Облыстық әкімдікте

Аудан әкімдері мен басқарма басшылары неге бірлесіп жұмыс істемейді?

Written by Aray2005

Өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарын ұлғайту және жерді тиімді пайдалану мәселелері облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен аппарат кеңесінде сөз болды.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Күлкеевтің айтуынша, аймақтағы егістік дақылдары себілген жердің жалпы көлемі 715 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға көп. Әйтсе де кейбір аудандар 2020 жылғы егін егу жоспарын толығымен орындамаған. Мәселен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Кордай, Шу аудандары майлы дақылдарды егу жоспарының үдесінен шықпаған. Ал Қордай, Талас, Шу аудандары қант қызылшасын Тараз қаласы және Жуалы аудандары картопты алқаптарды тиісті мөлшерге жеткізе алмаған. Тек дәнді және бұршақты дақылдарды, жеміс-жидек пен жем-шөп егу жоспары ғана асыра орындалған.
Кейбір аудандарда ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту қажет. Сонымен қатар барлық салаларда суды үнемдейтін технология толық енгізілмеген.
Басқарма басшысының орынбасары агроқұрылымдағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Ол ауыл шаруашылығы ұйымдарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы айта келе, биыл басым бағыттағы дақылдар өндіруге және минералды тыңайтқыштар сатып алуға шығындарды өтеуге субсидия бөлінгенін мәлімдеді.
Дегенмен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салада атқарылып жатқан жұмыстардың көңіл көншітпейтінін айтты. Өңір басшысы егістік алқаптарын ұлғайту, ресурстарды үнемдейтін технологияларды енгізу, жемістер мен көкөністерді өсіруге инновациялық технологияларды енгізу арқылы егістік жерлерді ұтымды пайдалану жөнінде нақты шаралар қабылданбағандығын сын тезіне алды.
– Ауыл шаруашылығы – аймақ экономикасының негізгі қозғаушы күші. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Біздің басты мақсатымыз – импортты азайтып, аймақты жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Бұл үшін біздің облыста барлық жағдай мен мүмкіндіктер бар, тек аудан әкімдері мен тиісті басқарма әлі бірлесіп жұмыс істей алмауда, – деді облыс әкімі жауапты мамандарға.
Облыс әкімі егістік алқаптарға тиімді дақылдарды орналастыру қажеттігіне де баса назар аударды.
– Жамбылдың құнарлы жері өзімізді ғана емес, сонымен қатар көршілес облыстарды сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Бердібек Машбекұлы. Бұл орайда аудан әкімдерінің осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыра алғаны жөн.
Жиында Бердібек Сапарбаев ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту, егістік жерлер мен су ресурстарын тиімді пайдалану туралы тапсырма берді.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» ақционерлік қоғамының басқарма төрағасы Олжас Каржауов аймақта «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамымен бірлесіп, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бойынша жаңа жоба іске қосылып жатқанын айтты. Осы жылдың соңына дейін 100 бірлік техниканы, келесі жылы 500 техниканы жаңарту жоспарлануда.
Облыс әкімі бұл жобаны қолдап, даму институттарымен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жауаптылардан ара, балық шаруашылығы, жеміс-жидек кластерін дамыту, сүт және ет өнімдерін шығару бойынша ұтымды идеялар күтетінін айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР