Сұхбат

«Аудандағы арнаулы орта оқу орындарының жай-күйі алаңдатады»

Written by Aray2005

Айнұр Рахымбаева,
Шу аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры,
аудандық мәслихаттың депутаты

– Айнұр Қамшыбайқызы, «Жастар ресурстық орталығының» директоры қызметінен бөлек, аудандық мәслихаттың депутатысыз. Халық қалаулысы болғаннан кейін, ел де, жастар да сізден үлкен үміт күтетіні сөзсіз. Айтыңызшы, депутат ретінде жұрт жадында жатталардай нендей істер атқара алдыңыз?
– Ел ертеңі саналатын жастармен жұмыс қай-қайсысымызға болмасын үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ал, халық қалаулысы болғаннан кейін бұл жауапкершілік екі еселене түседі. Сондықтан, мен депутатпын не директормын деп арқаны кеңге салып жүрген емеспін. Депутаттыққа сайланғаннан кейін жастардың ғана емес, өзіме қарасты округ тұрғындарының да мәселелеріне жіті көңіл бөле бастадым. Ауылдың хал-ахуалы сол округтің әкіміне ғана емес, маған да тікелей байланысты болғандықтан тұрғындармен жиі кездесіп, түйіні тарқамаған түйткілдерін бірлесе шешуге тырысудамын. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін елге түсіндіріп, жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудемін. Соның арқасында көптеген азаматтар жеке кәсібін ашып, аудан экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Тағы бір айта кетерлігі, халық қалаулысы ретінде қайырымдылық шараларына да ұйытқы болып жүрмін. Бұның барлығы халық үшін жасалып жатқан дүниелер.
– Облыстағы жастар орталықтары арасында басшылық қызметте отырған жалғыз қыз баласы өзіңізсіз. Әрине, елімізде гендердік саясат жүзеге асып тұрған тұста, бұл қалыпты да құбылыс. Десе де, күнделікті ер балалармен қызмет атқаруда қиындықтар тумайды ма?
– Бұл мәселеге қатысты еш қиналған емеспін. Себебі, мен қол астымдағы мамандарды қыз-жігіт деп бөліп-жармаймын. Оларға мүмкіндігінше бірдей қарауға тырысамын. Аудан жастарына келер болсақ, бүгінгі жасөспірімдердің ойлау жүйесі мүлде өзгеше. Өз заманынан озық туған. Ондай жастармен жұмыс жасағаннан жан рахатын табасың. Рас, осыдан бірнеше жыл бұрын Шу ауданында жастар арасында бұзақылық дендеп тұрды. Ол кезде де әрбір жастың тілін тауып, жұмысты жүйелей білдік. Қазір болса, білімге құштар, тәртіпке берік, түсінігі кең, жаңашылдыққа жаны құмар, иманды жастар өте көп. Олар мені қыз баласы ретінде аялап, бағалайды.
– «Жастар ресурстық орталығының» тізгінін қолға алған уақыттан бері ауданның жастар саясатына қандай оң өзгерістер алып келе алдыңыз?
– Жастар саясатында оң өзгерістер өте көп. Бірақ, ол тек менің ғана еңбегім емес. Бұл жылдан-жылға мемлекет тарапынан жастар саясатына деген қолдаудың артқаны мен сол саясатты мүлтіксіз жүргізіп отырған ауданның әрбір жасының еселі еңбегінің арқасы деп білемін. Бүгінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жұмысы бір жүйеге қойылған. Орталықта психолог, заңгер, теолог мамандары тұрақты түрде қабылдаулар жүргізеді. Жастар да бұған үйренген. Қандай да бір мәселе туа қалса, бірден бізге қайырылып жатады. Олардың орталықпен тығыз байланыс орнатуы – біз үшін маңызды. Жергілікті, облыстық басылым беттерінде тұрақты түрде жарияланып отыратын сенім телефонына шалғайдағы ауылдардың жастары да қоңырау шалып, көкейлеріндегі мәселелерін айтып, қажетінше кеңес алып жатады.
Әрине, қанша жерден белсенді болғаныңмен мемлекеттік жастар саясатының нақты тұжырымдамасы болмаса, бюджеттен мардымды қаражат бөлінбесе, жұмыс жүргізу қиын. Сондықтан, жастар саясатына әрдайым қолдау білдіріп отырған Елбасына және облыс, аудан басшылығына алғысым шексіз. Осындай қолдаулардың арқасында бүгінде біз жастармен жиындар ғана өткізіп қоймай, олардың әлеуметтік мәселелеріне үңіліп, оң шешім табуына ықпал ете алатындай деңгейге жеттік.
– Қазір жастар орталықтарының негізгі жұмысы жастарды жинап алып, «алаулатып-жалаулатып» акция өткізуден ары аса алмай отырғаны ақиқат. Мұндай аты басқа, заты бір басқосулардан жастар да мезі болғаны жасырын емес. Айтыңызшы, осы үрдістен арылу үшін не істемек керек?
– Қойып отырған сұрағыңыз өте орынды. Рас, жастар қазір бізден жаңашылдық күтеді. Осы орайда, жастар саясаты жаһандық көштен бір елі қалмауы керек. Сондықтан, мен өзім жаңашылдыққа жаны құмар жастардың басын жиі қосып, пікірлерін, ойларын, ұсыныстарын тыңдаймын. Сондай-ақ, жастар арасында түрлі сауалнамалар жүргізіп, соның нәтижесінде айлық жоспарымды бекітемін. Бір сөзбен айтқанда, ескі үрдістен арылып, жастардың қызығушылығын ояту үшін сол жастардың өзін тыңдау керек. Олардың пікірлерімен санасу қажет. Сонда ғана көпке ортақ бастамаларды көтеріп, жастармен бірге бола аласың.
– Тағы бір байқағанымыз, қазір аудандық жастар ресурстық орталықтары арасында ауызбіршілік жоқ сияқты. Оны біз облыс көлемінде өтетін шараларда жиі байқап жүрміз. Сонда әрқайсысы өз алдына үй тігіп, ешкіммен санаспаса, жастар саясатындағы ортақ мүдде қайда қалды?
– Бұл сөзіңіз, ащы да болса шындық. Рас, қазір аудандық жастар ресурстық орталықтары тікелей аудан әкімдіктеріне қарайтын болғандықтан, бір-бірімен байланыс жасауды қойды. Бұрнағы кезі ортақ бір басқармаға бағындық, не істесек те кеңесіп, ақылдасып жасайтынбыз. Қазір жастар орталықтары бір-бірінің аудандарында өтіп жатқан шараларға түрлі сылтауды алға тартып бармайды. Мен өз басым қай жастар орталығының шарасы болса да, ұжымыммен бірге қалмауға тырысамын. Және білмеген жерлерімді сұрап, әрдайым басқармамен және өзге аудандық орталықтармен байланысымды үзбеймін. Мен бұған қорыққанымнан немесе жұмысты жүйелей алмағаннан барып отырғаным жоқ. Қайта жастар әрқашан бірге болуы керектігін көрсеткім келеді. Алайда, оны түсінген де, түсінбегендер де бар.
Осы орайда, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысына бір ұсыныс айтқым келеді. Егер басқарма айына немесе екі айда бір барлық орталық жастарының басын біріктіріп, еркін форматта әңгіме өрбітіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдаса, бұдан ұтарымыз көп болар еді. Осыны басқарма басшысы ескеріп, бір жоба дайындайды деп сенемін.
– Қазіргі таңда, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Тиісінше, оның игілігін көріп жатқан жастар да жетерлік. Осындай бағдарлы бастамалардың шарапатын шулық жастар қаншалықты сезінуде?
– Мемлекеттік бағдарламаларға қатысты шулық жастардың белсенділігі өте жоғары. Мәселен, «Zhas projekt» бастамасына облыс бойынша 222 жоба ұсынылған болса, соның 28-і біздің жастарға тиесілі. Қазір аталмыш жобаға қатысу бойынша облыс көлемінде үшінші орындамыз. Және 28 жобамыз да қолдау тауып, қазір жастарымыз қол жеткізген гранттарымен өз кәсіптерін ашуда. Бұл өлкеміз үшін үлкен олжа.
Одан бөлек, жанданып жатқан түрлі жобалардан жастарымыз шет қалмауда. Әсіресе, кәсіпкерлік саласына бағытталған жобалардан шулықтар өз үлесін алып, бүгінде соның жемісін көріп отыр.
– Айтыңызшы, қазір ауданда нендей мәселелер сізді алаңдатады?
– Аудандағы арнаулы орта оқу орын­дарының жай-күйі мені қатты алаңдатады. Қазіргі таңда, ауданда бір мемлекеттік және үш жекеменшік колледж студенттерге білім беруде. Осы жекеменшік арнаулы орта оқу орындары сұранысқа ие мамандықтарды оқытса, жастар жұмыссыздығы азаяр еді. Бұл мәселені жуырда өткен облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңесте «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Уәлихан Болатбек көтерген болатын. Енді осыдан кейін жан-жақты жұмыстар қолға алынып, бір шешімін табады дегенге сенім мол.
– Бағамдақ қарасақ, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директорлық қызметінде отырғаныңызға 10 жылға жуықтапты. Бұл аз уақыт емес. Егер жергілікті билік тарапынан өзге қызмет ұсынылса, оны да ұршықша иіріп әкете алар ма едіңіз?
– Қазақ даналығында «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген жақсы сөз бар. Мен осы таңға дейін жастар орталығының жұмысын ыждағаттылықпен жүргіздім. Әлі де қолымнан келгенін аямаймын. Десе де, егер жергілікті атқарушы билік өзге қызмет ұсынып жатса, қоғам мүддесі үшін аянбай тер төгуге дайынмын. Мен үшін ең бастысы былғары орындық емес, ел есінде қалар жүйелі жұмыс бағалы.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР