Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

0 6

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл. Жауынгерлік борышын өтеп, от кешкен Ауған ардегерлерін ұлықтау бір сәтке тоқтаған емес. Осыған орай, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебінің Тараз қалалық филиалында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.
Әскери-техникалық мектептің курсанттарымен өткен кездесуге ҚР Қарулы күштер және Ауған соғысының ардагері, генерал-майор Әлімжан Ерниязов, облыстық Қарулы Күштер Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамиль Тартықов және Ауған соғысының ардагерлері Ғани Саражанов пен Бүркіт Мейірманов қатысты. Салтанатты шарада курсанттарға Ауған соғысы туралы бейнесюжет көрсетілді. Онда он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгерлер өздерінің интернационалдық міндетін атқарғаны баяндалады. Сондай-ақ аталған соғыста кеңес қарулы күштерінің арнайы мақсаттағы тобын басқарған, «қара майор» лақап атымен әйгілі Борис Керімбаев туралы тың мәліметтер айтылған.


Бұдан соң ҚР Қарулы күштер және Ауған соғысының ардагері, генерал-майор Әлімжан Ерниязов сөз тізгіндеп, бұл соғыс ауған елінің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен ұзаққа созылғанын жеткізді. Сонымен қатар ол Ауған жеріне 18 жасқа енді ғана толған жас азаматтардың аттанып, сол жақтан елге мүгедек болып оралғанын атап өтіп, соған қарамастан патриоттық рухы мүлде сөнбегенін сөз етті. Сол секілді сөз алған өзге де Ауған соғысының ардагерлері өздерінің жүріп өткен жолдары, соғыста көрген қиыншылықтары және өздерінің басынан өткерген оқиғалары туралы әңгімелеп, жастарды болашақта елін, жерін қорғауға аянбай күш-жігер жұмсауға, өз елінің шын патриоты болуға шақырды.
Айтулы жиында облыстық драма театрының әртістері Ауған соғысы туралы шағын қойылымдарын ұсынса, Тараз техника және бизнес колледжінің студенттері концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.