Аутизм мәселесі алаңдатады

0 0

Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсаты біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Бұл тіркестерді біз он екі мүшесі сау, саламатты да салиқалы ұрпақ тәрбиесіне келгенде алға тартамыз. Дегенмен, аутизм синдромы бар балалар, яғни ХХІ ғасырдың індетіне айналған қатерлі дертпен ауыратын балаларды емдеу ісі де назардан тыс қалмауы тиіс.

Қазіргі күнге дейін аутизм мәселесі бойынша көптеген елде зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Балалар аутизмінің шығу тарихы мен ерекшеліктері туралы түрлі ғылыми болжамдар мен пікірлер айтылды. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, әлем бойынша бұл дертке шалдыққандар саны 65 миллионнан асады екен. Ал соның ішінде біздің елде осы диагноз анықталғандар саны мыңнан асып жығылады. Дерек көздері соңғы 11 жыл ішінде аутизмге шалдыққан балалар саны 20 есеге өскен. Ал, аутизм қыз балаларға қарағанда көбіне ер балаларда жиі кездесетін көрінеді.
Әрине, қазіргі қоғамда аталған аурумен балаларды емдеу және олармен жұмыс жүргізу ісі баса назарға алына бастады. Сол секілді Тараз қаласындағы №32 орта мектепте 2019 жылы аутизммен ауыратын балалармен жұмыс істейтін арнайы орталық ашылған болатын. Мұнда біз АВА-емдеудің мінез-құлықтық әдістерін қолдана отырып, жағымды мінез-құлық белгілерін көбейтіп, қауіпті және проблемалық мінез-құлық белгілерін азайтуда осы заңдылықтарды қолданамыз. Бұл әдіс терапия сөйлеу және коммуникация дағдыларын, зейін мен жадын және академиялық дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі. ABA-терапияның құрамына түрлі әдістер кіреді. Бұл аутизмді емдеудің ғылыми негізі бар ең үздік әдісі саналады.
Айта кетерлігі, білім ошағындағы аталған орталық 10 балаға арналған. Онда психологтар балалармен күнделікті жұмыс жүргізіп, баланың сөйлеу тілін, психикалық процестерін, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, ойын әрекетін дамыту бағытында еңбек етеді.

Жанара СҰЛТАНОВА,
№32 орта мектептің педагог-психологы
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.