Жамбыл жаңалықтары

Аудандарда сақтық шаралары күшейтілді

Written by Aray2005

Коронавирус дертіне қатысты елімізде жарияланған төтенше жағдайдан кейін облыс орталығында сақтық шаралары күшейтілгені белгілі. Бұдан бөлек аудандар да өткізу бекеттерін орнатылып, қазір барынша күшейтілген режимде жұмыс жасауда.

Мойынқұм ауданында төтенше жағдай кезеңіндегі ахуалды бақылау және инфекцияның таралуына жол бермеу бағытында 4 мобильдік топ құрылған. Топ мүшелері аудандағы 371 нысанды аралап, ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізген. Індетті алдын алу және болдырмау мақсатында санитарлық блок-пост Бірлік ауылдық округінде орнатылған. Осылайша республикалық мәндегі Қарағанды және Нұр-Сұлтан бағытындағы автомобиль жолы жіті бақылауға алынып отыр.
Өткізу бекетінде полиция қызметкерлері мен орталық аурухананың медициналық мамандары, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, жергілікті билік өкілдерінен тұратын кезекшілік құрылған. Және мамандар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер «бетперде тағу» режимінде жұмыс істеуде. Аудан аумағында өндіріс ошақтары алаңдарында санитарлық талаптар толық сақталған. Өлкедегі барлық дүкендер де азық-түлік жеткілікті.

*      *      *

Кеше Шу ауданында коронавирус жұқтырған бір азамат тіркелді. Осы орайда елді мекенде сақтық шаралары күшейтіліп отыр. Мұнда бірінші күннен Шу теміржол вокзалы бақылауға алынып, тиісті тексеріс және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Төтенше жағдай кезінде ауданда ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Кафе мен мейрамханалардың жұмысы кешкі 22:00-ге сағатқа дейін шектелуде.

*      *      *

Жуалы ауданы аумағында коронавирус инфекциясының алдын алу және болдырмау мақсатында екі санитарлық пункт құрылған. Оның бірі Шақпақ ауылдық окургі, яғни «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан болса, екіншісі Қошқарата ауылдық округінде. Мұнда мамандар облыстар арасындағы бекеттен өткен жүргізушілер мен жолаушылардың дене температурасын тексеріп, арнайы сауалнама жүргізуде.
Бұдан бөлек аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Қамқор» қайырымдылық-волонтерлік клубының ұйымдастыруымен белсенді жастар аудан тұрғындарына қажетті 2000-ға жуық бетперде тігуді бастады. Алдағы уақытта 10 мыңнан астам бетперде тігу жоспарлануда.

*      *      *

Таластықтар бір-біріне барынша демеу жасауда. Ұлыстың ұлы күніне орай аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған мекеме басшылары аз қамтылған 7 қоғамдық жұмысшыны құттықтап, алғашқы қажетті азық-түліктер табыстады. Аудан әкімі Қаратау қаласының тазалығы мен көріктендірумен айналысатын «Таза Талас» мекемесінің қызметкерлері жұмысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Аудан басшысының игі ісін Ақкөл ауылының 1979 жылы туылған белсенділері жалғап, 22 отбасыға қайырымдылық жасап, 1 ірі қара малын сойып етін таратты. Мұндай жарқын бастамаға аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясының мүшелері және шаруа қожалықтарының жетекшілері де үлес қосуда.

*      *      *

Сарысу ауданы Жайылма ауылындағы «Сарысу–Созақ» шекарасындағы бақылау бекеті штаттық режимде жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ елді мекендегі төтенше жағдай кезіндегі бағаның тұрақтануын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған топ арнайы тексеріп, бұл мәселе жергілікті биліктің де жіті бақылауында.
Індеттің алдын алу мақсатында Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйде тұратын халық та барынша сақтық шараларын жасауда. Тұрғындар екі-үш күн сайын тұрғылықты орындарын дезинфекциялауды әдетке айналдыруда. Барлық пәтер иелері тұрақты дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуге өздері ұсыныс білдірген.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР