Әулиеаталық әкімдердің халықпен қарым-қатынасы қандай?

0 3

Жұмыс бөлмесіндегі үстеліміздің тартпасында облыстық «Aq jol» газетінің 2016 жылдың 4 маусым күні жарық көрген нөмірі сақтаулы тұр. Төрт жылдан бері көздің қарашығындай сақтап жүргеніміз әрине, тегін емес. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы-публицист Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық» кітабынан бір беттік үзінді жарияланған облыстың ата басылымының кезекті нөмірін тастауға кезінде қимағанбыз. Сонда қаламгердің тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйдырған оймақтай ойлары үлкен ойға қалдырған. Төрт жылдан бері қайыра оқи бергеннен әр сөзі жадымызда жатталып қалса да жуырда еш себепсіз әдетімізше газетті тағы да қолымызға алдық.

Халық үніне құлақ аспайтындар кімдер?

Бәлкім бұрын қанша оқысақ та мән бермедік пе, әлде дәл қазіргі қоғамда орын алып жатқан кейбір келеңсіздіктерді көз алдымызға келтіргендіктен бе, Қали Сәрсенбайдың бүгінгі шенеуніктер туралы айтқан ой-толғанысы бізді бейжай қалдыра алмады. «Қазір ешкімді қабылдамайтын, ешкіммен сөйлеспейтін, ешқандай мәселе шешпейтін, тым уәдешіл шенеуніктер тобы қалыптасып келеді. Бұл – аса қауіпті құбылыс» дейді. Қолымызға қалам алуымыздың бірінші себебі – аз сөзбен-ақ көп мағынаны білдіріп тұрған қаламгер ойы болса, екінші бір себебі – бірнеше жеті бұрын Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орын алған оқиға. Еске сала кетсек, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Жаңақорған ауданына сапары әлеуметтік желіде, қоғамда қызу талқыланып, соңы үлкен дау-дамайға ұласты. Қысқа қайырсақ, Гүлшара Наушақызының ауданға жұмыс сапарына байланысты жол жабылып, қоғамдық көлікпен емханаға келе жатқан жолаушы діттеген жеріне жаяулатып жетеді. Емхана алдына келгенде облыс әкімін көрген тұрғын жолдың жабылу себебін сұрайды. Алайда өңір басшысы жолды жапқызбағанын айтып, көп кідірместен қызметтік көлігіне мініп кете барады. Кейін Г. Әбдіқалықова оқиғаға байланысты түсінік берді. Сыр елінде шыққан шудың ұзын-ырғасы осындай.
Ал әулиеаталық әкімдердің халықпен қарым-қатынасы қандай?! «Арғымаққа міндім деп, артқы топты ұмытып кеткен жоқ па?» (Асан Қайғы). Міржақып Дулатовша айтқанда «Жұлдызсыз, айсыз түндерде, жол таба алмай сенделіп жүргендерге» шырақшы болып адастырмай, дұрыс жолға бастай алып жүр ме?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке кіріскеннен ашықтық пен халықпен кері байланысқа ерекше назар аударды. «Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл – міндет. Олар онлайн-режімде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады», деп кері байланыстың маңыздылығына айрықша назар аударған болатын Мемлекет басшысы. Президенттен пәрмен түскені сол еді, әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге жаппай тіркеле бастады. Жамбылдық шенділер де жаңашылдықты жатсына қоймады. Жаппай желіге тіркеліп, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда негізгі тетіктердің бірі саналатын әлеуметтік желілерді тиімді әрі белсенді қолдануға тырысты. Алайда одан бері де бір жылдан аса уақыт өткенімен әулиеаталық әкімдер әлі де әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланып, халықпен кері байланыстың тетігіне айналдыра алмай отыр. Мәселен Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалев, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев, Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков, Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов, Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков, Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет және Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың желідегі парақшаларында көптен бері мүлгіген тыныштық орнаған. Жеке парақшаларын шолып отырып, «желіні халықпен кері байланыс орнатудың құралы емес, тек кәсіби мерекелер мен атаулы күндерде құттықтау жазып отыру үшін қажет пе?!» деген ойға қалдық. Ал ең маңыздысы, тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныстарын, сауалдарын еститін есті құлақ, көретін көреген көз табылмай тұрғаны ащы да болса да ақиқат. Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтің жеке парақшасында сауалын жолдаған тұрғын Ахан Зейнулин «Бақалы мектебіне жәрдем сұраймыз. Спортзал мен ойын алаңы жоқ. Балаларымыз жолда ойнайды. Жастарымыздың спортпен айналысуға мүмкіндігі жоқ» деп жеке басының емес, ауылдың жайын айтып, назарға алуын өтінген екен. Алайда шілде айының басында түскен сұраққа әлі күнге дейін жауап қайтарылмаған. Сол секілді желідегі соңғы жазбасы 1 мамыр күні жарияланған Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа да тұрғындардан түрлі мәселелерге байланысты көптеген сұрақтар түскенімен, бәрі назардан тыс қалған. «Жылу жөндейтін мекемелер №23 мектеп алдындағы спорт алаңшасын қиратып кетті. Қайта қалпына келтірмеді. Балалардың өміріне өте қауіпті. Келіп көріп, шара қолдануды сұраймын» деген Шолпан Мамашбаева есімді желі қолданушысының да сауалы жауапсыз қалған.
Мүмкін аты аталған атқамінерлер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әлеуметтік желілермен белсенді жұмыс істеу керек. Әртүрлі мессенджерлерде топтар құрып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды түсінікті тілмен жеткізу керек» дегенін естімеген немесе оқымаған болуы керек. Таңнан қара кешке дейін халықтың қамы үшін тау кезіп, тас басып, бірі қала аралап, бірі егіс басын шарлап, енді біреулері өзге де маңызды мәселелермен айналысып жүргенде жаңалық көріп, баспасөз оқып отыруға уақыт қайдан болсын. Сондықтан да қайта еске салып отырмыз.
Ал тағайындалғандарына көп болмаған Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров пен Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтың желідегі жұмысы өзге әріптестеріне үлгі боларлықтай. Егер қос ауданның жаңалықтарымен, тыныс-тіршілігімен танысқыңыз келсе, ат арылтып арнайы бармай-ақ әкімдерінің желідегі парақшасына кірсеңіз жеткілікті. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, егін науқанының барысы, құрылыс қарқыны… Бәрі-бәрі көз алдыңызда тұр. Аймақ жаңалықтарымен бөлісіп қана қоймай, халық көтерген мәселелерге де дер кезінде жауап беріп отыратыны қуантты. Тіпті Бақытжан Алпысұлы «Абайдың қара сөздерін әрбір қазақ білуге тиісті» деп ұлы ойшылдың қара сөздерімен бөлісіп отыруы көңілге жылылық ұялатады екен.
Әрине әкімдердің әлеуметтік желідегі белсенділігіне қарап жұмысына баға беруге болмас. Дегенмен бүгінде әлеуметтік желінің жұртшылықпен байланыс орнатудың таптырмас құралына айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Егер әрбір басшы халықпен кері байланыс орнатуға ыждаһаттылықпен көңіл бөлсе, көп мәселе ушықпай шешілген болар еді.

«Қарапайымдылық ханға да жарасады»

Белгілі жазушы Мырзакелді Кемел «Ақыл қалта» кітабында «Тауысты әдемі етіп тұрған құйрығы ғана. Егер құйрығын кесіп тастаса өзге құстардан ешқандай айырмашылығы қалмайды» дей келе қолында билігі бар бар адамды аталған құсқа теңейді. Рас бізде «атқа міндім екен деп жерді, таққа отырдым екен деп елді ұмытып», аспандап кететіндер жоқ емес. «Біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс» деп ел Президенті де бекерден-бекер айтпаса керек.
Осы орайда халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген бірқатар депутаттарға, қоғам белсенділеріне, облыс және аудан тұрғындарына «Әулиеаталық әкімдердің бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?» деп сауал жолдап көрген едік. Сонда шынымен-ақ көпшілігі ең асыл қасиет – қарапайымдылықтың көбінің бойынан табыла бермейтінін тілге тиек етті. Осындайда 2009 жылдары Тараз қаласын басқарған Ертарғын Астаевтың қарапайымдылығына қатысты бір оқиға ойға оралады. Бұл туралы белгілі жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы республикалық«Egemen Qazaqstan» газетіне жазған мақаласында: «Ірілі-ұсақты билік дәліздеріндегі «тоңмойындық» деп аталатын бұл емі жоқ ауру, абырой болғанда, Ертарғын Астаев мырзаға жұқпапты. Қашан көрсең елгезек, қашан көрсең қарапайым. Арада тоғыз ай өтсе де әсері әлі есте… Тараздықтар Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатқан. Шаһардағы «Достық» алаңына орнатылған шырша маңы ығы-жығы халық. Үлкені де, кішісі де Аяз атаны асыға күтіп тұр. Әсіресе, бүлдіршіндерде тағат жоқ. Бір кезде қызыл бөрікті, ақ шапанды, ақ сақалды Аяз ата да жетті-ау қоржын-қосқолаңын арқалап! Жете сала өзін асыға күткен халықпен аңқылдай амандасып, саңқылдай сәлемдесіп, Жаңа жыл түнінің думанын қыздырып жібергені. Сыйлықтарында да қисап жоқ. Аяз атамен қол ұстасып, шыршаны айнала ән салған бүлдіршіндер, тіпті, бақытты. Бір кезде біреу құлағыма сыбырлады. – Аяз атаның кім екенін танып тұрсыз ба? – Театр әртістерінің бірі шығар. Жылда солар болушы еді ғой. – Жоқ, қаланың жаңа әкімі. – Рас па?!. Сыбыр еткен «дәл солай» дегенді көзімен айтып, қабағымен түсіндіріп, жылыстап кетті. Мен таңғалдым. Таңғалдым да, жаңа әкімнің халық жүрегіне жол табудың жаңа түрін ойлап тапқанына іштей риза болдым» деп еске алады.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай «халық жүрген жолмен жүріп адаспай, халықпен бірге болып жалғыздық көрмей», қарапайымдылығымен қадірі артқан билік өкілдері туралы көптеген мысалдар келтіре беруге болады. Әріге бармай-ақ облысты екі жыл басқарған Асқар Мырзахметов пен қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты үлгі етсек те болады. Мұндайда халқымыз «Жақсы адамның ғана артынан жақсы сөз ереді» дейді.

Қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі кезінде бір жиында: «Мен жүз жыл, мың жыл жасайтын шайтан емеспін. Бірақ бір ғана нәрсені білемін, оны бәріңіз де білесіздер. Біз бұл жерде қанша уақыт отырсақ та, сонша уақыттың ішінде үлгергенімізше үлгілі іс атқарып кетуіміз керек. Маған жақсы атты болу оңай. Мына терезеден қараңыздаршы. Мына төңірекке. Бәрі әп-әдемі, тып-тыныш мүлгіп тұр. Маған да өзімді-өзім алдап, бәрі де осы жердей тап-таза, әдемі деп, салығымды жинап, ешкімнің аяғын басып кетпей отыра беруіме болады. Заңсыз құрылыстар салына берсiн, рұқсат беремiн, ешқандай құрылысты бұзбай-ақ қояйық. Базарыңа да, «Бақайыңа» да, «Шаңырағыңа» да тиiспей, командировкаға келгендей, жақсы атты көрініп кетуіме болады. Түсінесіздер ме, менің табиғатым ондайға шыдай алмайды. Осының бәрін бәрібір біреу істеу керек қой. «Шаңырақ», «Бақайдағы» соңғы 15 жылдағы жағдай мынау, ал ендi мен сол ретсiздiктерді көріп отырып үндемей кетсем, енді он жылда не болатынын білесіздер ме? Алматыны орнынан таба алмай қаласыз ғой. Ел мен Елбасы сенім білдіріп отырғанда біз неден тайсаламыз. Жұрт не дейді ертең?» деген екен. (Қали Сәрсенбай, «Тұлға – тағдыр» кітабынан).
Сіздер де терезеден төңірекке бір көз тастап көріңіздерші, әулиеаталық әкім мырзалар?! Көзіңіздің астындағы көрініске емес, әріге…

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.