Sport

Аутсайдерлер айды аспаннан шығарды

Written by Aray2005

Биылғы Чемпиондар Лигасы сенсацияға толы болуда. Әсіресе ширек финалдық бәсекелер нағыз шайқасқа ұласып, аутсайдерлер айды аспаннан шығарып жатыр. Иә, үлкен футбол осынысымен қызық. Күтпеген нәтижелер. Байламы жоқ болжамдар.

Сонымен алғашқы ширек финалдық бәсекеде италиялық «Аталанта» мен француздық «ПСЖ» алаңға шықты. Букмекерлердің болжамы бойынша «ПСЖ» сөзсіз фоварит болатын. Алайда алғашқы таймда италиялықтар жылдам гол соғып, француздарды әбден састырды. Бразиялық сұрмерген Неймар бастаған жігіттер қос қапталдан қысып, шабуылдарын үдеткенімен әрекеттерінен түк шықпады. Осылайша бірінші таймда қара тер болған француздар екінші таймға ерекше екпінмен шықты. Неймарға бірнеше мәрте гол соғатын тамаша мүмкіндіктер туды. Алайда бразиялықтың тепкен добы бірнеше рет қисық кетіп, жанкүйерлерді де, командаластарын да «аһ» ұрғызды. Ойынның аяқталар тұсында алаңға Килиан Мбаппе шығып, «ПСЖ»-ның шабуылын ширатты. Осындай сәттердің бірінде Неймар Маркиньосқа тамаша пас беріп, 90-минутта француздар есепті теңестірді. Осы сәтте кездесу овертаймға баратындай көрінген. Алайда Мбаппе 93 минутта Эрик Чупо-Мотингке тағы бір тамаша пас шығарып, небәрі 3 минуттың ішінде «ПСЖ» есепті 1:2-ге жеткізді. 90 минут бойы есепті ұстап келген италиялықтардың осылайша бағы басынан тайып, жартылай финалмен қош айтысты. Бұл сөз жоқ, Чемпиондар Лигасындағы тарихи жеңіс болғаны анық.
Тағы бір сенсация «РБ Лейпциг» пен «Атлетико Мадрид» арасында орын алды. Матч алдында кездесудің басты фовариті испандық клуб саналған. Олардың жеңіске жететіндігіне ешкім күмән келтірмеген болатын. Алайда бірінші таймда қақпаларын голдан аман алып қалған немістер екінші таймда бірінші болып есеп ашып, испандықтарды әуреге салды. 71-минутта Жоао Феликс есепті теңестіріп кеткенімен, 88-минутта Тайлер Адамс немістерді қайта алға шығарды. Осылайша ортаңқол команда Испания футболының гранды саналатын «Атлетико Мадридті» жарыс жолынан шығарып тастады.
Ширек финалдағы қызықтар бұнымен аяқталған жоқ. Үшінші кездесуде атақты «Барселона» неміс машинасы «Бавариямен» күш сынасты. Бұл ойын талайдың жүйкесін тоздырғаны анық. Футбол сарапшылары бұл кездесуде екі команданың күшін теңдей бағалаған. Алғашқы минуттарда бәрі солай көрінді. Ойынның небәрі 4-минутында Томас Мюллер есеп ашты. «Барселона» араға 3 минут салып есепті теңестіре алды. Алайда бұл голдан кейін неміс машинасы «оталып», испандықтардың қорғанысын тас-талқан етті. Кездесудің 22-минутында Иван Перишич есепті еселесе, 27-минутта Серж Гнабри 3-голды салды. Ал 31-минутта Томас Мюллер дубль жасады. Осылайша немістер бірінші таймның өзінде 4 гол соғып, 1:4 есебімен бірінші 45-минуттықты аяқтады.
Екінші таймда «Барселона» ес жиып, есеп айырмасын қысқартады деп ойлағанбыз. Бұл үмітті Луис Суарес ақтап, 57 минутта есепті 2:4-ке жеткізді. Бірақ «Бавария» екінші екпінмен 63 пен 89 минут аралығында тағы 4 гол соғып тастады. Филиппе Коутиньо дубль авторы атанды.
Дәл осылай «Барселона» ұтылады деп ешкім ойламағаны анық. Таблодағы «2:8» деген есеп, көпшілікке футболды емес, хоккейді елестеткені айқын. Осылайша «Барселона» мақтаған қыздың керін келтіріп, жанкүйерлерді жерге қаратты.
Сегіздіктің соңғы жұбы «Манчестер Сити» мен «Лионның» да ойыны нағыз драмаға толы болды. Матч алдында барлық болжам ағылшындық құраманың келесі кезеңге өтетіндігіне бек сенімді болған. Алайда 1/8 финалда Криштиана Роналду бастаған «Ювентусты» жарыс жолынан шығарып тастаған «Лион» «Манчестерді» де қалпақпен қағып алды. Франциялық клуб ең алдымен тактикалық тұрғыда басым болды. Ал ағылшындар білгенінен жаңылды. «Лион» сияқты клубтардың тағдырын бірінші таймда шешіп тастайтын команда алаңда адасты. Гвардиола матч алдындағы брифингте «Лионды» менсібегендей сыңай танытып, «жаттығуымызды шарап ішіп өткіздік» деп көкіп еді, француздар бас бапкерге бармақ тістетті.
Осылайша 1:3 есебімен «Лион» сенсация жасап, жартылай финалға жолдама алды. Француздардың ендігі қарсыласы неміс машинасы – «Бавария». «Барселонаны» 2:8 есебімен ес жидырмаған немістер «Лионға» қарсы қандай тактика ойластырар екен? Себебі бұл «Лионның» ойын өрнегі бұрынғыдан өзгерек.
Жартылай финалда «РБ Лейпциг» тағы бір француздық команда «ПСЖ»-мен күш сынасады. Осылайша биылғы Чемпиондар Лигасының жартылай финалына екі неміс және екі француз клубтары шығып отыр. Ал испандық командалар тұңғыш рет Чемпиондар Лигасын көгілдір экраннан тамашалайды.
Осы аптада Чемпиондар мен Еуропа лигасының жартылай финалдары басталды. Ең алдымен Еуропа лигасының екі мықтысы «Интер» мен «Шахтер» күш сынасты. Ойын алдында донецтік «Шахтерге» көпшілік үміт артқан. Тіпті ақтық айналымға шығады деп болжаған болатын. Алайда «Интер» украиндықтарды 5:0 есебімен тас-талқан етті. Ал «Севилия» «Манчестер Юнайтедтен» 2:1 есебімен басым түсіп, тағы бір сенсация жасады. Енді «Интер» мен «Севилия» 22 тамыз күні Еуропа лигасының Кубогын сарапқа салады.
Чемпиондар Лигасына келсек, алғашқы жартылай финалда «РБ Лейпцигке» париждік «ПСЖ» еш мүмкіндік берген жоқ. 0:3 есебімен немістерді тізерлетті. Олардың финалдағы қарсыласы «Лион»-«Бавария» кездесуінен кейін белгілі болады.

Саян ТІЛЕУЖАН

ПІКІР