Жамбыл жаңалықтары

Әулиеатаның әлеуетті кәсіпорындарымен танысты

Written by Aray2005

Кеше Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» мұрындық болуымен баспасөз туры өтті. Шараға жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен қатар республикалық телеарналар мен басылымдардың журналистері, блогерлер қатысты. Бүгін Тараз қаласында өтетін «Жаңа медиа және болашақ» медиа форумының аясында ұйымдастырылып отырған бұл турдың мақсаты – меймандарға Жамбылда жүзеге асып жатқан жарқын жобаларды көрсету, тасы өрге домалаған өндіріс ошақтарымен таныстыру.

Тілшілер мен блогерлер әуелі Жамбыл ауданының Өрнек ауылдық округінде орналасқан ауылдық дәрігерлік амбулаториясына ат басын бұрды. 2 700 тұрғыны бар Өрнек – аудандағы шалғай орналасқан ауылдық округтердің бірі. Сол себепті бұл денсаулық сақтау нысанының өрнектіктер үшін маңызы зор. Өйткені, басы ауырып, балтыры сыздағанда тұрғындар ат арытып, аудан орталығына сабылмай, ауылда да сапалы медициналық көмек ала алады. Бір ауысымда 40 келушіге дейін қабылдауға қауқарлы амбулатория жақын орналасқан өзге ауылдың азаматтарын да қабылдап, бас-аяғы 9 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Бұл мақсатта мекемеге тиесілі жедел жәрдем көлігі қызметке жарап тұр.
Келесі кезекте БАҚ өкілдері аталған ауданда тауық жұмыртқасын өндірумен айналысып отырған «Аса-DAMU» ЖШС-нің құс фабрикасында болды. Жалпы құны 914 миллион теңге тұратын өндіріс орны 250 мың тауық және 80 мың балапан өсіріп, жылына 80-85 миллион дана жұмыртқа шығаруға және 230 тонна тауық етін өндіруге қауқарлы. Фабрика басшысы Дәулет Әсілтаевтың айтуынша, қазіргі уақытта фабриканы толық қуатына қосу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
Іске қосылғанына көп болмаса да алдына биік мақсат қойып отырған кәсіпорында жақын маңдағы ауылдардың 45 тұрғыны қызмет етуде. Басты мақсат – сапалы өнім шығарып қана қоймай, ауылдағы ағайынды жұмыспен қамту екенін тілге тиек еткен фабрика басшысы қызметкерлерге орта есеппен 70 мың теңге жалақы төлеп отырғанын айтады. Қазіргі уақытта Жамбыл және Алматы облыстарын табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орны алдағы уақытта Тәжікстан және Ауғанстан елдерімен байланыс орнатып, тауық жұмыртқаларын экспорттамақ.
Баспасөз туры барысында тілшілер мен блогерлер Тараз қаласындағы «ТаразКожОбувь» ЖШС-нің аяқ киім фабрикасына да ат басын бұрды. Бүгінде аяқ киімнің 70-тен астам түрін шығарып жатқан кәсіпорын қайта құрылып, іске қосылған тоғыз жыл ішінде тірлігін едәуір түзеп үлгерген. Серіктестік Бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов Тараздың былғары комбинаты жыл сайын қарқынын арттырып келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл мақсатта екінші деңгейлі банктерден
2 миллион 200 мың еуро несиеге қол жеткізіп, оған соңғы үлгідегі қондырғылар алған фабрика 2015 жылғы 120 мың сыңар етік шығарса, 2016 жылғы нәтиже 135 мың, былтыр 157 мың сыңарды құраған. Ал биылғы жылдың
1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша 211 мың аяқ киім тігілген. Қазіргі уақытта 400 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын тек әскерилер мен арнайы жұмыс аяқ киімдерінен бөлек, тұрғындарға арналған сәні мен сапасы келіскен өнім түрлерін арттырмақ.
Сондай-ақ шара аясында БАҚ өкілдері облыс орталығындағы «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жұмысымен танысты. Жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтін кәсіпорын жылына 12 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Кезінде автопарк болып, кейін қытай тауарларын сататын жайма базарға айналған аумақты сатып алып, еңселі өндіріс орнын ашқан фабрика басшылығының алға қойып отырған жоспары ауқымды.
– Алдағы уақытта конфет пен печеньенің түрлерін шығаратын желілерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл өнім көлемін қазіргіден еселеп арттырып, сатылу аумағын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ең басты мақсат– қазақстандықтарды Жамбылдың жылы-жұмсағымен қамтамасыз етіп отыру. Бұдан бөлек, Қытаймен байланыс орнатып, аспан асты еліне өнімімізді экспорттамақпыз. Жуырда аталған мемлекетке 500 келі өнімімізді жөнелткенбіз. Сапасын жан-жақты саралаған олар тағы тапсырыс беріп отыр, – дейді фабриканың бас технологы Максим Несчишин.
Бүгінгі таңда фабриканың жобалық құны 850 миллион теңге болатын екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Соған орай тағы жетпіс адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаның екінші кезеңі осы жылдың аяғында аяқталмақ.

Мұратхан ӘЛІМХАН

ПІКІР