Жамбыл жаңалықтары

Ауыл ахуалы жақсарса, ел еңсесі көтеріледі

Written by Aray2005

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысу, түйткілдердің түйінін тарқату, жергілікті жұртшылықтың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау, жерді тиімді пайдаланып, агросекторды өркендету мақсатында аймақтарды аралауды бастаған болатын. Өткен аптада Меркі ауданынан басталған жұмыс сапары ізінше бірнеше ауданда жалғасты.

Қордай ауданы
Кемшілікке кеңшілік болмайды

Қордай ауданындағы жұмыс сапарын аймақтағы іргелі елді мекендердің қатарындағы Сарыбұлақ ауылдық округінен бастаған облыс әкімі Асқар Исабекұлы жергілікті тұрғындармен кездесті. Бүгінгі таңда Сарыбұлақ ауылдық округінде 7 785 адам (1 278 аула) тұрады. Округтің жер көлемі 153 гектарды құрағанымен жердің басым бөлігін тұрғын үй, қора-жай алып жатыр. Тек 36 гектарында ғана бау-бақша мен көкөніс орналастырылған. Яғни тұрғындар қосалқы шаруашылықтарды тиімді пайдалана отырып, табыс тайқазанын тасытуға әлі де асығар емес. Мұнан бөлек тұрғындардың қай-қайсысы болмасын тек мал басын арттыруға ғана мән беріп, төрт түлік арқылы-ақ жетістік желкенін керуге көңіл бөлмеуде. Өз кезектерінде ауылдық округ тұрғындары тірлік бастауға қолбайлау болып тұрған түйінді мәселелерін ашық айтып, аймақ басшысына көкейлерінде жүрген сұрақтарын жолдады.
– «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», – дейді халық даналығы. Сон­дық­тан ауыл шаруашылығын­да бірігу, ірілену арқылы жетістікке қол жеткізуге болады. Ең бастысы – мемлекеттің қолдауы бар. Кооперативтің атқаратын міндеті мен бағыты айқын. Маңыздысы, кооперативтер әрбір адамның жер алдындағы, болашақ алдындағы жауапкершілігін сезінуге толық мүмкіндік береді, – деген А.Исабекұлы кооперативтер құру техниканы тиімді пайдалануға, халықты жұмыспен қамтуға оң әсер ететінін айтты. Сондай-ақ өз сөзінде ауыл тұрғындарының қажетіне жарарлықтай кеңестерімен бөлісіп, орамды ойларын ортаға салды.
Асқар Исабекұлы мұнан кейін ат басын бұрған Бетқайнар ауылы тұрғындарының тындырымды тірлігі көпке үлгі. Мұнда қосалқы шаруашы­лықтың жұмысын жолға қойып, ырзығын айырып отырғандар баршылық. Тұрғындар аймақ басшысының өзге облыстарға үлгі боларлық бастамасының болашақта жемісін беретінін айта келіп, әркез қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров Қарасу ауылдық округінде болып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен етене танысты. Қарасу ауылындағы №7 А.Пушкин атындағы орта мектепте өткен кездесуде Нұржан Сәбитұлы жұмыс сапарының мән-маңызына тоқталып, тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді.
– Биылғы жылдың наурыз айында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен атқарушы биліктің жұмыс алгоритмі бекітілді. Алгоритмге сәйкес жергілікті әкімдерге нақты тапсырмалар берілді. Міне, енді әр елді мекендегі атқарылған жұмыстың нәтижесімен де танысатын кез жетті. Басты мақсат – ауыл тұрғындарының ахуалын жақсартып, табысын еселеуге жол салып беру.
Өздеріңізге мәлім, Үкімет тарапынан қазіргі таңда барлық салаға айрықша назар аударылуда. Ұмыт қалған ешбір сала жоқ. Өз көзімізбен көргендей, елді мекендер иелігіндегі жерді ұтымды пайдалана алмай отырғандар көп. Мәселен, бірнеше гектар алқапқа жоңышқа егіп, жылына екі немесе үш мәрте шөпті сатуды кәсіпке айналдырғандар… Әрине, қолдағы төрт түліктің қажеттілігіне қарай егуге болады. Бірақ жоңышқа егіп пайда табуды ойлағанша, басқа амалын қарастырған жөн. Тіпті ауладағы үш-төрт сотық жердің өзін тиімді пайдалана білсе, миллиондап қаржы табуға болады. Қаншама тұрғынның ауласы бос жатыр. Сондықтан тұрғындар ұлтарақтай жердің өзін табыс табудың көзіне айналдыру керек. Өйткені баптай білсең, жер жомарт. Жерге еңкейгеннің еңсесі биік болады.
Егер тұрғындардан ұтымды ұсыныстар, жарқын жобалар болса, қолымыздан келгенше барлық мүмкіндікті жасап беруге әзірміз, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Асқар Мырзахметовтің Қордай ауданындағы жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында қорытындыланды. Басқосу барысында аймақтағы 19 ауылдық округті аралап, тыныс-тіршілігімен танысқан жұмыс тобының жетекшілері сөз алып, көрген-баққандарын тілге тиек етті. Баяндамашылардың сөзіне сүйенсек, ауданда тапсырма тиянақты орындалмаған. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ауылдық округ әкімдері жұмысты дұрыс үйлестірмеген. Әлі де жүйелейтін жұмыс көп. Дегенмен бірқатар елді мекендердегі тындырымды тірліктер бас бармақпен бағаларлықтай деңгейде. Мәселен, Масаншы, Сортөбе сынды дүнген ұлтының өкілдері қоныстанған елді мекендерден бос жатқан жер таппайсыз. Қосалқы шаруашылықтар арқылы ауыл тұрғындары табыстан тау тұрғызған.
Қорытынды жиында осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер, алдағы міндеттер, орын алған олқылықтар жан-жақты сараланды.
– Облыс халқының 65 пайызға жуығы ауылда тұрады. Алтын бесік ауыл тұрғындарының ахуалын арттыру – баршамыздың басты мақсатымыз. Ол үшін не істемек керек?! Егер ауылдағы әрбір қосалқы шаруашылықтар біріге отырып еңбек етсе, істі ілгерілетуге, тиімді табыс көзін қалыптастыруға толық негіз бар. Ауылдықтардың шағын жобаларына да қолдау көрсетіледі. Тек ол үшін дәлме-дәл есеп-қисап, түгендеу жұмыстары жүргізілу керек. Жалпы айтқанда, жұмыс тобының Қордай ауданындағы сапары біраз жайдан xабар берді. Ауыл әкімдері тиісті тапсырманы әлі күнге жете түсінбеген. Соның салдарынан тұрғындар арасында бірыңғай ұғым қалыптаспай отыр. Бел шеше кіріскен еңбектен береке табуға болатынын барлығыңыз түсінулеріңіз керек, – деген Асқар Исабекұлы жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар беріп, енді кемшілікке кеңшілік болмайтынын баса айтты.

Жамбыл ауданы
Қосалқы шаруашылық қарынды қампайтады

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында да болды.
Жыр алыбымен аттас ауданда 17 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Халық саны 83 мыңды құрайды. Асқар Исабекұлы бірқатар елді мекендерді аралап, Аса ауылындағы мәдениет үйінде аудан активімен жиын өткізді. Аймақ басшысы басқосуда қосалқы шаруашылықтардың тиімділігін жергілікті халық арасында түсіндіру, ауылдық елді мекендердің дерекқорын жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды сұрады. Ауылдық округ әкімдері жеке шаруашылықтарды дамыту бойынша жүргізілген жұмыстарға есеп беріп, зерделеу қорытындысынан хабардар етті. Алдымен мінберге көтерілген Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшынбетовтың баяндамасынан жұмыстың қаншалықты шикі атқарылғаны айқын байқалды. Құрғақ сандар мен дәйексіз деректерді судай сапырды. «Үй-үйді аралап шықтым» деген округ басшысы өзіне қарасты ауланың жерін қалай пайдаланып отырғаны, қора-қопсысында қандай мал барын білмей, одан алатын өнімнің санынан жаңылды.
Келесі кезекте Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев есеп берді. Оның айтуынша, округтегі 349 аулада 2 119 адам тұрады. Жыл ішінде олар 502 тонна ет, 241 тонна сүт өндіріпті. Округте 2 483 мүйізді ірі қара, 24 мың уақ мал бар. Сауынды сиырдың басы– 530. Күніне әр бастан 5 литрден сүт сауылып, 2,5 тонна сүт өндірілуде. Оның 800 литрі сатуға шығарылады. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 28 отбасы ғана мал ұстамайды. Ауылда уақ малды 1000 басқа, сауынды сиырды 200 басқа арттыруға мүмкіндік бар. Мұндағы үй іргесіндегі жер 95 гектарды құрайды. Пайдаланып отырғаны – 72,1 гектар. Негізінен, онда бақша мен көкөністер өсірілуде. Алайда, қос әкімнің сөзіне сенсек, ауыл тұрғындары мемлекеттің қолдауына мұқтаждық танытпауда. Әрі өз бизнесін дамытуға мүдделі емес. Олардың бұл пікірлерін арнайы жұмыс топтарының жетекшілері мен облыс әкімінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев пен Нұржан Календеров жоққа шығарды.
– Ауыл тұрғындары жеке қосалқы шаруашылық жайлы ештеңе білмейді. Яғни ауыл әкімдері жөндеп түсіндірмеген және сауалнамаға жауапкершілікпен қарамаған. Жұмыс топтары жергілікті халықпен кездескенде олардың кооперативке бірігу жайлы ақпаратты дұрыс қабылдағанын айтқым келеді,– деді облыс әкімінің орынбасары М.Шүкеев.
Жиында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов сөз алып, атқарылып жатқан жұмыс бар екенін, бірақ бүгін ауылдық округ әкімдері оны дұрыс жеткізе алмағанын айтып, шаруаны жолға қою үшін уақыт беруін сұрады.
Асқар Мырзахметов аудан әкімі Бақыт Қазанбасовқа ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, олардың ұсыныстарын тыңдауды және егжей-тегжейлі талдауды тапсырды.
– Алдымен қосалқы шаруашылықты дамытудың жолын өзіміз дұрыстап түсініп алуымыз керек. Ауылды жерде тұрғаннан кейін бірінші кезекте қосалқы шаруашылықты іске қосу қажет. Ауданда 4 мың шаруа қожалық бар делік. Ал қалған халықтың тұрмысын жақсартатын қандай жол бар. Бірі үйдің іргесіндегі жер, екіншісі қорасындағы мал. Осының есебінен шаруасын дөңгелетуге де болады. Сол үшін алдымен ауыл әкімдері өздеріңіз қосалқы шаруашылық жайлы егжей-тегжейлі түсініп алмай, халыққа ол жайлы дұрыс, сенімді ақпарат бере алмайсыздар. Егер сіздер жұмыстарыңызды жіті білсеңіздер халыққа ұғындыру мұншалықты қиын болмас еді және есептеріңізді де дұрыс жасай алатын едіңіздер, – деді Асқар Исабекұлы.
Келесі кезекте өңір басшысы Жастар сарайында аудан тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткізіп, кооперативтің не үшін қажет екенін нақты мысалмен түсіндіріп, жергілікті тұрғындарды өндіріс көлемін біріктіріп, ұлғайтуға шақырды.
–Қосалқы шаруашылық деп отырғанымыз – әркімнің қорасындағы малы, үйдің іргесіндегі жері. Осыны пайдаланып, тіршілігін тіктеп жатқандар бар. Яғни қосалқы шаруашылық арқылы табыс табуға не кедергі? Қорадағы сиырдың сүтін, құстың жұмыртқасын сатуға болады. Үй шаруасындағы әйелдер тігін машиналарын сатып ала алады және өз ісін бастайды. Көптеген нұсқалар бар, біз қолдау көрсетеміз, жабдықпен қамтамасыз етеміз. Ең бастысы –жұмысқа деген ықылас болу керек , – деді Асқар Мырзахметов.
Бұл идеяны ауыл тұрғындары да қолдады.
– Сіз кооператив туралы дұрыс айтып отырсыз. Яғни бұрынғы Кеңес одағындай емес, кооепартивті шағын-шағын етіп ұйымдастыру керек. Оған аудан атқамінерлерімен ақылдасып, елмен жұмыс істей алатын, ұйымдастыра білетін іскер басшыны қою керек сияқты. Мен сіздің бұл ұсынысыңызды толық қолдаймын, – деді Аса ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахым Жапаров.
Ал көпбалалы ана Райхан Масатбаева мемлекеттен көмек болса сиыр алып, сүт өндірумен айналысуға болатындығын айтады. Бала-шағасын аққа жарытып қана қоймай, қосымша қаражат табуға сеп болатын еді, дейді ол. «Аялы алақан» қайырымдылық қорының жетекшісі Гүлсім Саурықова баламен үйде отырған аналарға арнап тігін цехын ашып беруін, қолы бос аналарды жұмыспен қамтуды сұрады.
Кездесу соңында тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер ескерусіз қалмайтынын айтқан өңір басшысы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Т.Рысқұлов ауданы
Ауыл әкімдеріне 
ширайтын кез жетті

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің кезекті жұмыс сапары Тұрар Рысқұлов ауданында жалғасты.
Аймақ басшысы Асқар Исабекұлы алдымен Ақыртөбе, Абай ауылдық округінде болып, ондағы шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мұндағы тұрғындар бақша суаратын ағын судың тапшылығы, көгілдір отын тарту мен жайылымды кеңейту, басқа да қордаланған бірқатар мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Бұл орайда облыс басшысы ауылдықтардың кооперативтерге бірігуі маңызды екенін тілге тиек етті. Ол арқылы теxника, маман тапшылығын, тұқым, өндірілген өнімді өткеру мәселелерін де оң шешуге болатындығын айтты.
– Сіздердің жиында көтеріп, айтып отырғандарыңыз орынды. Бірақ бұл ірі шаруашылықтарға емес, ауыл халқының тұрмысын түзеу, табысын көтеру үшін жасалуда. Кооператив құруда, қосалқы шаруашылықты дамытуда ынта мен ынтымақ болса, бұл табыс көзі болмақ. Бұл көктен алынбаған дүние, – деді Асқар Исабекұлы.
Жиында Абай ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылының тұрғыны Орынбай Бекназаров сөз алып, үй жанындағы 20 сотық жерінде таңқурай өсіріп отырғанын айтты. 30 жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан шаруаның ауласында 1 500 түп таңқурай жайқалып тұр. Соның өзінен жылына 2-3 тонна өнім жинап, бір жазда 3 миллион теңге табыс тауып отыр екен. Жиыннан соң облыс басшысы шаруаның үйіне барып, жұмысын өз көзімен көрді.
Бұдан соң Асқар Исабекұлы Т.Рысқұлов аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен жиын өткізді. Алдымен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аймақтың өткен 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндап өтті. Оның айтуынша, ауданда 13 500 аулада 65 мыңға жуық адам тұрады. Мал ұстап отырған аула саны – 6 188. Ал үй жанындағы жердің жалпы көлемі 1 228 гектарды құрайды. Ол жерлердің басым бөлігі әлі күнге мақсатты пайдаланылмай келеді екен.
Осыдан кейін жұмыс тобының жетекшілері сөз алып, өздері аралаған ауылдық округтердің жұмысымен таныстырып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі халыққа толыққанды ақпарат бермегенін, сауалнаманы дұрыс жүргізбегенін жеткізді.
Өңір басшысы жұмысына жауапсыз қараған ауылдық округ әкімдерін сұрақ­тың астына алды. Округ әкімдері­нің де жиынға дайындалмай келгені олардың берген жауаптарынан көрініп-ақ тұрды. Асқар Исабекұлы алдымен қойылған талаптың түп мақсатын терең түсінбей, ойға алған істің оңынан баспасын қадап айтты.
– Жаңа Абай ауылдық округінде 20 сотық жерде таңқурай өсіріп отырған кісінің бақшасын көрдік. Ауласын жайнатып отыр. Үйдің іргесіндегі жердің өзін тиімді пайдаланып отырған ол сол жерден жылына 2-3 тонна өнім жинайды. Біз бірінші кезекте үйдің іргесіндегі жерді табыстың көзіне айналдыруды үйренуіміз керек, – деді Асқар Исабекұлы.
Жиын соңында аймақ басшысы аудан және ауылдық округтің әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеп, түсіндіру жұмысын жандандыруды тапсырды.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР