Аудан әкімдері жемісті жобаға бөлінген қаржыны тиімді пайдалануы қажет

0 72

Қаймағы бұзылмаған қазақы атакәсіптің алтын бесігі атанған ауылдық елді мекендерді көркейту бүгінгі күннің негізгі басым бағыты болып отыр. Бұл ретте «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аймақта атқарылғаннан атқарылатын жұмыс әлі де көп. Жер ырысы берекелі болса, ел тіршілігі де мерекелі болары сөзсіз. Осы ретте кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен жиын өтті.

Басқосуда ең алдымен «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар пысықталды. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова жоба аясында жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесі мен жоспарларын атап өтті.
– Жобаны іске асыру есебінен бірінші кезекте әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жақсарды. Жоба негізінен ауыл халқының әлеуметтік игіліктері мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешуді көздейді. Ең алдымен жобаны іске асыру тірек елді мекендерге іріктеу жүргізу, әр елді мекен бойынша жол картасын әзірлеу, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы халықты ақпараттандыру кезеңдерінен тұрады, – деген Гүлдана Әлімжанқызы алға қойған межелі мақсаттарымен де бөлісті.
Айтуынша, Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты әлеуметтік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету үлесін осы 2021 жылы 61,8 пайыз, ал 2025 жылы 95,1 пайызға жеткізу жоспарланып отыр екен.
– Биыл аталған жоба аясында 71 ауылдық елді мекенде 10 миллиард теңгеге жуық қаржыға 124 жобаны іске асыру көзделуде. Жоспар бойынша 16 әлеуметтік нысан құрылысы, атап айтқанда
3 мектепке жапсарлас ғимарат, 2 дәрігерлік амбулатория, 3 мәдениет үйі, 8 спорт кешенінің құрылысы жүргізіледі.
Сондай-ақ 4 су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары, 7 мектептің қазандығын көгілдір отынға ауыстыру, 2 ауылішілік газ құбырларының құрылысын салу жұмыстары да жоспарда қамтылған. Бұған қоса 20 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізіледі. Онда 9 мектеп, 5 денсаулық сақтау нысаны, 5 мәдениет ошағы, 1 орталық стадион бар. 155 шақырым ауылішілік жолдар орташа жөнделетін болады. Нәтижесінде 1 519 уақытша, 133 тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Осы жұмыстарды атқару барысында облысқа инвестиция тартылып, жергілікті құрылыс материалдары өнімі өндіріледі. Бердібек Машбекұлы, осы ретте сізден аудан әкімдеріне жұмыстардың мерзімінде сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсыруыңызды сұраймын,– деді басқарма басшысы.
Бұл ретте аймақ басшысы жоба аясында бөлінетін қомақты қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты болғандықтан білім және денсаулық сақтау, сонымен қатар құрылыс басқармасы басшыларына, аудан әкімдеріне жұмыс сапасын жіті қадағалауды тапсырды.
– Демеушілерді тарта отырып, елді мекендерді көркейтуге атсалысуға жұмылдыру керек. «Жомарт түлек» деген акция өткізілді. Бірақ оның ары қарай жүргізілуі нашар. Аудан әкімдері оған көңіл бөлмейді. Бұл бағдарламаның ауыл үшін маңызы үлкен. Ең бірінші негізгі міндет – берген қаржыны тиімді пайдалану. Екіншіден, құрылыстың барлығы сапалы орындалуы қажет, – деген облыс әкімі құрылыс нысандарының конкурсын жеделдетіп өткізуді тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов сөз алып, алдағы мамыр айында Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күні мерекелерін атап өту жөнінде бекітілген іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Басқарма басшысының айтуынша, карантиндік жағдайға байланысты мереке кезінде онлайн шараларға едәуір басымдық берілмек. Аулалар мен скверлер, саябақтарда да адам саны шектеулі шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар тәуелсіздіктің отыз жылдық кезеңдеріндегі елдің жетістіктеріне жіті назар аударылатын болады.
Жиын барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков аталған іс-шаралар шашыраңқы болмас үшін барлығын біріздендіретін ортақ концепция қажет екенін тілге тиек етті. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бірқатар мәселе бойынша тиісті тапсырмалар берді.
– Мерекедегі негізгі бағыт бірлік, ынтымақ, достық төңірегінде болуы керек. Шалғай елді мекендер, ықшамаудандар да қамтылуы тиіс. Іс-шаралар тек орталық саябақтарда ғана өтпеуі қажет. Бүгінгі қаралған екі сұрақ та халқымыз үшін үлкен маңызға ие. Бірі халықтың әл-ауқатын жақсартады, екіншісі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл ретте аудан әкімдері жұмысты жүйелеуі қажет. Мысалға егін егу мәселесі бойынша әлі де қарқын нашар. Сарысу, Талас, Байзақта жылдағы көрсеткіштен артық егін егілуі керек. Оның ішінде қазіргі сұраныстағы көкөніс, бақша өнімдеріне басымдық берілуі тиіс. Азық-түліктің бағасы бойынша да нақты шара қолданбаған. Оған қоса мобильдік топтардың жұмысына төтенше жағдайлар, полиция департаменттері қатысуы қажет. Денсаулық сақтау саласы бойынша емханаларда әлі де бюрократия көп. Тіпті кейбір емханаларда науқастар дәрігермен кездеспейді екен. Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттамауын қадағалау маңызды. Жоғарыда айтып өткен «Жомарт түлек» акциясының да нәтижесі жоқ. Мереке күндері соғыс ардагерлері ескерусіз қалмасын. Өскелең ұрпаққа еліміздің амандығы, болашағы, дамуы жолында қанын төккен, жанын қиған майталман, майдангерлерімізді үлгі етуіміз керек. Оның тәрбиелік маңызы жоғары,– деген облыс басшысы жауаптыларға нақты міндеттемелер жүктеп, жиын соңында қызметке жаңадан тағайындалған облыс әкімдігі құрылыс және туризм басқармаларының жаңа басшыларымен таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.