Жамбыл жаңалықтары

Аудандағы барлық мәселе ашық айтылды

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың аудан, ауылдардың әлеуетімен танысып, шаруа қожалықтары мен кәсіпорын басшыларымен, сондай-ақ, қарапайым тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді шешу жолдарын саралау мақсатындағы жұмыс сапары өз жалғасын табуда. Бұл жолы өңір басшысы Т.Рысқұлов ауданына ат басын бұрып, нысандарды аралады.

Ең алдымен облыс әкімі Қазақстанның Еңбек Ері Сайранбай Дөненбаев басқарып отырған «Шәушен» шаруа қожалығында болып, агроқұрылымның тыныс-тіршілігімен танысты. Қожалық төрт жыл бұрын «Тау қымызы» емдеу орталығын ашқан болатын. Мұнда сондай-ақ балшықпен емдеу, фитобөшке, гидромассаж, тұз шахтасы сынды емдеу түрлері де қолданылуда. Енді орталық қысым камерасын алуды жоспарлап отыр. Шаруасы шалқыған шаруашылықтың жұмысынан жан-жақты хабардар болған өңір басшысы аймақта әлі қолданысқа енбеген мүйізбен емдеу ісін қолға алуға кеңес берді. Бұдан бөлек Бердібек Машбекұлы табиғаты таңғажайып аймақтан атпен серуендеу жолағының сызбасын жасауды ұсынды.
Тауға жақын маңда орталықтың қонақүйі мен сегіз коттеджі орналасқан. Келушілерге жасанды көл мен спорттық алаң қызмет көрсетеді. Сондай-ақ қонақтарға үй маңындағы бау-бақшада өсірілетін жеміс-жидек ұсынылады. Ал мұнда бірреттік тынығып қайту бағасы 5-10 мың теңге аралығында.
Т.Рысқұлов ауданының брендтерінің бірі – «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екені даусыз. Серіктестіктің тәулігіне 15 тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Алайда қазіргі таңда кәсіпорын өз жүктемесінің 15 пайызымен ғана жұмыс істеп тұр. Зауыт басшысы Александр Линиктің айтуынша, жергілікті шаруалар құрама жем сатып алуға құлық танытпайды. Оның орнына арзан тұратын арпаны малға азық етуді тиімді санайтын көрінеді.
– Халыққа құрама жемді қолдану төрт түлік үшін пайдалы екенін жіті түсіндіру керек. Ол үшін жоғары ұйымдастырушылық пен жақсы жарнама қажет, – деді өңір басшысы.
«Луговой жылқы зауытының» өзінде су мәселесі өзекті болып отыр. Алайда оған қарамастан серіктестік алдағы уақытта саяхаттауға жиі келетін балаларға арналған қонақүй салуды жоспарлауда. Себебі бүгінде атақты Абсенттің тұқымын көруге келушілердің қарасы артуда.

Кәсіпорынмен танысу барасында облыс әкіміне ағылшын және ақалтеке тұқымдас жылқылардың ең жүйріктері таныстырылды. Және серіктестік басқарушысы Александр Линик аталған арғымақтар ел көлемінде ұйымдастырылған додалардан талай мәрте дара келгенін атап өтті.
Көгершін ауылындағы 1960 жылы тұрғызылған ескі мәдениет үйінің ғимаратын жылқы зауыты коммуналдық меншікке беруге ниетті. Алайда нысанды жан-жақты аралап көрген Бердібек Машбекұлы ғимаратты жаңғыртқаннан гөрі, жаңасын тұрғызу тиімді екенін айтты.
– Көгершін ауылындағы көгалдар мен жайлы жолдар көңілге қуаныш сыйлайды. Мұнда мектептің күрделі жөндеу жұмыстарынан бастап, балабақшадағы орын тапшылығын да шешеміз. Ауылға мәдениет үйі де керек, бірақ бюджет қаржысын бағыттамас бұрын, нақты есеп жүргізіп, шығынды да барынша үнемдеген жөн, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
«Меркі жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Құлан және Жақсылық ауылдарын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралімен байланыстыратын жолдың он шақырымдық аумағына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс барынша қарқын алған, жол жөндеушілер нысанды төрт айдың ішінде пайдалануға беруге уәде етті.
Жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 280 нысанның жөндеу-құрылыс жұмыстарына 3,2 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Олардың басым бөлігі, яғни 125 жоба көшелерді жарықтандыру, ал 42-сі білім саласына қатысты. Нәтижесінде 490 жұмыс орны ашылмақ.
«Құлан тағам комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылары минералды су және сусындар өндірісі зауытын іске қосу үшін өз қалталарынан 380 миллион теңге қаржы қарастырыпты. Алайда жұмыс ойдағыдай жүре қоймаған. 120 миллион теңгедей айналым қаражатының жоқтығынан кәсіпорын 2014 жылдан бері тоқтап тұр. Бүгінде оған аймақтық кәсіпкерлер палатасы көмектесуге уәде беруде. Олардың қолдауымен комбинат «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қатысушылары қатарына еніпті.
Осы ретте облыс әкімі облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығына жергілікті өндірушілерге СТ-KZ сертификатын беруді жылдамдату керектігін кезекті рет ескертті.
Өңір басшысының аудандағы жұмыс сапары Қарақыстақ шатқалында орналасқан аудандағы балалар және жасөспірімдер орталығының жалғыз жазғы лагерінде түйінделді. Мұнда 270 баланы сауықтыру көзделген, маусымға дайындық барысы жоспарлы түрде жүруде. Лагердің жатын корпусы 1974 жылы салынған екен. Сондықтан күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Т.Рысқұлов ауданының білім саласындағы нысандарының тек жөндеу және құрылыс жұмыстарына барлығы екі миллиард теңге бөлінген. Оны уақытылы әрі сапалы игеру талап етілуде.
– Жұмыс тобы тек құрылыс жұмыстарының сапасына ғана емес, аумақтың санитарлық тазалығы мен елді мекендерді абаттандыруға да баса мән беруі керек, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР