Экономика

Әулиеатаның әлеуеті артып келеді

Written by Aray2005

2018 жылғы алдын ала деректер бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімінің өсімі 1417,5 миллиард теңгені, яғни 3,7 пайызды құрап, бұл республика өңірлері арасындағы 8-көрсеткіш болып отыр. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков аймақтың 2019 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарламасында айтып өтті.

Экономика

Алдымен экономика саласындағы көрсеткіштерге тоқталған Бекболат Серікбекұлы республика бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімінің үлес салмағы 2,4 пайызды құрағанын айтып өтті.
– Өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі – 17,9, ауыл шаруашылығы – 10,2, құрылыс – 8, сауда – 9,9, көлік – 18,2, байланыс – 0,7, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және білім саласының 7,5 пайыз салымдарының өсімі байқалады.
2019 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрап, 154 095,8 миллион теңгенің өнімі өндірілді, – деді Б.Орынбеков.
Ал құрылыс көлемі 17 477,7 миллион теңгені құрап, 1,2 пайызға артыпты. Бұл былтырғы жылдан бері өңірде тұрғын үй құрылысының қарқын алғанымен байланысты болса керек. Мәселен, биылғы қаңтар-сәуір айларында 125 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл 2018 жылдың тиісті есепті кезеңімен салыстырғанда 104,8 пайызды құрап, салада алға жылжу байқалып отыр.
Сондай-ақ, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 2018 жылдың
4 тоқсанында 65056 теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы көріністе 11,1 пайызға, нақты – 5,6 пайызға артыпты. Бұл да көңіл көншітерлік көрсеткіш.
Орташа айлық атаулы жалақы да 2019 жылдың алғашқы тоқсанында 112,3 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 9,9 пайызға, нақты көріністе 4,6 пайызға өскен екен.
Кіріссіз бюджеттің қалыптаспайтыны белгілі. Сондықтан атқарушы биліктің басымдық беретін бір бағыты – бюджет кірістерінің жоспарын барынша орындау. 2019 жылдың 1 мамырына облыс бюджетінің кірістері 76 миллиард 294,1 миллион теңге сомасында, яғни 106,2 пайызға қамтамасыз етіліп отыр. Бұл ретте меншікті кірістердің жоспары күткендегіден көбірек орындалыпты. Айталық, кірістің бұл түрін осы есепті кезеңде 15 миллиард 896,7 миллион теңгеге орындаймыз деп бекінсе, нақтысында кіріс 20 миллиард 319,9 миллион теңгеге асып жығылып, 127,8 пайызға орындалған. Есесіне бюджетке 4 миллиард 423,1 миллион теңге жоспардан артығымен түсіп отыр. Ал көрсеткішті былтырғы жылдың осы есепті мерзімімен салыстырсақ, өсім 116,4 пайызды құрапты. Бұл 4 миллиард
артық қаржы облыс халқының әлеуметтік әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға жаратылар деген ойдамыз. Оның үстіне Елбасы Н.Назарбаевтың осы мәселе төңірегінде берген нақты тапсырмалары орындалу керек.

Қаржы

«Қаржы тыныштықты қаламайды» деген қағидаға сүйенсек, облыс бойынша бюджеттік қаражаттардың игерілуі де күнделікті бақыланып, жергілікті атқарушы биліктен қатаң талап етілуде. Осы кезеңдегі бюджеттік қаражаттар 83 миллиард 064,2 миллион теңгеге немесе 98,6 пайызға игерілген, игерілмей тұрғаны – 1 миллиард 185,5 миллион теңге. Бұл былтырғыдан 0,1 пайызға ғана көп. Дегенмен 98 пайыздан 100 пайыз жақсы демекші, игерілмеген 2 пайыздың
теңгеге шаққандағы сомасы аз емес –
1 миллиард 185,5 миллион теңгенің кәдеге аспай қалғаны талай тірлікті тұсап тұр деген сөз.
Республикалық бюджет есебінен бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттер де 19 миллиард 490,8 миллион теңгеге (немесе 97,9 пайызға) игерілген, игерілмегені – 411,9 миллион теңге. Бірақ бұл қаржының кейбір бөлігі үнемдеу есебінен де игерілмей тұрғанын айтып өткен жөн. Үнемделген қаржыны құжаттары дайын тұрған өзге де өміршең жобаларға бағыттап жіберуге болатын мүмкіндіктері бар.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар

Облыс бойынша ағымдағы жыл басынан атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 15 341 отбасыдағы 79 246 адамға ескі форматта 1 миллиард теңге төленіпті.
– 1 сәуірден бастап, жаңа форматта берілетін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 29 650 отбасы (150 453 адам) анықталды, оның ішінде 98 304-і –
бала, 4 199-ы – студент. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Оған республикалық бюджеттен 13,3 миллиард теңге бөлінсе, қосымша 3,4 миллиард теңгеге нақтылауда ұсыныс беріледі. Бүгінгі таңға атаулы әлеуметтік көмекке жұмыспен қамту орталықтары мен ауылдық округ әкімдіктеріне барлығы 26 043 адам қайырылған, оның ішінде 20 436 адамның өтініштері қабылданып, «е-Халық» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізілген. Олардың ішінен 20 346 отбасыға жаңадан атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға шешім қабылданып, төленген қаржы көлемі 2,459 миллиард теңгеге жетті. Алдыңғы айларда (қаңтар-наурыз) тағайындалған 7 060 отбасыға 767,6 миллион теңге төленді, – деген Бекболат Серікбекұлы бүгінгі күнге мамыр айына тағайындаулар жүргізіліп, оған республикалық бюджеттен 2,1 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді.
«Еңбек» бағдарламасы аясында 2019 жылға бөлінген қаржы көлемі де қомақты – барлығы 9,2 миллиард теңге.
2019 жылдың 1 мамырына жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 10 032 адам тартылды, бағдарламаның 1-бағыты аясында барлығы 3 883 адамды оқытуға 1655,5 миллион теңге, 2-бағыты аясында барлығы 2 323 адамды қамтуға 5156,9 миллион теңге, 3-бағыты бойынша 6 164
адамды қамтуға 2414,6 миллион теңге бөлініпті. Ал биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша барлығы 1 200 адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланып, жыл басынан 417 адам оқуға жолданып отыр. Микрокредит бойынша ауыл мен қалада барлығы 4 810,4 миллион теңгенің шағын несиесі 1 080 адамға беріледі деп жоспарланыпты.
Брифингте мүгедектер мәселесі де назардан тыс қалмады. 2019 жылдың 1 мамырына облыс бойынша 45 226 мүгедек бар екен. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 764,1 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Бекболат Серікбекұлы мүгедектерді тиісті бұйымдармен қамтамасыз ету, олардың арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылу жұмыстары жөнінде де кеңірек баяндады.

Коммуналдық шаруашылық

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков брифинг барысында аймақтағы ауызсу, газдандыру, жылу, электр энергиясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғырту мәселелері бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. Мәселен, облыста 373 ауылдық елді мекеннің бүгінде 199-ы немесе 53,3 пайызы ғана орталықтандырылған ауызсумен қамтылған екен. Бірақ бұлардың ішінде әлі күнге тәулік бойы емес, кестемен су ішіп отырғандары бар. Облыс халқының 46 пайызы, яғни 171 ауыл әлі күнге орталықтандырылған ауызсу жүйесінің қызығын көре алмай келеді. Ал 3 ауылдың тұрғындары әзірге сырттан тасымалданған суды талғажау етіп отыр. Дегенмен жоспарға көз салсақ, жұмыс көп. Алдымен 2021 жылы Тараз және Шу қалаларының тұрғындарын 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланған. Былтыр жоспарланған ауызсумен қамту бағытындағы 10 нысан пайдалануға беріліпті.
Және де 2019 жылға республика­лық бюджеттен Тараз қаласының сумен қамту саласы бойынша 2 жобаға 650 миллион теңге, ауылдық елді мекендерді сумен қамтуға 10 жобаға 3440,2 миллион теңге бөлінген. Осы жобаларды облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыруға 10 пайыз көлемінде қаражат қарастырылыпты.
Қысқасы, жоғарыда атап өткен 53,3 пайыздан аса алмай тұрған орталықтандырылған сумен қамтылу көрсеткішін жыл соңына дейін 56 пайызға жеткізу немесе 209 ауылды қамту көзделіп отыр.
Ал облыстағы 377 елді мекеннің 48 пайызы газдандырылған. Бірақ республикадағы өзге өңірлермен салыстырғанда бұл анағұрлым жоғары көрсеткіш. Біле білсек, ауыл тұрмақ кейбір аймақтарда облыс орталығының тұрғындары көгілдір отынға жарымай отыр. Десек те 2019-2027 жылдары облыста қосымша 196 елді мекенді газдандыру жоспарлануда. Яғни басым бағытты стратегиялық мақсаттар көзделген 2030 жылға таман, амандық болса, Әулиеата өңірі газбен 100 пайыз қамтылмақ.
2017 жылы облыстық бюджеттен 525 миллион теңге бөлініп, 43 524 миллион теңге құрайтын 11 ЖСҚ дайындалғаны бұл бағытта айтарлықтай қозғалыс барын көрсетіп отыр.
Брифингте журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР