннаға жеткен.
– Үдемелі индустриялды-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 1,7 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 38 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар «Са-Ба ЛТД» ЖШС-нің құны 662 миллион теңгені құрайтын жобасы іске қосылды. Сондай-ақ «Тараз гринпауэр Дженко» ЖШС-мен бірге «Меркі тау шатқалындағы 18 мВт су электр стансасының 5-6-7 каскадының құрылысы» жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның құны – 10,8 миллиард теңге. Станса жылына 82 миллион кВт электр энергиясын өндіретін болады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6.3 миллиард теңгені құрап, жыл қорытындысымен 119,2 пайызға орындалды. Тескентоған ауылындағы 150 орындық мектептің құрылысы пайдалануға берілсе, Қазақ диқан ауылындағы 120 орындық мектеп құрылысы жалғасуда, – деді аудан басшысы.
Әкімнің есепті баяндамасынан соң жарыссөзге кезек беріліп, тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды. Алғашқы болып мінберге көтерілген зейнеткер Нұрсұлтан Жәнібеков аудан әкімінің жыл бойы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Сонымен қатар аудан орталығындағы балалар кітапханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын білдірді. Аудан әкімі бұл мәселенің бақылауда тұрғанын, ғимаратты күрделі жөндеуге 32 миллион теңге қажет екендігін, қаржы көзі қарастырылып жатқанын жеткізді. Мұнан соң зейнеткер Әшен Қырғабақов кәсіпкер ретінде ашқалы отырған қоғамдық демалыс орнына жол, су тартуға жәрдемдесуді сұрады. Сондай-ақ Андас батыр ауылының тұрғындары 10 мың адам тұратын ауылдағы аурухананы жаппау туралы мәселе көтерді. Тұрғындар денсаулығын бақылауға білікті дәрігер маманның қажеттігін де айтты. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Сауранбаев жастарды бизнестің қыр-сырына баулуға аудан кәсіпкерлерінің дайын екендігін айтса, Айнұр Тоғысбаева аудан орталығынан 25 метрлік жабық бассейн салынса деген өтінішін жеткізді. Жиында ауданда мал ұрлығының өршіп тұрғаны да қозғалды. Тұрғындардың қойған сұрақтарына аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков тұшымды жауап берді.
Есепті жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, ауданда атқарылған жұмыстардың аз еместігін, алайда алдағы шаруаның одан да көп екендігін жеткізді. Өңір басшысы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін әуелі экономиканы көтеру жолында қарқынды жұмыстар жүргізілу керектігін баса айтты. Ауданның жұмысын тек белгілі көрсеткіштермен ғана бағалап қоймай, өңірдің әлеуетін мүмкіндігінше пайдалану керектігін тілге тиек етті. Аймақ басшысы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін, дұрыс жүйені қалыптастырудың, әрбір елді мекеннің әлеуметтік-экономикалык төлқұжатын жасаудың маңыздылығына да тоқталды.
– Аудан әкімінің есебі болғандықтан да алдымен аймақта қол жеткізілген жетістіктердің айтылатындығы белгілі. Дегенмен ауданда күрмеуі шешілмеген мәселелер жоқ емес. Залдан 7 адам шығып сөз сөйлеп, сұрақ қойды. Бірақ біз әлі де тұрмыстық деңгейдегі түйткілдерден аса алмай келеміз. Біз есеп беру жиналысында алдымен экономикалық мәселелерге көңіл бөлуге тиіспіз.
Ауданда жұмыс жоқ деп айта алмаймын. Алда облыс экономикасын дамыту жолындағы жұмыстардың ауқымын барынша кеңейте түсетін боламыз, – деді Асқар Исабекұлы.

Т. Рысқұлов

Құландық жастар жұмыстан неге қашады?

Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қрықбаев тұрғындар алдындағы қорытынды есебін беріп, алда атқаратын жоспарларымен бөлісті. Мәдениет үйінде өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысты.
Айту керек, аудан үшін өткен жыл жемісті де жеңісті болған. Себебі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында Қазақ ауылынан Ниязқұловтар отбасы бас жүлдені иеленсе, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы, меценат Сайрамбай Дөненбаев Қазақстанның Еңбек Ері атанып, ел мерейін үстем етті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы облыста алдыңғы үздік үш ауданның қатарынан көрінді. Әрине, мұның барлығы берекелі бірлік пен тиянақты тірліктің арқасы.
Жиында аудан басшысы әуелі Елбасының халыққа Жолдауы, одан туындаған міндеттер мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы және барлық салалық мемлекеттік бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, өңірдің әлеуметтік – экономикалық жағдайын жақсарту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Мәселен, ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнімінің көлемі 27121,5 миллион теңгені құрап, бекітілген меже толығымен орындалған. Осындай жетістіктерге қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан өз деңгейінде қолдау көрсетіліп, көктемгі және күзгі дала жұмыстары мен егін орағына қажетті дизель отындары уақытында жеткізіліп отырған. Нәтижесінде аудан бойынша 86 666 гектар жердегі масақты дақыл толық орылып, орташа есеппен гектарынан 25,3 центнер өнім алынған. Қамбаға 224 600 тонна астық құйылған.
Есепті кезеңде «Қорағаты-Мамыртөбе», «Луговое-Воинская часть» және Каменка-Пионер лагерь» сынды 3 аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан өзге Көгершін ауылына баратын автомобиль жолының 7,2 шақырымына, Құлан-Луговой стансасы аралығындағы жолдың 3,5 шақырымына және ауданның 38 көшесі жөнге келтіріліпті.
Ауданда газ құбыры тартылмаған 14 елді мекен бар болса, қазіргі таңда Сөгеті ауылына көгілдір отын жеткізіліпті. Ал Қызылшаруа, Шолаққайыңды ауылдарына газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Өз кезегінде «Ақ қар – 2009» ЖШС-і Каменка, Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындарымен келісімшартқа отырып, көгілдір отын тарту жұмыстарын бастайтын көрінеді.
Жиында жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қожайхан Бижанов аймақта әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен іске асырылып жатқандығын тілге тиек етіп, аудан басшысының жұмысына қанағаттанатынын жеткізді. Ана мен бала мәселесін атап өткен еңбек ардагері әр балаға төленетін жәрдемақы ең төменгі жалақы мөлшерінде болса деген тілегін жауапты министрлікке жеткізуді сұрады. Келесі кезекте «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы, Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев ауыл әкімдерінің жұмысын жүйелендіру қажеттігін, кейбір жастарға көңілі толмайтындығын білдірді.
– Шындығында, ауданда бірқатар жұмыстар атқарылып-ақ жатыр. Бірақ ауыл жастарының жұмыс істегісі келмейді. Яғни ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге ұмтылады. Осылайша олар ата-аналарының зейнетақылары мен балаларының жәрдемақысына күн көруде. Көбіне солардың бос жүруінің кесірінен ұрлық-қарлыққа бой алдырады. Қазіргі таңда шопан, механизатор сынды мамандарымыз өте аз. Сондықтан осы мамандықтарды меңгертіп, жұмыс жасату үшін кейбір жастарға жалынатын да болдық. Сол себептен әр ауылдағы жұмыссыз бос жүрген жастар арнайы есепке алынса, – деді Сайрамбай Әліқұлұлы.
Басқосуда Түзел Алагөзова, Сәбит Сұлтанұлы, Әлімбек Бидайшиев, Бейсенбай Тамбаев сынды еңбек ардагерлері аудан әкімінің жұмысына оң бағаларын беріп, ұсыныстарын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалатынын алға тартып, бұл тұрғыда аудан, ауыл әкімдерінің жұмысы ерен екендігін атап өтті. Сонымен бірге ол ауданда кемшіліктердің бар екендігін жасырмады.
– Құлан ауылындағы автостанцияны ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын бірлесіп атқаруымыз қажет. Ауданда сондай-ақ жол-көлік оқиғалары жиілеген. Бұл мәселе бойынша облыстық полиция департаментімен бірлесіп жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Қорағаты-Құмарық елді мекендерінің оңайлатылған сызбалары мен аудан орталығының егжей-тегжейлі жобаларын әзірлеу керек. Оған тиісті қаражат бюджеттен қаралып, биылғы жылы ол жұмыстар сапалы орындалуы шарт. Білім саласы бойынша 12 мектепке қосымша спорт зал салу және мәдениет саласы бойынша аудан орталығынан шалғайдағы 7 ауылда цифрландырылған ақпараттық орталық ашу міндеті тұр. Бұдан өзге Луговой, Құмарық, Көкдөнен, Тереңөзек, Жарлысу, Қайыңды, Қарақат ауылдарындағы мәдениет үйлерінің жылу жүйелерін көгілдір отынға ауыстыру мәселелерін қарастыру қажет, – деген Еркебұлан Әбілханұлы аталған мәселелерді осы жылы шешуді аудан әкіміне тапсырды.

Байзақ

Егістік алқаптарын тиімді игеретін кез жетті

Апта басында Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында халық алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, аудандық мекеме-кәсіпорындардың басшылары мен тұрғындар қатысты. Басқосуда жасаған баяндамасында аудан басшысы өткен жылы атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып, нақты салаларда қол жеткен жетістіктерді тізіп өтті. Сондай-ақ ағымдағы жылы алға қойған жоспарларымен де бөлісті.
Рахматілдә Сегізбайұлының сөзіне сүйенсек, есепті кезеңде аудандағы кәсіпорындар 3 035,9 миллион теңгенің өнімін өндірген екен. Ал биыл бұл соманы 5 миллиард 100 миллион теңгеге жеткізіп, көрсеткішті 68 пайызға арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ асыраушы саланы да алшаң бастыруға барынша күш салу қажет– 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 30 миллиард 818 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,7 пайызға жетті. Ауданда егістік жерлерді арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүруде. Нәтижесінде былтыр 53 418,5 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған болатын. Сол секілді суармалы алқаптар да 1 240 гектарға дейін ұлғайтылды. Биыл бұл қатарға тағы 300 гектар жер қосылмақ.
Есепті кезеңде 30 шаруашылық 367,450 миллион теңгеге 60 жаңа техникалар алып, ауыл шаруашылық техникалар паркін жаңартты. 2017 жылмен салыстырғанда өткен жылы мал басының барлық түрінің өсуіне қол жеткізілді. Және жұмыртқадан басқа барлық өнімдер артық өндірілді, – деп ауданның асыраушы саласындағы ахуалды баяндаған аудан әкімі әлеуметтік салалардың жайынан да хабар беріп өтті.
Есепті жиында келтірілген деректерге сүйенсек, ауданның білім беру саласы алға басып келеді. Бұған байзақтық оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеудегі алған орташа балдарының облыста үздік көрсеткіш болуы дәлел болып отыр. Сол секілді денсаулық сақтау саласында да жетістіктер баршылық. Алайда аудан әкімі әлі күнге дейін сәбилер мен тік және тоқ ішектерінің қатерлі ісігінен болатын өлімдердің азаймай отырғанын жеткізді.
Жиында сондай-ақ ауылдарға ауызсу мен көгілдір отын тарту, жолдарды жөндеу жайы да сөз болды. Баяндамасында ауданның елді мекендері кезең-кезеңімен газ бен ауызсуға қосылып жатқандарын айтқан Р.Рахманбердиев бұл жұмыстардың биыл да жалғасатынын тілге тиек етті.
– Жалпы, өткен жылы 24 248 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 37, 355 миллион теңгеге 4 кәсіпорынның жобалары мақұлданып, 38 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 55,3 миллион теңгеге 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандағы 43 елді мекеннің 20-сы ауызсумен қамтылған. 25-іне газ келіп тұр. Көгілдір отыны жоқ 21 елді мекенге жаңа газ құбырын салу жұмыстарының жобалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Биыл тағы 9 ауылдың тұрғындары көмір жағып, күл шығарудың машақатынан құтылады.
Сондай-ақ өткен жылда бас-аяғы 8 денсаулық сақтау нысаны, 9 жекеменшік балабақша іске қосылды. 2019 жылы жекеменшік әріптестік негізінде тағы да 2 балабақша ашу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Жиында тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, талап-тілектер тыңдалды. Мәселен, Тегістік ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхаметжан Садырқұлов су мен газ тартуда тындырымды тірлік жасаған аудан әкіміне ауылдастарының атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар ол ауданда айналымнан шығып қалған 10 мың гектарға жуық егістік алқаптарды қайта айналымға енгізу ісінің жалғасын табуын қалайтынын жеткізді. Ал аудандық мәслихаттың депутаты Алмас Болшебеков аймақтағы су қоймаларын егістікті суарумен қатар, балық шаруашылығын дамыту мақсатында қолдану бойынша ұсынысын білдіріп, осы тұрғыда қолдау көрсетуді сұрады. Есепті жиын барысында ауылдағы үйлерді номерлеу мәселесіне көңіл бөлу, көшелерге жарықшамдар орнату, ауылдық медпунктке жеңіл көлік алып беру, мектеп маңайындағы көлік қозғалысын реттеу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу сынды өтініштер айтылып, аудан әкімі нақты жауаптарын берді.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз алып, аудан әкімінің есебі туралы ойымен бөлісті. Өз сөзінде Бекболат Серікбекұлы ауданда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалып жатқанын айта келе, бірқатар кемшіліктердің бар екенін де жасырмады. Осы орайда аудан әкіміне бірқатар міндеттер де жүктелді.

Сарысу

Бұқараны баспана мәселесі алаңдатады

Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаевтың халық алдындағы қорытынды есепті жиыны Жаңатас қаласындағы мәдениет үйінде өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысты.
Жұртшылықпен жүздесуде аудан басшысы жүзеге асқан жұмыстарға талдау жасады. Есепті жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 10,7 миллиард теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артқан. Былтыр егіс көлемі 1,7 мың гектарға ұлғайған.
Тамшылатып суару технологиясы бойынша Жаңаталап ауылдық округінде «Жантөре-Саудакент» ЖШС 45 гектар дәндік жүгері, 30 гектар пияз және 25 гектар бақша дақылдарын орналастырған. Бұл өткен 2017 жылмен салыстырғанда 33 пайызға артқанын аңғартуда.
– Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек екендігін айтқан болатын. Яғни, тұрғындардың жекелеген қосалқы шаруашылықтарын ауыл шаруашылық кооперативтеріне біріктіру қажет.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлы әр ауылдық округте мал бордақылау алаңдары мен ауылдық өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашу және оның толыққанды жұмыс жасау міндетін алдымызға қойып отыр.
Қазіргі таңда аудан бойынша 11 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған, олар негізінен егін, мал шаруашылығы және ет бағытында жұмыс жасау үшін ашылған.
Ветеринария саласына өткен жылы ветеринариялық іс-шараларды атқаруға 113,7 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде эпизоотиялық және энзоотиялық жағдай тұрақты сақталды, – дейді аудан әкімі.
Ауданда 26 ауылдық елді мекендердің 13-і орталықтандырылған су жүйесінен сапалы ауызсу пайдаланып отыр. 2018 жылдан бері Қызылдихан мен Арыстанды ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысы жүріп, биыл аяқталады деп күтілуде.
Жылу-энергетикалық жүйесін дамыту саласы бойынша былтыр Сарысу ауданынан 4 елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстары басталып, бұл шаруалар ағымдағы жылы да өз жалғасын табуда.
Сонымен қатар «Шаян – Еврохим– Жаңатас» бағытында жоғары қысымды газ құбырын салу жоспарлануда. Құбырдың ұзындығы – 98,3 шақырым, қажетті қаржы 8,8 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 2019 жылға 3,3 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Жаңатас қаласына газ құбыры келтірілгеннен кейін «Сарысу ауданының 14 елді мекеніне газ келтіретін және ауыл ішінде газ тарататын құбырының құрылысы» жобасы іске асырылмақ.
– Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Соляная компания «Асыл тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосылып, жұмыстар жүргізуде. Жергілікті табиғи шикізаттардан сапалы дайын ас тұзын шығарумен айналысатын бұл кәсіпорынның болашағы зор.
Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында 19 жоба қаржыландырылды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 2 734 адам қамтылса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталғалы аудан көлемінде біршама жұмыстар атқарылған, – деген аудан әкімі өзге салалардағы жетістіктерді де тілге тиек етті.
Баяндамадан соң жарыссөзге шыққан Ж.Шадиев,С.Серікбай, А.Қасымбеков, Ж.Жакижанов, Л.Вайс, Ә.Ермашев, С.Аппазов сынды тұрғындар тарапынан жас отбасыларға
«7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй берілсе, жастарға шағын футбол алаңшалары салынса, Қаратау қаласына қоғамдық көлік қатынауы реттелсе деген тұрғыдағы сауалдарды қойып, аудан әкімі тарапынан нақты жауаптар алды.

Талас

Тапсырмалар тиянақты орындалуы тиіс

Осы аптада облыс әкімі Асқар Мырзаxметовтің қатысуымен Талас ауданының әкімі Досмаxанбет Әлиевтің де xалық алдындағы есепті жиыны өтті. Аудан басшысы тұрғындарға өткен жылы атқарылған барлық саладағы жұмыстардың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Былтыр ауданда жалпы өндірілген өнімнің және көрсетілген қызметтің көлемі 36 миллиард 308 миллион 200 мың теңгені құрап, жоспар 106,8 пайызға орындалған. Өнеркәсіп саласында 18 миллиард 363 миллион 500 мың теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі 106,3 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестициялар 14 миллиард 607 миллион 200 мың теңгені құраған.
Индустриалды-инновациялық дамыту бағдар­ламасы бойынша 18 миллиард 211 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылған. Ал ауыл шаруашылығы бойынша 10 миллиард 834 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 102,3 пайызға орындалған.
Аудан әкімінің баяндамасына сүйенсек, статистикалық көрсеткіштер ойдағыдай, даму динамикасы бірқалыпты деуге болады. Әйтсе де өңірде шешімін күткен мәселелер де аз емес болып шықты. Бір ғана мысал, бүгінде аудан көлемінде ет бағытында бар-жоғы 4 қана ауыл шаруашылық кооперативі жұмыс істеп отырса, сүт бағытында әлі күнге бірде-бір кооператив құрылмаған. Аудан аумағында 21 мың гектар егістік жер, оның ішінде 12 мың гектар суармалы алқап бар десек, оның жартысына жуығы игерусіз жатыр. Өткен жылы таластық 59 жас «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқытудан өткенімен, олардың ешбірі өз кәсібін ашуға арналған несиеге қол жеткізбеген.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар да ауданда түйінді түйткілдердің баршылық екенін байқатты. Су тапшылығы, жол салу, газ тарту, тұрғын үй, таза ауызсудың шектеулі уақытпен берілуі секілді көптеген мәселелер бойынша жолданған сауалдарға аудан басшысы жан-жақты жауап беруге тырысты.
Есепті жиынды қорытындылаған Асқар Исабекұлы жалпы атқарылған жұмыстардың жоқ еместігін, алайда алдағы міндеттер бұдан да көп екендігін қадап айтты.
Айталық, аудан табиғаты ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын барынша дамытуға қолайлы. Десек те ауданның экономикалық аxуалын арттыру үшін өткен жылы облыс басшылығы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы көңіл көншітпейді.
Өңір басшысы аудандағы кәсіпорындардың әлеуетіне орай жүктемесін де арттырудың, ет пен сүт бағытындағы кооперативтерді көптеп құрудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ бұл орайда жергілікті басшыларға зор жауапкершілік арттырылатынын, алдағы уақытта аудан, ауылдық округ әкімдерінің жұмыс істеу жүйесі бекітілетінін тілге тиек етті.

Мойынқұм

«Алтын асық» бағдарламасының бағы жанбай тұр

Кеше Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев аудандық мәдениет үйінде өлке тұрғындары алдында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін берді. Ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы тұрған ауқымды міндеттер әңгіме өзегіне айналған жиынға мойынқұмдықтармен бірге облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, аймақтағы мемлекеттік мекемелер мен ірі өндіріс ошақтарының жетекшілері де қатысты.
Есепті жиында сөз алған аудан әкімі Мәден Мұсаев өткен жылы өңірдегі сан түрлі салада жүргізілген жұмыстың нәтижелерін баяндап, күрмеуі қиын мәселелерді шешуге, ағымдағы жылдың межелі міндеттеріне тоқталды.
– Өткен жыл мемлекеттік бағдарламалар аясында талай жылдан бері қордаланған түйткілдердің түйіні тарқатылған жемісті жыл болды. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында туындаған міндеттерге сай аудандағы тұрғындар саны 2 мыңнан асатын 4 ауылдық округке дербес бюджет енгізіліп, салықтық және салықтан тыс түсімдердің 7 түрі ауыл әкімдерінің басқарылуына берілді.
Облыстағы өнеркәсіп өнімінің 14 пайызын беретін аудандағы алпауыт кәсіпорындармен 53,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласында тың серпін бар. Есепті кезеңде ауданда 4 176 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылы себілді. Сондай-ақ шаруашылықтың барлық санаттарында 3 985 тонна ет және 8 181 тонна сүт өндірілді. Қазіргі таңда ауданда 6 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасап тұр. Өткен жылы аталмыш кооперативтерде 20 тонна сиыр еті өндірілді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірудегі кооперативтердің тиімділігін ескере отырып, ағымдағы жылы әрбір ауылдық округте 1 кооперативтен ашу жоспарда бар. Аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану жұмысы да қарқын алып, жалпы көлемі 5 978,7 гектарды құрайтын ауыл шаруашылық мақсатындағы жер ауданның жер қорына қайтарылды, – деді Мәден Тоқтарбайұлы.
Мұнан бөлек аудан әкімі көлік, автомобиль жолдары, құрылыс салаларындағы шаруаны тілге тиек етті. Ағымдағы жылы аудандағы ауызсумен қамтамасыз ету ісіне 466,3 миллион теңге бөлінген. Сәйкесінше биыл Қарабөгет, Сарыөзек, Қылышбай, Хантау, Ақбақай, Ақсүйек ауылдарына ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізілмек. Сол секілді аймақтың әлеуметтік саласындағы көрсеткіштері көңілге қонымды. Өткен жылы 1 630 мойынқұмдық «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» қатысқан. Олардың 1 340-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Десе де аудан тұрғындары дәл осы бағдарламаның 2 бағыты бойынша кәсібін ашуға несие алуда белсенділік танытпайтындығы белгілі болды.Сол секілді білім беру саласына қанша қолдау болып жатса да, мойынқұмдық оқушылар ҰБТ сынағында әлі де үздік нәтижеге қол жеткізе алмауда. Өз кезегінде аудан әкімі ауылдық округтерде өткізілген кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары жұмысын жетілдіруге қатысты мәселелердің ескерусіз қалмайтындығын жеткізді. Әсіресе ауылдық округтердегі учаскелік полиция қызметкерлерінің басқа елді мекеннен қатынап жұмыс жасауына қатысты көтерілген түйткілдердің түйінін тарқатуда аудан әкімінің тапсырмасына сай жергілікті билік пен аудандық полиция департаменті бірлесіп жұмыс жасауға көшкен.
Аудан әкімінің өңірдің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша жасаған баяндамасынан соң бірқатар өндірістік нысандардың басшылары сөз сөйлеп, өнеркәсіп өнімін еселеудегі жергілікті билікпен тығыз байланыста жұмыстың жолға қойылғанына назар аударды.
Жиын соңында Көкжелек ауылының тұрғыны Әскербек Нұрмаев сөз алып, ағын су мәселесін көтерді.
– Жасыратыны жоқ, ауылда ағын су мәселесі қос бүйірден қысып тұр. Соның кесірінен құдық суы да төмендеп кетті. Шұрайлы жайылымдық жерлер тарыла бастады. Бір кездері Көкжелекте 2000 гектар жүгері алқабы болған. Ал биыл жүгеріні 135 гектар алқапқа егу тапсырылды. Ағын су мәселесі шешімін тауып, ауылдықтар жұмыла әрекет ететін болса, жүгері алқабын 180 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар, – деді ауыл тұрғыны.
Ал Құмөзек ауылының азаматы Байұзақ Саурықов ірі шаруа қожалықтардың елді мекенге келетін ағын суды бөгеу салдарынан жердің қуаңшылығы артқанын ашына жеткізді.
– Радай каналының арғы бетіндегі Құмөзек ауылдарында 2 800 гектар жайылымда қуаңшылық байқалып отыр. Кеуіп қалған каналдардың сортаңдануынан малдар дертке шалдығуда, – деп Б.Саурықов канал бойындағы ірі шаруашылық басшыларын көтерілген мәселеге атүсті қарамауға шақырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев бірқатар мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, ауданда ауыл шаруашылығы өнімін өндіру ісінде сылбырлық бар. Әсіресе жергілікті билік сиыр, қозы етін экспорттауға тиісті деңгейде мән бермеген. Себебі ауданда мал сою алаңы жоқ. Сол секілді ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көрсеткіші де төмен. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша бірде-бір мал сатып алынбаған. Қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысы да жүйелеуді қажет етеді.
Десе де облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы аудан әкімінің өткен жылдың қорытындысы бойынша жасаған баяндамасын жалпы алғанда қанағаттанарлық деп бағалады. Ал аудан әкімі Мәден Мұсаев облыс әкімінің орынбасарына Радай көпірі мен ондағы гидроқұрылымды республикалық бюджеттен қаржыландыруға ықпал етуін сұранды.

Қордай

Кәсіп көбейсе, жұмыссыздық азаяды

Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөленің аудан тұрғындары алдындағы есепті жиынына облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысты.
Жиында баяндама жасаған Болатбек Байқонысұлының айтуынша, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған түрлі бағдарламалар аудан экономикасын дамытуға, оң көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашқан.
– Аудан экономикасының жетекші салаларының бірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен 15 096 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104 пайызды құрады. Жамбыл облысының әкімі мен аудан әкімі арасындағы бекітілген межеге сәйкес индикатор 3,8 пайызға артты.
Бүгінгі күнге аудан бойынша 26 кәсіпорын өнеркәсіп саласында жұмыс атқарып отырса, оның ішінде орта бизнес субъектілері – 2 және шағын бизнес субъектілері саны 24-ті құрап отыр.
Ауданның өнеркәсіп саласының дамуы мен өнім көлемінің артуына «Ақтас», «ВетроИнвест», «Виста Интернейшнл», «СП Синемедасстрой», «Камшат-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды ірі кәсіпорындар өздерінің үлестерін айтарлықтай қосып келеді.
Өнеркәсіп саласындағы жоспарланған индикаторларды орындау мақсатында 2 жаңа жоба – «Қордай Агротех» ЖШС және «Қордай Корм» агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды. Сондай ақ 2018 жылы ауданда жұмысы тоқтап тұрған «Мастер РТИ» және «Пош Ерасыл Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қайта іске қосылды, – дейді Б.Байтөле.
Жалпы бүгінгі ауданның өнеркәсіп саласындағы жетістігі ретінде кәсіпорындардың өз өнімдерін шетелдерге экспортқа шығаруын айтып өтуге болады. Атап айтсақ, «Ақтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қырғыз еліне 2 766,5 миллион теңгеге әктас, «ПОШ Ерасыл Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қытай Халық Республикасына құны 34,5 миллион теңгелік 244 тонна өңделген жүнді және «Камшат-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 миллион теңгеге 180 тонна өңделген теріні Ресейге экспортқа шығарған. Жалпы алғанда ауданда 2018 жылы шығарылған экспорт көлемі 2 821 миллион теңгені құрапты.
Бүгінде игере білсең инвестицияның игілігі мол екенін жұрт жақсы біледі. Қордайда былтырға қарағанда биыл көбірек қаржы тартылыпты. 2018 жылы негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 21 462,9 миллион теңгені құрап, бұл 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 228,1 миллион теңгеге артқан.
Айта берсек аудан экономикасының әр саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістік баршылық. Бұл бір жағынан облыстық деңгейде жасалған талдаулар мен соған сай қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінің өңірлерде де көрініс табуымен тығыз байланысты.
Ал жасыратыны жоқ, халыққа есепті жиындағы индикаторлық көрсеткіштер мен өндірілген өнім көлемінің, тартылған инвестицияның артқаны емес, тұрмыстық мәселелердің шешілуі анағұрлым қызығырақ. Солардың бірі – баспана мәселесі. 2006 жылдан бастап аудан көлемінде жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алуға кезекте 11 713 азамат тіркелген екен. Бірақ соңғы 12 жыл көлемінде Қордай ауылында бірде-бір жер учаскесі қолданысқа берілмепті. Осы мәселе 2017 жылдан бастап қолға алынып, 2 776 үй құрылысын салуға жер телімдері дайындалып, былтыр 333 азаматқа жер учаскесі берілген екен.
– Қосымша жер учаскелерін беру мақсатында 2017 жылдан бері Қордай ауылында жалпы құны 708,3 миллион теңгені құрайтын «Шығыс-2» және «Солтүстік» тұрғын үй массивінің инженерлік инфрақұрылымы салынуда, есепті кезенде 460 миллион теңге игерілді. Жұмыс 2019 жылы аяқталмақ, – дейді аудан әкімі .
Жиын соңында жарыссөзге шыққан аудан тұрғындары да көп мәселені қозғады. Алдымен мемлекет саясаты аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық деген бағаларын беріп, аудан басшысына алғысын айтып өтті. Алдымен сөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет полиция қызметінде әлі де кемшіліктердің барын айтып өтті. Мәселен, штаттық бірліктің аздығын айтпағанның өзінде аудандағы 19 ауылдық округтің тек жетеуінің ғана учаскелік полиция инспекторында көлік бар екен. Б.Әлімбет мал ұрлығы кезіндегі оперативті шаралардың болмауын осы кемшіліктермен байланыстырып, облыстық полиция департаментінің басшылығынан олқылықтың орнын толтыруды сұрады. Ал ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай Қаракемер ауылындағы 1968 жылы салынған білім ұясының бүгінде төбесінен су өтіп, күрделі жөндеуді қажет етіп отырғанын жасырмады. Сол мектептің алғашқы директоры ретінде ғимарат құрылысының о бастан сапасыз жүргізілгенін айтып өткен ақсақал аудан әкімдігі жасаған жобалық-сметалық құжаттама бойынша күрделі жөндеуге 180 миллион теңге кететінін жеткізіп, басшылардан осы қаржының облыстық, я республикалық бюджеттен қарастырылуына қарайласуын сұрады. Сондай-ақ өзге де тұрғындар суармалы су тарифін төмендету, сапалы ауызсу мәселесін шешу, қазақ тілі аясының қолданыс аясын кеңейту сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Аудан басшысы мұндағы айтылған барлық мәселенің хаттамаға түсіріліп, орындалуы қатаң басшылыққа алынатынын айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев ауданда қолға алынып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, жұмыс болған жерде кемшілік те қатар жүретініне назар аударды.
– Сол кемшілікті алдағы уақытта болдырмау үшін жүйелі түрде іс-шаралар қабылдау – аудан әкімдігінің басты міндеті. Елбасы айтып өткендей қазір елдің тұрмыс жағдайының, әл-ауқатының артқаны керек. Ішкі өнімнің өсуі мен пайыздық көрсеткіштер көп адамға қызық емес. Сондықтан бұл жерде баспана, балабақша, су, жер мәселелерінің көтеріліп, айтылып жатуы орынды. «Сын түзелмей мін түзелмейді» деген бар. Аудандағы кемшіліктің бірі – шағын және орта бизнес субъектілері санының аздығы. Бірақ бүгінгі басты талап санға емес, сапаға мән беріп, жұмыс істеп тұрған мекемелерді ғана қалдыру көзделіп отыр. Аудан облыстағы халқы көп өңірлердің бірі. Сондықтан мұнда атқарылған да, атқарылатын да жұмыстар көп-ақ, – деді Еркебұлан Дауылбаев.

Шу

Асыраушы саланың ахуалы қандай?

Кеше түс ауа Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев та аудандық мәдениет үйінде халық алдында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары бойынша есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев қатысты.
Басқосуда аудан әкімі Қайрат Досаев баяндама жасап, есепті кезеңде өңірде Елбасы Жолдауларынан туындаған міндеттер мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың барысына және өзекті мәселелерге тоқталды.
Былтыр ауданда құрылыс саласы қарқын алып, тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі ілгері басқан. Атап айтқанда, Шу қаласындағы Тоғай тұрғын алқабында 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Ал Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шу қаласындағы «Жетісу» тұрғын алқабында көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 75 отбасы баспаналы болды. Бұл орайда ең алдымен баспаналы болу бақыты жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарға, мемлекеттік және әскери қызметкерлерге берілген. Өз баяндамасында Қайрат Әскербекұлы автомобиль жолдарын күтіп ұстау, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, ауызсу құбырлары мен көгілдір отын тарту бойынша атқарылған жұмыстарға да айрықша тоқталды.
– Өткен жылы Қонаев ауылындағы су жүйелерінің құрылысы аяқталып, Абай ауылында су жүйесі, су шығару ғимараттарының құрылысы басталды. Сол секілді Мойынқұм ауылындағы су жүйелері мен су шығару ғимараттарының құрылысын жүргізуге бюджеттік өтінім берілсе, Ақтөбе, Оразалы батыр ауылдарындағы ғимараттар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары сараптамаға жолданды.
Қазіргі таңда аудандағы 36 елді мекеннің 10 ауылы газдандырылған. Алға, Сауытбек ауылдарына көгілдір отын тартылуда. Қалған 18 ауылды газдандыру үшін жалпы құны 6 миллиард 492 миллион 970 мың теңге болатын магистралды газ құбыры жүргізіледі.Биыл Шу қаласына баратын жоғары қысымды газ құбырына жақын 2 газ құбырының құрылысын жүргізу жоспарда бар, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Есепті баяндамада халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жастар саясаты салаларына да айрықша басымдық беріліп, бұл секторларда атқарылған жүйелі жұмыстар баяндалды. Өткен жылы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, туберкулезбен ауырғандар санын азайтуға, ауыл тұрғындарының медициналық нысандарға қолжетімділігін арттыруға көп күш жұмсалған.
Алайда ауданда шешімін күткен мәселелер де жеткілікті. Бұны аудан әкімінің есебінен соң жарыссөзге шығушылар көтерген түйткілдердің әралуандығынан аңғаруға болады. Мәселен аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Қазақбай Байжұманов қант қызылшасы алқаптарын ұлғайтуға қатысты өз ойын білдірді.
– Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Шу ауданына қант қызылшасын 2000 гектар жерге егу туралы жоспар қойылған болатын. Биыл да дәл осындай меже берілуде. Расын айту керек, Кеңес Одағы тарағаннан кейін шаруашылықтардың барлығы ұсақталып, жекелеген адамдардың меншігіне айналды. Уақыт өте келе, жекеменшікке берілген жерлердің басым бөлігі егін егуге жарамсыз болып қалды. Әрине, кез келген жердегі егістік ауыспалы болмағаннан соң, ол жерден мол өнім аламын деу бекер әурешілік. Біздің ауданымызда дәл осындай мәселелер бар. Оның үстіне тәтті түбірді жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы дерлік жарамсыз болып қалған. Содан барып қант қызылшасын еккен шаруалар тұқымды егу мен жиын-терін жұмыстарын қолдың күшімен атқарып, оны көршілес Меркі ауданындағы қант зауытына шарықтаған бағамен тасымалдауға мәжбүр, – деді.
Ал аудан тұрғыны Әлия Қожабекова мүгедектерді тасымалдауға арналған инватакси көлігін көбейту туралы ұсынысын білдірді.
Аталған мәселеге қатысты жауап берген аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы аталмыш түйткілдің бірнеше жыл бойы шешімін таппай келе жатқандығын да жасырмады. Дейтұрғанмен биылғы жылдың екінші жартыжылдығында инватакси мәселесін шешуді қолға алатындығын жеткізді.
Есепті жиында сөз алған аудан тұрғындарының бірі Ғазиз Ауғанбаев аудан әкіміне Шу қаласының іргесінде орналасқан Алға ауылдық округіндегі апатты жағдайдағы мектептің мәселесін жеткізіп, жаңа мектеп құрылысының нақты басталу мерзімін сұрады. Бұл мәселеге қатысты өз ойын білдірген аудан әкімі өңірдегі 2 апатты жағдайдағы мектептің жайын бақылауда ұстайтындығын айтып, мәселенің уақыт оздырмай шешілетіндігін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев жергілікті биіліктің жұмысын әлі де ширата түсу қажеттігін тілге тиек етті.
– Шу ауданының облыс әкімдігі басқармаларымен келісілген индикаторларының 14-іне қол жеткізілмеген. Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы потенциалы жоғары болғанымен, сала бойынша атқарылған жұмыс көңіл көншітпейді. Өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 15,6 мың гектары игерілмеген. Бұл облыстағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Жайылымдық жер тапшылығы байқалады. Өткен жылы ауданда 2000 гектар алқапқа қызылша егу жоспарланған. Алайда бұл алқаптың небәрі 601 гектарына ғана тәтті түбір егілді. Күзгі жиын-терін науқанында оның 129 гектарынан ғана өнім жиналып, қызылшаның 20 пайызы ғана өткерілді. Аудан әкіміне биыл өңірде жұмыс жасайтын «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе әрекет етуді тапсырамын. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімі қызылша қабылдау пунктін ашу бағытында жұмысты қолға алуы қажет, – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Шу ауданындағы егістік алқаптарын минералды тыңайтқыштармен өңдеу жұмысының баяулығын да сын тезіне алды. Сонымен бірге Мұратхан Жүнісәліұлы жергілікті билік жұмысын ұйымдастыруда аудандағы жас жеткіншіктердің өзіне-өзі қол салуы оқиғалары мен мектеп оқушылары арасындағы қылмыстың өрши түскенін қаперде ұстауды тапсырды. Сәйкесінше, аудан әкімі тиісті көрсеткіштердің орындалмауын өңірде ірі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жоқтығымен және жер пайдаланушылардың әрекетсіздігімен байланыстырып, тиісті шараларды қолға алуға уәде берді.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР