«Аulieata-Мedia» ұжымы «Момыш» бұлағының көзін ашты

0 27

Топырағы құнарлы, жері шұрайлы Жуалы ауданында бұлақ көздері өте көп. Өкінішке қарай, тұрғындардың назарынан тыс қалып, күтімі болмағаннан бүгінде кейбір бұлақтардың көзі бітеліп қалған. Дегенмен кейінгі жылдары көктем айларында табиғатқа жанашыр ауданның белсенді азаматтары, ауыл ақсақалдары бұлақ көздерін ашып, сауапты іс жасауда. Бірнеше жылдан бері «Момыш» бұлағының көзін ашып, айналасына тазалық жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырған ардагер журналист Бекет Момынқұлдың бастамасы көпке үлгі боларлықтай.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылық құрамы мен бір топ қызметкері Жуалы ауданына арнайы барып, «Момыш» бұлағының көзін ашты.
– Су – тіршілік нәрі. Нәрдің қайнар көзін – бұлақтың да айналасын жыл он екі айдағы табиғаттың түрлі құбылыстарында құм-тас, күл-қоқыс басып қалатыны белгілі. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген бабалар сөзін алға тартып, жылда келіп тазалаймыз. Әрі кешегі бабалардың, батыр Бауыржанның көзіндей, жақсылардың ізі қалған жерді тазартумен рухтарына тағзым етеміз. Тіпті бұл жерде қазақтың Шерағасы– Шерхан Мұртазаның да табаны тиген болар. Бұл іс жастарға да өнеге. Жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын оятып, тарихты тануға жетелейді. Соңғы уақыттары «Момыш» бұлағының суы тартылып бара жатыр. Бұлақтың жоғарғы жағынан әлдебір компания жер қазып, соның салдарынан жерасты суы төмендеп кеткен сияқты. Бұған экологтар назар аудармаса, бұлақты жоғалтып алуымыз мүмкін. Тағы бір мәселе– бұлақтың басындағы тақтайшаға «Бауыржан Момышұлы – Халық қаһарманы» деп жазылған. Бұл дұрыс ақпарат емес. Мұнда көпшілік келетіндіктен ақпарат дұрыс жазылып, қателік түзетілуі керек, – деп өзі бастамашы болған іске қолдау білдіргендерге Бекет Әбділдәұлы ризалығын да жеткізді.
Игі іс басында Жуалы ауданының ақсақалы Аманжол Дүрәліұлы батасын беріп, елге амандық тіледі. Ал ортақ іске жұмылғандар бұлақ жанынан арнайы қоршалып, жасалған саябақтағы тал-дарақтарға су құйды. Жаңадан отырғызылған көшеттердің күтімін жасады. Қатысушылардың бәрі табиғат аясындағы жұмыс адамға дене шынықтырар жаттығу әрі әдемі демалыс болғанын айтып, ізгі тілектерін ақтара тарқасты.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.