Аудандарда оттегі стансасы неге жоқ?

0 9

Қытайдың Хубэй провин­циясын­дағы Ухань қаласында алғаш рет тіркелген қатерлі COVID-19 вирустық инфекциясы адамзатқа үлкен үрей туғызып, бүкіл әлемді «жаулап» алғанына, міне, бір жылдан асты. Осы мезгілде бұл ауыр індет дүниежүзінің 215 еліне тарап, онымен 110 миллионнан астам адам ауырып, олардың 2,5 миллионы осы тажалдан көз жұмыпты.

COVID-19 вирустық инфекциясының бірінші толқынының өзі көптеген елді қатты әбігерге түсіргенін білеміз. Өкінішке қарай, біздің елімізді де бұл індет айналып өтпеді. Пандемияның екінші толқыны біраз елде басталып, коронавирустың жаңа түрлері (өзгертілген, мутацияға ұшыраған штамдары – «британдық», «бразиялық», «Оңтүстік Африка» коронавирус штамы және тағы басқа) халық арасында кеңінен тарала бастады. Қазақстанда коронавирустың жаңа түрлері әзірше тіркелген жоқ деп мәлімдейді еліміздің бас санитарлық дәрігері. Әрине, беті аулақ, оның болмағаны халыққа жақсы. Сонда да оған дайындық барынша жүргізіліп жатыр. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері коронавирустың алдын алу шаралары, оған дайындық және карантиндік талаптардың орындалу барысы жайлы білмекке өңіріміздегі біраз емханалар мен ауруханаларды тексеріп шығып, таяуда өздерінің отырысында қараған болатын. Қоғамдық кеңес отырысында облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстың бас санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Найля Муликова есеп беріп, облыстағы жалпы ахуалды баяндады.
Әлі де халық арасында коронавирус індеті жайлы түсініспеушілік басым. Індет біреуден екінші адамға ауа арқылы, қол алысқанда, бетпердесіз, яғни жақын жүргенде жұғатыны белгілі. Бірақ өкінішке қарай, сол талаптарды өзі жүрген ортада орындамайтын жандар арасында тажал індет тарап, біразын ауыр халге жеткізіп, тіпті одан бақилық болып жатқанын көріп отырмыз.
«Қазақ – тойшыл халық» деп кеуде керіп мақтанамыз. Сол той өткізу алғашқыда барлық өңірде біраз уақыт тыйылғаны белгілі. Бірақ, соңғы кезде ол бұрынғы, бейберекет дағдылы жолға оралып, астыртын тойлар барынша әр ауылда, қалаларда «ұрланып» өткізіліп жатқаны жасырын емес. Пандемияға қарсы құрылған мобильдік топтар (оның құрамына әкімшілік қызметкері, дәрігер, полиция, журналистер және тағы басқа) өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындап отыр дегенге сену қиын, жауапкершілік жоқ, бардым-келдіммен қызмет етуде. Ол топтар қағаз жүзінде бар да, атқарып жатқан іс-шаралары тым мардымсыз. Жыл басынан бері, яғни өткен 1,5 айда карантиндік талаптарды бірнеше рет бұзған екі кафе-ресторан жабылып, мемлекет есебіне жалпы алғанда бар болғаны 20 миллион теңге айыппұл түсіпті. Ал «Құрыққа» ілінбегендері қаншама?
Жалпы алғанда облыс көлеміндегі ауруханалар мен емхана қызметкерлері коронавирус індетін азайту мақсатында біраз дайындық жұмыстарын жүргізген. Өкінішке қарай, кейбір емханалар (қалалық №7 және тағы басқа) мен ауруханалар (Меркі ауданының орталық ауруханасы) COVID-19-дың екінші толқынына толық дайын емес. Бұл мекемелердің басшылары мен эпидемиологтары өз қызметтеріне аса жауапкершілікпен қарамай, дайындық және профилактикалық жұмыстарды қожыратып алған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағынан емдеу-профилактикалық мекемелердің коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық шараларын ұдайы бақылауда ұстап, орын алып отырған кемшіліктерді қысқа мерзімде ретке келтіргендері орынды болар еді. Солардың бірі – алыс, шалғайда жатқан аудандық ауруханаларды шағын көлемді оттегі стансасымен қамтамасыз ету мәселесі. Әйтпесе олардың барлығы қазір оттегі толтырылған баллондарды облыс орталығынан, яғни Тараздан тасуға мәжбүр. Ол баллондар дер кезінде жеткізіліп жатса жақсы, ал базбір себептермен олай болмай қалса ше?
Тағы бір мәселеге көңіл аударғанымыз жөн. Ковидпен ауырған кісіге дер кезінде диагнозы анықталу үшін ПТР-сынама алу әр аудандық ауруханада немесе емханада болғаны жөн сияқты. Мысалға айтар болсақ, сонау 400 шақырым жердегі Мойынқұм өңірінен ПТР жасау үшін тест сынамасы облыс орталығы Таразға жіберіліп, оның жауабы 3-4 күннен кейін ғана белгілі болса, одан не қайыр?
Пандемияға мемлекет бөлген қаржы барлық жерде толық, орынды игеріліп жатыр ма? Гуманитарлық көмек арқылы келген заттар қайда, кімдердің қолында? Осы сұрақтар қазір біраз елді толғандырады. Сондықтан көпшілік тиісті бөлінген қаржының қайда, неге кетіп жатқанын біліп отырғаны жөн-ау деп ойлайсың. Әйтпесе пейілі жұтаң кейбір басшылар қазіргі пандемияны «бетперде етіп», өзінің бас пайдасына айналдырғысы келетіндері де жоқ емес. Тіпті солардың базбірінің қазір тергеуде жүргені белгілі. Иә, ойланатын мәселе аз емес…
Ковидтен халықты сақтау мақсатында Қазақстанда екпе жүргізу ісі ақпан айында басталды. Ресейлік «Спутник V» вакцинасымен екпе алған алғашқы медицина қызметкерлерінің және кейбір еріктілердің пікірінше, екпе жеңіл, асқынусыз, зиянсыз өтуде. Олар ел арасындағы алыпқашпа, өсек, желбуаз сөздерге мән бермеуді сұрайды. Жаз айларында еліміздің өзінде (облысымыздың Қордай ауданындағы Гвардейский қалашығында жаңадан салынған биофармацевтикалық зауыттың өнімі) жасалған вакцинаның қолдануға жіберілетіні жайлы жағымды хабар бар. Ол бұл күндері зерттеудің үшінші кезеңінен өтуде. Сәті түссе, ол да көп уақыт өтпей халық игілігіне жарайды деген сенімдеміз.
Әлемді жайлаған COVID-19 індетінің беті, өкінішке қарай, әзірше қайтпай тұр. Күн сайын елімізде бір мыңға жуық адам ковидтің қармағына ілігіп, олардың біразы өмірмен қоштасып жатқаны өкінішті. Бүкіл дүниежүзі сияқты, біздің елімізде де қатерлі індетпен күресуге бар мүмкіншілік жасалуда. Әйтсе де «Сақтансаң – сақтаймын!» дегендей, ауру жұқтырмау – азаматтардың өздеріне тікелей байланысты екенін естен шығармайық. Карантиндік талаптарды әрбір азамат орынды қабылдап, індеттен қорғану талаптарын барынша сақтаса, бұл ауыр індеттен, оның әкелетін зардаптарынан көп уақыт өтпей құтылар едік. Әттең, олай болмай тұр. Жаһанды шарпыған жаман індет аяғын әзірше тартпай, дендеп тұр. Басты себеп – көпшілік әлі де бұл ауыр індеттің қатерлі жағын түсінбей, енжарлық танытып, қауіптілікті сезінбей, одан қорғану шараларына салғырт, бейқам, бейжай қараудан арыла алмай келеді. Сөйтіп, өз қауіпсіздігіміз өз қолымызда екенін естен шығарып жүрміз. Бар жауапкершілік – өзімізде екенін ұмытпайық.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,

облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.