«Әулиеата бұрымдылары» марапатталды

0 39

Бүгін 8 наурыз – халықаралық қыз-келіншектер мерекесіне орай облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен жамбылдық қыз-келіншектер арасында «Әулиеата бұрымдылары» облыстық Оnline-байқауының мараптау рәсімі өтті.
Қазақ қызына тән асыл қасиеттер дәріптелген сындарлы сайыста бұрымына шашбауы жарасқан 23 ару қатысып, бақ сынады. Байқау шарты бойынша шашы беліне жеткен немесе одан да ұзын қыз-келіншектер қазақи салт-дәстүр негізінде шаш өрімінің жаңаша түрлерін, ұлттық әшекей бұйымдарын насихаттайтын 1-1.30 минуттық бейнеролик дайындап, ақылдастар алқасына жолдаған болатын. Салтанатты шарада байқау қатысушыларының арнайы түсірілген бейнероликтері көрерменге ұсынылып, жырдан шашу шашылды. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерлан Жүнісбай сөз алып, Бұл байқауды ұйымдастыру арқылы қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық және тағы да басқа жан-жақты ұлттық қасиеттерін насихаттауды мақсат еткенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен әділқазілар алқасының шешемімен I – орынды Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылынан қатысқан Марал Рүстемқызы иеленді. 2-орын қос тараздық бұрымды Мерей Неіспбек пен Сұлуайым Бексұлтанға бұйырса, 3-орынды үш ару өзара бөлісті. Олар, байзақтық Балнұр Бектұрған, Жуалы ауданының үкілеген үміті Нұржамал Идрейисова және тараздық сұлу Аяна Ким. Сондай-ақ, байқауға белсенді қатысқан басқа да арулар «Өнегелі ана»,
«Үлгілі келін», «Ақ білекті ару», «Инабатты ару» номинацияларымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.