«Әулиеата жастары» бағдарламасының бағыты айқын, жоспары жұмыр

0 4

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларда жастар саясатын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріліп жүргені де белгілі. Өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде елімізде маңызды рөл атқарады. Сол секілді біздің өңірде де мемлекеттік жастар саясатының аяқ алысы мен олардың тың бастамалары көңіл қуантады. Әрине жоспарсыз қай саланың болмасын жұмысы өрге баспайтыны ақиқат. Сондықтан облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқарамасы өңірде мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының жобасын дайындады. Сәтін салса аталған бағдарлама келер жылы іске асып, облыстың тұрақты даму мүддесінде жастардың бәсекелестік артықшылықтарын арттыру бағытында бағдар болмақ.

Аталған басқарманың басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, бағдарламада барлығы 9 негізгі индикатор қарастырылған.Осы индикаторлар арқылы іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылатын болады. Сонымен қатар бағдарламада жастарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кредиттер мен гранттар есебінен өз кәсіпкерлігін ашуға мүмкіндік беру, тұрғын үй мәселесін шешу, олардың бастамамаларын қолдау, дарынды, шығармашыл жастарды қолдау шаралары қамтылған.
– Бағдарлама әзірлеуде облысымыздың ерекшеліктері ескеріле отырып және еліміздегі бірқатар облыстар мен қалалардағы оң нәтиже берген бағдарламалар негізінде әзірленді. Онда алдымен жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар мен жобаларға жастарды тарту, оларды іске асыруда нақты тетіктер мен жаңа тәсілдерді ұсыну жұмыстары жан-жақты қарастырылып, жастарды қолдаудың жаңа шаралары жоспарланған. Сондай-ақ қоғамның басты қозғаушы күші санатындағы азаматтарды мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне тарту және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мен жастар саясатының инфрақұрылымын біртіндеп дамыту мақсаты айқын көрсетілген. Мұнда жалпы жастардың 10 пайызына мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кредиттер мен гранттар есебінен өз кәсіпкерлігін ашуға мүмкіндік беру қарастырылған. Бағдарлама аясында бес жылда жастар тәжірибесіне 5 мың жас, ваканттық бос жұмыс орындарына 25 мың жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға 9 мың жасты тарту жоспарлануда. Сонымен қатар жастар арасында тұрғын үй мәселесін шешу үшін облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы жастарға тұрғын үй кредитін беру ережесін әзірлеуі қажет. Мысалы тұрғын үйлердің тек қаңқасын тұрғызу арқылы нарықтағы бағадан төмендету бойынша алдағы жылы жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама негізінде жастарға және жас отбасыларға арналған бағдарламалардың қағидасы негізінде несиелендіру жұмысы қарастырылып, жастарға және жас отбасыларға 10 пайыздық жарнаның 5 пайызын жергілікті бюджет қаражатынан сертификат түрінде беру тетіктері әзірленуде, – дейді Серікбол Қайратұлы.
Тағы бір тілге тиек ете кетерлігі, мұнда жастар бастамаларын қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттар санын арттыру қарастырылған. Мәселен, «Айбын» әскери-патриоттық, «Жастар авиациялық орталығы» әскери-спорттық, «Тауға өрмелеп шығу» спорттық жобаларын, сондай-ақ, «Жас саясаткерлер мектебі», «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі», «Жас жұмысшы жастар клубы», «Жас пікірсайысшылар клубы», Жайдарман ойындарын дамыту назардан тыс қалмаған.
Сонымен қатар дарынды, шығармашыл жастарды қолдау бойынша облыс әкімінің «Әулиеата үміті» жастар сыйлығын жыл сайын тағайындау да көтеріліп отыр екен. Айта кетерлігі, өткен жылдың соңында жастар басқармасына тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаса да Серікбол Берікқожа осы сыйлықты әр саланың жетістіктерге жеткен жастарына берген болатын. Ендігі жерде оның көлемі ұлғайтылып, жыл сайын дәстүрлі түрде беріліп отырмақ. Яғни, жастар сыйлығы облыс жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, азаматтық ұстанымы қалыптасқан әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында тағайындалады.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты
Мен жастарға сенемiн! – деп Мағжан Жұмабаев атамыз жырлағандай жалынды жастарға қашанда үлкен сенім артылады. Енді жастар басқармасының міндеті – бағдарламаны тиімді іске асырып, өңір жастарының бәсекелестік артықшылықтарын арттыру. Бастысы ол үшін облыс басшылығының тарапынан қолдау бар. Сондықтан облыс жұршылығының «Әулиеата жастары» бағдарламасынан күтері көп.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.