"Алтын бесік"

Әулиеата ет экспортының әлеуеті қандай?

Written by Aray2005

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында аграрлық саланы ел экономикасының негізгі драйверіне айналдыру қажеттігі баса айтылғаны белгілі. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы ауыл шаруашылығы тауарларының экспортына айрықша көңіл бөлген болатын. Әсіресе ет экспортына басымдық берген-ді. Бүгінде бұл бағытта аймақта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Өткен жылы 1014,1 тонна сиыр еті мен 1637,1 тонна қой еті экспортталса, 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5-тен 8,9 есеге дейін артқан. Яғни республика аумағында 3 800 тонна қой еті экспортталса, оның 43,6 пайызы Жамбыл облысына тиесілі болған. Осылайша өңір өткен жылы қой етін экспорттаудан көш бастады.

Негізгі мақсат – қолдағы малдың өнімділігін арттыру

Биыл да Әулиеатаның экспорттық әлеуеті артып отыр. Есепті кезеңнің өзінде 519,9 тонна сиыр еті мен 347,3 тонна қой еті экспортталған. Етті негізгі экспорттаушылар Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары», Меркі ауданындағы «Меркі ет» және Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қосымша өндіріс орындарын іске қосып, нәтижесінде облыста толық циклды ет кластерін қалыптастыру қамтамасыз етілген. Және аталмыш кәсіпорындар заманауи бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарымен жабдықталып, бүгінгі күнге өнімдерін Иран, Біріккен Араб Әмірлігі, Бахрейн Карольдігі, Кувейт, Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресей мемлекеттеріне экспорттауда.
Әрине, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізу үшін мал басының саны мен еттің сапасы айрықша рөл атқарады. Осы орайда облыстың 2018-2027 жылдарға арналған салалық бағдарламасына сай «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алыс-жақын шет мемлекеттерден барлығы 36 мың мүйізді ірі қара сатып алу жоспарланған. Ағымдағы жылы соның 4 000 басын өңірге әкелу көзделуде. Шетелден мал сатып алу үшін тауар өндірушілерге жеңілдетілген несие беріліп, 1 сиырға 225 мың теңге субсидия төлеу қарастырылған. Аталған жеңілдіктер желісімен былтыр аймаққа 1 800 ірі қара мал сатып алынса, биыл осы жоба негізінде тағы 850-і сатып алынып отыр. Мойынқұм ауданындағы «Мойынқұм Агро» және «Агрофирма Түркпен» ЖШС-лары да 1 мыңнан астам ірі қарамен шаруашылықтарын кеңейткен. Жалпы 2018-2027 жылдарға арналған салалық бағдарламаның негізгі мақсаты – шетелден сатып алынатын ет бағытындағы малдың генетикалық әлеуетін пайдалана отырып, қолдағы малдың өнімділік көрсеткішін жақсарту. Осылайша сиыр етінің экспорттық потенциалын арттыруға мүмкіндік тууда. Есесіне ет экспортының көлемі жылдан-жылға артып келеді.

Аудандардағы ауқымды іс

Ет кластерін дамытуда Қордай мен Меркі аудандары өзгелерден оқ бойы озық тұр. Атап айтсақ, жыл басынан бері Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» мен «Оптоград» ЖШС-лары 47,2 тонна қозы етін Араб елдеріне экспорттаса, «КazMeat» ЖШС 96,0 тонна сиыр етін Қырғызстанға жөнелткен.
– Ауданда бүгінгі күнге 74 658 ірі қара болса, соның
28 403-і – аналық. Ет кластерін дамыту бағытында 3 000 басқа дейінгі 10 ірі қара малын бордақылау алаңы мен сиымдылығы 500-2 500 басты құрайтын 6 қой бордақылау алаңы жұмыс жасап тұр. 3 000 ірі қара емін-еркін сыятын мал бордақылау алаңдары «Kaz Meat Kordai», «JS Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Бай-Нур», «Медет» шаруа қожалықтарына тиесілі. Сондай-ақ 1000 бастық бордақылау алаңы «Даурен-ай» шаруа қожалығының иелігінде. Аталған серіктестіктер мен қожалықтар өткен жылы барлығы 218,4 тонна сиыр етін Қырғызстанға экспорттады. Осылайша ет кластерін дамыту бағытында аянбай еңбек етіп, өнім көлемін жыл санап арттырудамыз, – дейді Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ғалымжан Оспанов.
Меркі ауданы да былтыр межелі міндетті орындаған. Өткен жылы Меркі ет комбинаты арқылы 5 437 мүйізді ірі қара сойылып, 1 142 тонна ет алынған. Сондай-ақ 34 534 ұсақ мал пышаққа ілініп, 574 тонна ет өндірілген. Оның 1 088 тоннасы ішкі нарықтың өтеміне жұмсалса, 628 тонна ет сыртқа экспортталған. Қордай мен Меркі ауданына қарасты шаруашылықтардың есебінен 495 қозы еті Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтілген.
Жалпы, Меркі ауданында соңғы үш жылдағы ет экспортында өсім байқалады. Мәселен, аудан 2017 жылы 70,1 тонна қозы мен 0,4 тонна сиыр етін экспорттаса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 120-дан 135,9 тоннаға дейін артқан. Биылғы жоспар бойынша 200 тонна қозы етін экспорттау көзделсе, оның 34,89 тоннасы орындалыпты. Ал мүйізді ірі қарадан 250 тонна сиыр етін шет мемлекеттерге шығару межеленсе, оның 84,28 пайызы еңсеріліп отыр.
Осылайша екі аудан ет экспортының әлеуетін арттырып, ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Бұдан бөлек Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал Тағамдары» ЖШС мен Шу ауданындағы «Ильина В», «ФЛ Ыкласов А», «Гейдаров И» сынды шаруа қожалықтары да мал бордақылап, ет өткерумен айналысуда. Алайда аталмыш тауар өндірушілер қуатты күшіне толық шығып үлгермегендіктен, олардың өнім көлемі аз болуда. Дегенмен олардың да еңбегін елеусіз қалдыруға әсте болмайды.

Баға байлауға көнбей тұр

«Тиынның екі жағы» болатыны секілді, ет экспортының да екінші қыры бар. Әрине, сыртқа шыққан өнімнен серіктестіктер мен шаруашылықтардың шаруасы шалқып жатқан шығар. Алайда бұл ішкі нарықтағы тұрақтылықты теңселтіп, ет бағасын шарықтатуда. Мәселен, биыл Қордай ауданында қой етінің көтерме бағасының өзі 1 650 теңгеге дейін барған. Сондай-ақ жылқы еті – 1 750, ал сиыр еті 1 300 теңгеге дейін өскен. «Ал орталық базардағы баға бұдан да шарықтап, бұлқынып тұр» дейді қордайлықтар.
Меркіде де жағдай мәз емес. Атап айтсақ, мұнда қой еті – 1 800, сиыр еті – 1 700, ал жылқы еті – 1 850 теңгеден саудалануда. Бұл бағаның бақандай 150-200 теңгеге өскенін көрсетіп тұр.
Тараз қаласында да баға тұрақты емес. Бұған дейін 1 500 теңгеден саудаланған қой еті қазір 2 300 теңгеден өткерілуде. Сондай-ақ сиыр еті – 1 900 теңгеден сатылса, жентектелген ет (фарш) 1 850 теңгеден сатылуда. Осыдан бірер апта бұрын олардың бағасы 1 600 теңгеден болған.
Тағы бір факт, қазір «Ауыл-Береке» базарының ет бөлімінен ірі көлемде ет таба алмайсың. Оның себебін саудагерлер алыпсатарлардың еттің өзін үлкен көлемде сатып алып кетіп жатқанымен түсіндіруде. Соның салдарынан мал базарындағы төрт түліктің де бағасы өсуде.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР