Әулиеатаның әкім әйелдері

0 1

Әлемдегі жақсылық атаулының бастауы әйел екені сөзсіз. Әйел-ана, әйел-жар, әйел – бақыт. Нәзік жанды арулар-қашанда отбасының берекесі, ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы. Адал қасиет, ізгілік, мейірім мен сұлулық бәрі-бәрі әйел табиғатымен астасып жатады. Ал билік басындағы әйелдердің бейнесі қандай? Міне, бүгін осы сауалға жауап іздеп, Әулиетаның әкім әйелдері хақында әңгімелемекпіз.

Зерек ойлы Зубаржат

Жалпы, бүгінде өңірімізде ел тізгінін ұстап отырған сегіз әйел әкім бар екен. Олардың дені бірнеше ауылдың басы біріккен округтерге басшылық етуде. Міне сондай азаматшаның бірі – Мойынқұм ауданы, Мыңарал ауылдық округінің әкімі Зубаржат Камиева.
Зубаржат Талғатқызы әкімдік қызметке 2013 жылы келген. Оған дейін ол еңбек жолын 1993 жылы Ж.Қуанышбаев атындағы совхоздың есепші маманынан бастап, кейін К.Қасымов атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болады. Сондай-ақ 1998-2002 жылдары Мойынқұм аудандық салық басқармасында қаржы агенті қызметін атқарады. Ал әкімдік қызметінің алдында Мойынқұм аудандық статистика басқармасында талай жыл еңбек етеді. Өзінің туған топырағы Мыңарал ауылына әкім болып сайланғанда Зубаржат алдына нақты мақсат қойған екен. Ол – аудан орталығынан 260 шақырым қашықтықта жатқан шалғай елді мекеннің шаруасын шалқыту. Міне, осы бағытта жұмысқа жең түре кіріскен Зубаржат ең алдымен елге қажетті ауызсу мәселесін шешуді қолға алады.
– Алғаш қызметке келгенде оңай болмады. Өйткені Мыңарал ауылдық округіне үш ауыл қарайды десек, мұнда орта есеппен үш жүзден аса түтін түтеп тұр. Міне, осы жұрттың басын қосып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, көкейлерінде жүрген түйткілдерінің түйінін тарқатуға көп күш қажет еді. Десе де, ел болып жұмыла жұмыс жасап 2013 жылы ауылға ауызсу кіргіздік. Осы сәтте бұған дейін Балқаш көлінен су тасып ішкен жұртшылықтың қуанышында шек болмады.
Бұдан бөлек, Мыңарал бекетінде 120 орындық орта мектеп, 1 жаңа медпункт және 50 орындық «Нұрай» балабақшасы елге есігін айқара ашты. Осындай тірлікпен тынысы кеңейген ауыл дамудың даңғылына түсіп тұрғындар да дүкендер, шағын кәсіпорындар ашуды қолға ала бастады. Ал, ауыл азаматтары балық шаруашылығын қайта дамытып, Мыңарал балық зауытының бойына қан жүгірді. Міне, осылайша бұрындары тірлігі тұралаған округтің түтінін қайта түтетіп, елмен бірге қиындықтарды еңсердік, – дейді әкім өткен күнді еске алып.
Бұдан бөлек, Зубаржат Талғатқызы әкімдік қызметке келгеннен бері «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша үш көше жарықтандырылып, 3,7 шақырым жол асфальтталған. Сондай-ақ «Жамбыл» цемент зауытымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, ауыл тұрғындарының дені жұмыспен қамтылған. Ал биыл әкім Жастар жылына орай, саябақтар мен скверлерді абаттандырып, аулаларды көгеріштендіру жұмыстарын қолға алмақ. Сондай-ақ жастарға бағытталған бірқатар жобаларға жан бітірмекші.
Міне, осылайша З. Камиева қарапайым халықтың қамы үшін аянбай тер төгіп, ел есінде қалар елеулі істер атқарып отыр.

Нағыз іскер – Найла

Шу ауданындағы Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Найла Қондыбаева болса, өмірдің сан соқпағын көріп, еңбекте ысылған әкім. Ол ең алғаш еңбек жолын сонау 1978 жылы Төле би ауылындағы «ПМК-2» мекемесінде қарапайым жұмысшы қызметінен бастаса, кейін осы мекеменің лаборанты болады. Ал 1984 жылы жас маманды өмір ағысы Балуан Шолақ ауылындағы Тасөткел балық шаруашылығына әкеледі. Мұнда Найла Ескенқызы тұп-тура бір жыл күзетші болады. Осылайша қандай қиындық болса да, мойымай еңбек еткен маман кейін осы шаруашылықтың жұмысшы қызметіне алынады. Одан соң мекеме басшылығы оған лаборант қызметін сеніп тапсырады. Балық шаруашылығына бет бұрған қайсар қыз жұмыс жасай жүріп, Астраханьның балық өндірістік және шаруашылық техникалық институтына түсіп, балық өндіру-өсіру мамандығын тәмамдап шығады. Жаңа қызметіне тың серпінмен келген ол бірден көзге түсіп, шабақ өсіру учаскесінің және инкубациялық цехтың бастығы, одан кейін осы мекеменің директорлық қызметіне дейін көтеріледі. Алайда Найла бұл жетістігіне тоқмейілсімей, 2001 жылы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Инженер құрылысшы» мамандығын қосымша оқып, біліктілігін шыңдайды. Осылайша сан салада білімі мен біліктілігін дәлелдеген ол 2012 жылы Дулат ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалады.
Осы сәтте ауыл шаруашылығы саласындағы талай жылғы еңбегі үшін III дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталған Найла Ескенқызының округке әкім болып келгенін жұртшылық тек жақсылыққа балаған. Найла сенім жүгін ақтау үшін аянбай еңбек етеді.
Қазір Найла Ескенқызы Жаңақоғам ауылдық округін көркейтуге күш салуда. Оның бастамасымен ауыл көшелері жөндеуден өтіп, елді мекен тұрғындары ауызсу мен көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Сондай-ақ биыл бағдарын табар бастамалар да аз емес. Олардың қатарында бірқатар көшелерге асфальт төсеу, әкімшілік ғимаратын газға қосу, тұрғындарға қолайлы аялдама салу және жаңа балабақша құрылысын жүргізу сынды игі істер бар.

Елдің қамын ойлаған Нұрсұлу

Жамбыл ауданындағы Ақбастау ауылдық округін басқарып отырған Нұрсұлу Дузееваның да атқарған жұмыстары көз тоярлық. Әкімдік қызметке 2012 жылы келген ол бірден елді мекеннің айшықты жерлерін абаттандырып, жасыл желек, тал-дарақтарды отырғызуды қолға алған екен. Алдыңғы жылдары Нұрсұлудың бастамасымен Бірлесу-Еңбек ауылдарына 130 арша және 60 түп талшын отырғызылып, көктем келісімен ауыл көркіне көрік қосуда. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш маңынан гүлзар дайындалып, 150 түп петуния гүлдері егілген. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту үшін Бірлесу-Еңбек және Октябрь-Жеміс ауылдарынан шағын футбол алаңдары ашылған. Округке қарасты бірнеше ауылдың көшелері асфальтталып, жарықтандырылып, ауыл клубы ағымдағы жөндеуден өткен. Сондай-ақ округке қарасты елді мекендерден ойын алаңдары ашылып, балаларға қуаныш сыйлауда. Ал, ең бастысы округ тұрғындары таза ауызсумен және табиғи газбен қамтылған.
Иә, Нұрсұлу Лутфуллақызының елді мекен халқының тұрмысын жақсарту мақсатында жасаған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. 2005 жылы округтегі «Берік» шаруа қожалығының есепшісі қызметінен бастап, бас маман – әскери есеп жүргізуші, салық агенті сынды жұмыстарды абыроймен атқарған ол енді округ әкімі қызметін де жемісті жүргізуде. Нұрсұлудың елді мекенге сіңірген еңбегі де елеусіз емес. Ол әртүрлі деңгейдегі Құрмет грамоталары және төсбелгілермен марапатталған.
Нұрсұлу демеуші тартуда да дипломатиялық қырынан танылуда. Кәсіпкерлермен ортақ тіл табысудың арқасында «Қазфосфат» ЖШС Бірлесу-Еңбек ауылына үлкен футбол алаңшасы мен Шоқай ауылына мешіт салып берген. Ал «Кнауф-Гипс-Тараз» ЖШС Бірлесу-Еңбек ауылынан дәрігерлік амбулатория соғып, жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасауда. Сондай-ақ ауыл жастарына арналған екі шағын футбол алаңшасы да қалтқысыз қызмет көрсетіп отыр.

Қордайдың Қарлығашы

Қордай ауданында екі бірдей округтің тізгіні әйел әкімдерге сеніп тапсырылып отыр. Оның бірі – Қарасай ауылдық округінің әкімі Гүлжаһан Елемесова болса, екіншісі Әлжан ана ауылын басқарып отырған Қарлығаш Исағұлова.
Қарлығаш Тынышбекқызы еңбек жолын 1994 жылы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте ұстаздықтан бастаған. Осы білім ордасында талай жыл аянбай еңбек етіп, мектеп директоры қызметіне дейін көтеріледі. 2014 жылы Қордай ауылындағы Балжан Бөлтірікова атындағы орта мектептің директорлық қызметіне ауыстырылып, былтыр Қасық ауылдық округіне әкімдік қызметке келеді.
Қарлығаш Тынышбекқызы ел тізгінін ұстаған тұста Қасық ауылына Әлжан ана есімі беріліп, қыруар тірлік басталып кеткен болатын. Міне, осы жоспарлы жұмысқа бас-көз болған әкім ауылдың кіре берісіне арка орнату, Әлжан ана мұражайы мен Мәдениет үйінің құрылысы сынды ауқымды бастамалардың бел ортасынан табылады. Одан бөлек, медпункт, цифрлық кітапхана, ардагерлер орталығы сынды әлеуметтік нысандардың ашылуына да жәрдемдеседі. Сондай-ақ былтыр ауылға ауызсу тарту мәселесін мінберлерде көтеріп, құбыр тарту жұмыстарының жандануына қол жеткізеді.
Осылайша жаңарған елді мекеннің еңсесін тіктеуге күш салып жатқан Қарлығаш биыл ауылдағы Алматы көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүретіндігін айтады.
Иә, қалай алып қарасаңыз да Ұлт көшбасшысының анасының есімі берілген ауылдың ажарын ашу екінің-бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Бұны Қарлығаш Тынышбекқызы да жіті түсінетіні анық.

Міне, бұл әкімдік қызметте ысылып, ел алғысына бөленіп отырған нәзік жанды арулар. Бұдан бөлек, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округін басқарып отырған Сәуле Тілеуқұлова, Меркі ауданы Т.Рысқұлов ауылдық округінің тірлігін тіктеп келе жатқан Гүлайым Шағатаева және әкімдік қызметке бір ай бұрын ғана кіріскен Аспара ауылдық округінің әкімі Гауһар Оспанбекова бар. Аталған әкімдердің жұмысын бұқара алдағы уақытта көріп, бағасын бере жатар. Ал біз өз тарапымыздан атқа қонған аналарымыз, ел тізгінін ұстаған әкім әйелдеріміздің еңбегі жана берсін деп тілейміз.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.