Қоғам

Әулиеата әкімдерінің әлеуметтік желідегі әлеуеті қандай?

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алғалы ашықтық пен әділдікті алдымен өңір әкімдерінен, министрлер мен өзге де шенеуніктерден бастады. Атқамінерлердің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екенін айта келе, жұртшылықпен кері байланысты жүйелеу керектігін ескертті. Ол үшін өз тәжірибесін ұсынды. Яғни әкімдер мен министрлерге әлеуметтік желіге тіркеліп, елдің мұң-мұқтажынан, әлеуметтік мәселелерінен барынша жедел хабардар болып отыруды тапсырғандай ұсыныс жасады. Сол-ақ екен, күн құрғатпай-ақ аймақ әкімдері әлеуметтік желіге, әсіресе халық көп тіркелген, әрі пікір алмасып, байланыс орнатуға өте ыңғайлы Фейсбук желісіне шетінен тіркеле бастады. Алайда кейбір әкімдердің парақшасы Фейсбукте бұрыннан ашылса, әлеуметтік желіге әлі аяқ баса қоймаған атқамінерлер де бар. Ал Әулиеата өңірінің әкімдері ше? Әлеуметтік желідегі жамбылдық шенділердің белсенділігі қай деңгейде? Және олар оны Президент айтқандай тиімді қолдана алып жатыр ма? Әкімдердің әлеуметтік желідегі әлеуетін бір сараптап көрсек.

Бастама жаман емес. Бірақ…

Негізі интернет әлемінде не көп, қаптаған әлеуметтік желі көп. Солардың ішінде жазылушысы мен оқырманы көбі – Инстаграм, Фейсбук, Туиттер, Вконтакте. Дегенмен жұртқа ішіндегісін айтып, пікір алмасуға, қоғаммен бөлісуге ыңғайлысы – Фейсбук болып тұр. Аймақтағы әкімдер мен басқарма басшыларының тек Цукербергтің ойлап тапқан желісіне тіркеліп жатқаны да сондықтан.
Әлеуметтік желі арқылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің күнделікті атқарған жұмысын бұған дейін баспасөз қызметі дер кезінде сауатты таратып келсе, жуырда аймақ басшысы өз парақшасын ашты. Қазірдің өзінде жамбылдықтар жол, жастар жұмыссыздығы, көпбалалы аналарға тиесілі жәрдемақы сынды мәселелер көтерілген пікірлерін әкім парақшасына қалдырып жатыр. Мүмкіндігінше тиісті жауаптар да берілуде.
Ал аудан әкімдерінің ішінде алғаш болып әлеуметтік желіге тіркелгендердің көшін Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев бастап тұр. Ол Фейсбукке 2017 жылдың мамырында келіпті. Дегенмен әкімнің баспасөз қызметіндегілер контентке әкімді тегтеп толтырғаны болмаса, парақшадан Қайрат Әскербекұлының белсенділігін байқамадық.
Сондай-ақ Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек те Фейсбукпен ертеректе, яғни 2018 жылдың желтоқсанында «достасқан» екен. Соңғы рет күні кеше ғана «Күй көкесі – Әбдімомын аға Сарысу жерінде» деп атақты күйші Ә.Желдібаевтың видеосын жүктепті. 6 сәуірде «Жастар ағаш екті» деген және бір видеоматериалды бөлісіпті. Өзге әкімдермен салыстырсақ, бұл да жоқтан гөрі жоғары.
Меркінің әкімі Мейірхан Өмірбеков те жақында тіркелгендердің бірі. Бірақ өзге әріптестеріне қарағанда әлеуметтік желідегі белсенділігі жөнінен еті тірілеу көрінеді. 1 сәуір күні жұрт біріне-бірі әзілдеп, алдап жатқанда Мейірхан Азатұлы Фейсбуктен парақша ашып, алғашқы жазбасында «Қайырлы күн!» деп жұртшылықпен амандасты. Содан бері әкім ретінде қайда, не істеп жүргенін хабарлап, бес шағын пост жазып, оған фотоларын жүктеп үлгеріпті. Оған қоса облыс әкімі баспасөз қызметінің жазбаларын бөлісуді ұмыт қалдырмапты.
Ал 3 сәуір күні Фейсбуктің ауылына ат басын бұрған Талас ауданының әкімі Досмаханбет Әлиевтің парақшасынан «Құрметті жерлестер! Менің xалықпен тығыз байланыс орнату мақсатында ашылған жеке парақшама қош келдіңіздер! Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында Сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді ескере отырып, бірлесе жұмыс атқаратын боламыз!» деген амандасуынан басқа ақпар таппадық. Желіге енді кіріп жатқандықтан нені жазып, нені жазбау керек екенін әлі зерделеп жатқан шығар деп түсіндік.
Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле, Байзақ ауданының әкімі Рахматілда Рахманбердиев, Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков, Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев, Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов әзірге жеке фотоларымен ғана шектеліп тұр. Соған қарағанда бұл іспен әкімдердің өздері емес, баспасөз хатшылары айналысып отырған болуы керек.
Аудан әкімдерін әлеуметтік желіге тіркелген күні-ақ Фейсбук қолданушылары құттықтап, жұмысына сәттілік тілеп жатты. Кейбірі жеке-жеке рақмет айтып, лайк басып жатса, кейбірі сол күйі үнсіз. Құдды бір «Парақша аштық, ендігі қадам қандай?» деп Президенттен тағы бір пәрмен күтіп отырғандай ма дерсің.

Басқа басшыларда не жаңалық?

Бұған дейін де аудан басқарған облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев те ФБ-ға Президент ұсыны­сы­на дейін тіркелгендердің қата­рын­да. Мұратхан Жүнісәліұлы көл-көсір пост жазып, парақшасын күнделікті толтырып отырмаса да кейбір жазбаларға пікір білдіріп, ой бөлісіп отыратынын көргенбіз. Қазір облыста дала жұмыстары қызғандықтан болуы керек, «виртуалды белсенділігі» төмендеген. Дегенмен облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік желіні өте сауатты пайдалана білетіндердің қатарында.
Жалпы, қоғамда білім, денсаулық, әлеуметтік салаға қатысты жұртшылықтың сауалы, ұсыныс-пікірі өте көп. Атқары­лар жұмыс та сәйкесінше жетіп арты­лады. Айтпақшы, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының басшысы Тимуржан Нұрымбетов­тің парақшасын қанша іздесек те таппадық. Дегенмен бұл басқар­малардың жұмысын әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы бағалаудан аулақпыз. Сонда да әлеуметтік желі жұртшылықпен кері байланысты орнатып, мәселені төтесінен зерделеп отырудың бірден-бір құралы екені аян.
Жалпы, әлеуметтік желідегі бел­сен­ділер тізімінің жоғары тұсына «Nur Otan» партиясы облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орын­ба­сары Ерқанат Манжуов, туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Мәтенді түртіп қоюға болады.

«Төрдегілерге төрт кеңес»

Әкімдердің әлеуметтік желіге кіре бастауын әркім әрқалай қабылдап жатыр. Арасында ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар сілтеп жатқандар да жоқ емес. Әсіресе қоғаммен байланыс қызметінің жілігін шағып, майын ішкен маман, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалықтың жуырдағы «Төрдегілерге төрт кеңес» деген айдар таққан Фейсбуктегі жазбасы әкімдер қаперіне алар дүние. Үзінді келтірейік.
«Біріншіден, «Тапсырма кіру ғана болатын, ары қарай не істеу керектігін айтпады» деп біртүрлі ыңғайсызданбай, бірдеңе дей отырыңыздар. Бірдеңе дегенде анда бардым, мында бардым емес, нақты атқарылған шаруа, шешілген мәселе, берілген көмектеріңізді жазсаңыздар мына жұрт жылы қабылдайды. Әйтпесе жүйкесі жұқарғандардың жынына тиіп кетесіздер.
Екіншіден, ана қара креслода қақиып қалған суреттеріңізді жұмсарту керек. Халықтың ортасында, егіннің басында, отбасыңыздың қасында дегендей. Жеке парақшаларыңыз ғой. (АГС ұрыспайды). Трактор айдап бара жатқан фото болса тіптен керемет! «Нағыз халықтың адамы» дейді.
Үшіншіден, парақшаларыңыздың астына жазылған әр құттықтауға «рақмет» деп жаза бермеңіздер. Бәрін жиып-теріп ең астына жазуға болады. Жұмыс істемей күні бойы ФБ-да отырады деген ой келіп қалады.
Төртіншіден, шұбыртып, шұбалаңқылатып ұзын-сонар ресмилеп жазбаңыздар. Ешкім оқымайды. Қарапайым ауыз екі тілде. Қысқа!
Сосын сын айтылса шамданып, дұрыстығыңызды дәлелдеп, даурығып дауласып кетпеңіз. Үндемей құтылыңыз. Үш күнде ұмытылады».
Ж.Әбдіхалықтың сынға бергісіз бұл кеңесінен қорытынды шығарған тек Меркі ауданының әкімі ғана. Мейірхан Азатұлы қара креслодан түсіп, галстугын шешіп, жайқалған егіннің ортасынан бір-ақ шығыпты. Ертеректе түсірілген болса да профильдегі суреті сәтті шығыпты.
Айтпақшы, пост иесі бұл жазбасын барлық аудан әкімдерімен бөліскен болатын. Яғни олардың парақшасынан өздеріне көрініп тұр. Дегенмен үш-ақ әкім реакция білдірген.

Қалай десек те, әулиеаталық әкімдер әлеуметтік желінің артықшылықтарына әлі аса назар аудара қойған жоқ. Шетелдік шенеуніктердің, тіпті кейбір Президенттердің бір ғана Фейсбукпен шектелмей, Туиттер, Телеграм, Инстаграм парақшаларында да жұртшылықпен «жүздесіп», олардың ой-пікіріне құлақ асып отыратыны бар. Мысал келтіретін болсақ, еліміздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Туиттерде бірнеше жылдан бері үлгі көрсетіп жүр. Әлеуметтік желі арқылы шешіліп жатқан мәселелер де жоқ емес. Тізе берсек, тиімділігі көп. Тек уақыт тауып, «Кімде қандай мәселе бар?» деп бір ауыз ғана сөз жазсаңыз, талай жайтқа көз жеткізуге болады.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР