«Әулие ата» – еліміздің 11 дүркін чемпионы!

0 16

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Атқа міну мәдениеті» туралы кеңінен айтқаны белгілі. Ұлт көшбасшысының ұлттық спорт пен өнерді дәріптеуге негізделген ұстанымы да анық. Осы ретте Тараз төрінде көкпар мен аударыспақтан кезекті мәрте түндігін түрген ел чемпионаты мәресіне жетті.

Бектөбедегі атшабарда алауы тұтанған аламанға еліміздің барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының шабандоздары қатысып, бір жеті бойы дала төсін дүбірге бөледі. Ал жарыстың ашылуына Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан қатысып, көкпар және аударыспақ ойынына енгізілген жаңа ережелерді жан-жақты баяндады.
Дүбірлі дода әсіресе көкпар ойынымен көптің делебесін қоздырды. Турнирдің биылғы ерекшелігі командалар бірінші және жоғары лигада бақ сынады. Бірінші лигадан жасындай жарқылдағандар жоғары топқа жолдама алса, жоғары топта сүрінгендер төменгі лигаға сырғыды.
Ал жанкүйерлердің қиқуынан құлақ тұнған кездесу жерлестеріміз «Әулие ата» командасы мен Түркістан облысының «Құлагер» құрамасының арасында өрбіді. Жылда ақтық айналымда жолдары түйісетін қос команда биыл да мықты екендерін дәлелдеді.
Төреші ысқырығы естілген бойда «әулиеаталық» шабандоздар әккі әдеттері бойынша серкеге сұңқардай төніп, «Әулие ата» командасының үздік шабандозы Құрманбек Тұрғанбек бірінші болып есепті ашты. Артынша тағы да Құрманбек есепті 2:0-ге жеткізді. Осы сәтте түркістандық «Құлагер» биыл бабында емес пе деген ой көптің көкейінде ұялаған. Алайда көрші өңірдің шабандоздары да шеберліктерін танытып, бірінші кезең бойынша жерлестерімізбен үзеңгілесіп келді. Есеп айырмасын бір салымға дейін қысқартып келген шымкенттіктер алғашқы таймды 4:2 есебімен аяқтады.
Екінші кезеңге ерекше екпінмен шыққан «Құлагер» командасының шабандоздары есепті теңестіруге барын салды. Алайда «әулиеаталық» жігіттер шашасына шаң жуытпайтын шебер екенін танытып, кездесуді 8:4 есебімен аяқтады. Құрманбек Тұрғанбек төрт бірдей салым салса, Құлажан Тоғайбаев, Ернар Жарылқасын бастаған жігіттердің де қанжығасы майланып, осылайша «Әулие ата» командасы еліміздің 11 дүркін чемпионы атанды. Түркістандық «Құлагерге» күміс жүлде бұйырса, Атыраудың «Нарыны» үздік үштікті түйіндеді.
Бірінші лигада топ жарған Нұр-Сұлтан қаласының командасы төменгі лигаға түсіп қалған Ақмола облысы құрамасының орнына жайғасты.
Айта кетерлігі, осы аптада облыста тұңғыш рет «Өнер көкпары» турнирінің де жалауы желбіреді. Өнер адамдары арасындағы аламанда шымкеттік «Құлагер» мен ақмолалық команда күш сынасып, оңтүстік көршіміздің айы оңынан туды. Қарағанды облысының өнерпаздары үздік үштіктен көрінді. Ал жамбылдық өнер майталмандары бұл додада сәтсіз өнер көрсетті.
Бір қуанарлығы, бұл ел чемпионатында солтүстік пен батыстың шабандоздары да ат құлағында ойнап, көкпар спортын жіті меңгере бастағандарын көрсетті. Бұл – ұлттық спортымыз үшін үлкен олжа.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұымдастырылған ел біріншілігінде аударыспақ спортының жеңімпаздарына келсек, командалық есепте Түркістан облысы қарсылас шақ келтірмеді. Ал Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстары ІІ және ІІІ орынды өзара бөлісті.
Жеңімпаз командалардың барлығы диплом, кубок және қаржылай сыйақымен марапатталды.
«Әулие ата» командасын кезекті жарқын жеңісімен құттықтаймыз!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.