Қоғам

Әулиеаталықтардың Мақтааралға көмегі

Written by Aray2005

«Апат айтып келмейді» дейді қазақ. Жылт еткен күнге жіпсіген тау бөктеріндегі қар не жауын-шашыннан пайда болған су сай-саланы қуалап, адуыны күшті ағын суға айналатыны табиғат заңдылығы. Мұндайда арқырай аққан су етектегі елге қауіп төндіріп, жұртты әбігерге салатыны бар. Десе де тілсіз жаудың мұндай тосын мінезіне кез келген өңір сақадай сай болғаны абзал.

Әйтсе де бұл жолғы жағдай қалыпқа сыймады. Түркістан облысының Мақтаарал ауданының бірнеше елді мекенінің су астында қалуына Өзбекстан Республикасының Сырдария облысындағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы себеп болды. Салдарынан осы аудан шекарасындағы орталық коллектор тасқын суға төтеп бере алмай, ағын су иен далаға жайылып кетті. Бірнеше күн жауған нөсер жауыннан күш алған тілсіз жау жолындағы бірқатар елді мекендерді жайпап өтті. Әсте қам-қарекетсіз отырмайтын халық табиғаттың дәл осы тосын мінезіне қарсы тұра алмады. Десе де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған өңірде төтенше жағдай жариялап, апат зардаптарын жою шараларын жедел қолға алды.
Бір көңілге медет боларлығы, қазақ елінің мұндай қиындықта қарап отырмай, біріне-бірі демеу бола алатындығы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін қағидаға берік жамбылдықтар алғашқылардың бірі болып көрші облысқа көмек қолын созды.
«Тараз» әлеуметтік тұрақтандыру қорының басқарушы директоры Заңғар Кемеловтің айтуынша, апта басында үш ауыр жүк көлігіне қажетті азық-түлік және бір «Газель» көлігіне тасқын судан зардап шегушілерге қажетті киім-кешек тиеліп, апат аймағына жөнелтілді.
– Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 30 тонна азық-түлік жиналды. Тарқата айтқанда аталған көліктерге 10 тонна ұн мен күріш, 5 тонна қант, 2 тонна макарон және өсімдік майы, 1 тонна қарақұмық тиелді. Бұдан бөлек қиындыққа тап болған отандастарымыз үшін 10 мың данаға жуық аяқ-киім, жейде, шалбар, балалар киімі, төсек-орын жабдықтары секілді тауарлар жіберілді. Бұл көрші жатқан облыстағы ағайындар үшін үлкен қолдау деп білемін, – дейді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР