Жеңіс-75

Әулиеата аспанында Жеңіс әні әуеледі

Written by Aray2005

Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігін өскелең ұрпаққа өнеге ету үшін Тараз қаласында жыл сайын мерекелік шаралар кең ауқымда аталып өтетін. Өкінішке қарай, биыл олай болмады. Десе де 9 мамыр күні облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» атты мерекелік акция ұйымдастырылды.

Шара К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры және облыстық орыс драма театры мен кино орталығы, облыстық халық шығармашылығы орталығындағы өнер иелерінің қатысуымен өтті. Шара барысында қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін жылжымалы экипаж шаһарымыздың бірнеше көшесін аралады. Тарқата айтқанда, соғыс уақытындағы сарбаздар кейіпіндегі өнер иелері жүк көлігінің үстінде отырып, өз өнерлерін ұсынды. Мәселен Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан бастау алған аталған экипаж орталық алаңмен жүріп өтіп, теміржол бекеті бағытындағы Абай көшесінің бойында орналасқан 10 қабатты тұрғын үй ауласынан кері қайтты. Сол сияқты өзге де аумақтар қамтылды.
Қаланы аралау барысында жылжымалы экипаж мүшелері радиорубкамен жұртшылыққа мерекелік құттықтаулар жолдады. Сонымен қоса әншілердің орындауында көпшілікке әскери және патриоттық әндерден радио композициялар ұсынылды. Театр актерлары Б.Момышұлының, Ә.Молдағұлованың, Р.Қошқарбаевтың бейнелерін сомдап, А.Константинованың «Фронтовая Любовь» диалогын орындады.
Жалпы акция Ұлы Отан соғысы батырларының өшпес ерлігіне құрмет көрсету, адамзат тарихындағы сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталуын ұрпақтар жадында қастерлеп сақтау және Ұлы Жеңіске қосқан қазақстандықтардың теңдессіз үлесін насихаттау мақсатында ұйымдастырылып, өз миссиясын толықтай орындап шықты.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР