«Әулие-ата Феникстің» өніміне сұраныс жоғары

0 1

Қазіргі таңда күнделікті азық-түлік пен сапалы ет өнімдеріне күн санап сұраныс артып келеді. Осы ретте әлем назарының Қазақстанға ауғаны жасырын емес. Себебі, елімізде таза ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауға барлық мүмкіншіліктер жасалып жатыр. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетел асырып экспорттауға мүмкіндік көп. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер мемлекет тарапынан да үлкен қолдауға ие. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту қажет» деп ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруды міндеттеді.

Мемлекет басшысының алдымызға қойған межесіне сай бүгінгі таңда облысымызда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Өңір әлеуетін арттыруды мақсат еткен өндіріс орындары отандық нарықты ғана қамтамасыз етіп қоймай, әлемнің түкпір-түкпіріне өз өнімдерін жөнелтуде. Мәселен, іске қосылғанына екі жылдың жүзі енді болған «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзі қазіргі таңда бірқатар шет мемлекеттерге құс етін экспорттауды бастап та кетті. Таяуда «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы ұйымдастырған баспасөз туры аясында аталмыш құс фабрикасына арнайы ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен кеңінен таныстық.
Жалпы, «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Гәкку Әулие-Ата Құс» тауарлық белгісімен бройлер етін, сондай-ақ «Шұрған ет» өнімін өндіріп келеді. Зауыттың алғашқы өндірістік қуаты жылына 3 500 тонна құс етін құраса, алдағы уақытта әлеуетін екі есеге арттыру жоспарлануда. Өндіріс орнының өнімдері толықтай сертификатталған.
– Құс фабрикасын ашқанға дейін Павлодарда он бес жыл алыпсатарлықпен айналыстым. Шыны керек, бұл кәсібім кейін өзімді жалықтыра бастады. Кейін тоқсаныншы жылдардағы күрделі кезеңде жұмыс істемей қалған түйетауық өсіретін ескі құс фабрикасының сатылатыны туралы естідім. Сонда туған жерім Тараз қаласында ұзақ уақыттан бері армандап жүрген кәсібімізді бастауға белді бекем буып, қызу іске кірістік.
Зауытты ашқанға дейін алты жылға жуық уақыт түрлі шаруаларымен жүгіруге тура келді. Кейде бәріне қолды бір-ақ сілтегім келді. Дегенмен табандылық танытып, кедергілерді еңсеруге бар күшімізді жұмсадық. Ең бастысы, еңбегіміз еш кетпеді. Бір жыл болмастан толық қуаттылығымызға жетіп, жоспарлағанымыздан да үлкен нәтижеге жеттік. 2017 жылы 4 200 тонна өнім өндірсек, ағымдағы жылы 4 600 тонна құс етінің өндірісін жолға қойдық.
Сонымен қатар Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді ескере отырып, өндірісті жетілдірудің заманауи технологияларын енгізу мақсатында «Ет және сүйек ұны үшін құс қалдықтарына арналған технологиялық жабдықты сатып алу және орнату» жобасы жасалды. Аталмыш жоба өндірісті автоматтандыруға, қосымша жұмыс орындарын құруға және тиісінше бюджетке салықтық аударымдарды ұлғайтуға мүмкіндік берді. Алғашында 130 жаңа жұмыс орны ашылса, өндірістік қуаттың еселенуіне байланысты қазіргі таңда кәсіпорында 242 жұмысшы еңбек етеді. Жергілікті өңірдің тұрғындарынан құралған қызметкерлердің орташа жалақысы 85 мың теңге. Ал өнімдеріміз Тараз қаласында барлығы 51 нүктеде сатылуда, – дейді «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Фарида Жүнісова.
Фарида Амансарықызының айтуынша, «Әулие-Ата Феникс» өнімдері 2017 жылдың үшінші тоқсанынан бастап Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттіріне сатыла бастапты. Қазірдің өзінде әлемнің көптеген елдерінен ұсыныс түсіп үлгерген.
– «Әулие-Ата Феникс» өнімдері бүгінгі таңда өте үлкен сұранысқа ие. Еліміздің барлық облыстарында саудаланады. Шет мемлекеттерден де түрлі ұсыныстар түсуде. Алайда барлығын бірдей қамтамасыз ету мүмкін емес. Сол себепті де 2018 жылдың екінші жартысында құс фабрикасын кеңейтіп, жылдық қуаттылығын 8 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, тағы алты құс өсіру цехының құрылысы жүргізілетін болады. Сондай-ақ сойыс және құс инкубаторы кеңейтіліп, 100 жаңа жұмыс орны құрылады, – деген Фарида Амансарықызы өзге де алдағы жоспарларымен бөлісті.
Айта кету керек, «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ҚазАгро» холдингіне қарасты «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылған. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша да несие алып, тірлігін тіктеуге мүмкіндік алған. Алдағы уақытта кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпорынның көкжиегін кеңейтуді мақсат етіп отыр.

Талғат НҰРХАНОВ,
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.