Жамбыл жаңалықтары

Әулиеаталықтарға «Бастау» жобасы түсіндірілуде

Written by Aray2005

Ағымдағы жылдың 22 ақпан күні Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Отбасы мәселелері бойынша «Бастау» жұмыс тобы құрылған болатын.

Аталған жоба Жамбыл облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жанынан құрылды. Ол Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Жанұялық сот» пилоттық жобасының шеңберінде ведомствоаралық өзара әрекеттестік туралы меморандумының аясында әрекет етеді.  Нәтижесінде аталған топ отбасылық жанжалдың алдын алуда, қоғамда бейбітшілік қалыптастыруда еңбек етеді.
Жамбыл облыстық сотының судьясы Гүлнар Асылбек, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық комиссия хатшысының міндетін атқарушы Бақыт Жақсылықова, облыстық полиция департаментінне қарасты жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Қуанышбек Қалжановтың  қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикерлер «жанұялық сот» пилоттық жобасының шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар  туралы баяндады.
Жұмыс тобына әлеуметтік сала басшылары, отбасы мәселелерімен айналысатын құрылымдар өкілдері, мемлекеттік емес ұйымдар мен полиция қызметкерлері енгізілген. Жиынға қатысушы спикерлер жұмыс тобының отырыстарына бақылаушы ретінде Жамбыл облыстық сотының және аудандық соттар судьялары дауыс беру құқығын иеленбей қатыса алатынын, жұмысшы топ отырыстарына тәуелсіз сарапшылар мен кеңесшілер шақырылатынын жеткізді. «Жұмысшы топтың мақсаты дауды шешудің сотқа дейінгі сатысында және сот ұйғарымының негізінде талап арыздардың сотта қаралуы кезінде жанұяны сақтап қалу, жанұялық ішкі жағдайды сауықтыру мақсатында жанұяға, балаға адрестік ресурстық көмек көрсету, міндетті тәрбие беру бағдарламаларын жасау, жұбайларды татуластыру мақсатында психологиялық алғашқы ақысыз көмек көрсетуді ұйымдастыру, жанұялық құндылықтарды насихаттауды ұйымдастыру, ата-аналық міндеттерін тиісінше орындау мәселелері бойынша әрі кәмелетке толмағандар мінез-құлқын реттеу мәселелері бойынша жанұялармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, соттар ұйғарымдарын орындау мақсатында жанұяны зерделеудің әлеуметтік-психологиялық қорытындыларын жасау, жанұямен байланысты істерді қарау кезінде қажетті мамандардың қатысуын қамтамасыз ету. Отбасын бұзудағы ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарды зерттеу мақсатында, жұмысшы топ отырыстарда қаралған барлық iстердi есепке алуды және сақтауды ұйымдастырады, өзiнің аумағының шегінде осы есепке алудың деректерiн қорытындылайды», деді Жамбыл облыстық сотының судьясы Гүлнар Асылбек.
Сонымен қатар, Бақыт Жақсылықова бұл республика бойынша тың бастама екенін, бүгінгі күні отбасындағы көптеген мәселелер ажырасуға әкелетінін, сол мерзімде тегін кеңес беріп, отбасының бұзылуының алдын алу шараларын жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті. Өз сөзінде Қуанышбек Қалжанов бұл жұмыс тобының қызметі насихатталып отыруы қажет екенін, өйткені ол облыста отбасында мәселе туындаған әр адамға көмек қолын созатын бірден-бір алқалы орган болып табылатынын жеткізді.

egemen.kz

ПІКІР