Ауыл әкімдерінің сайлауынан не күтесіз?

0 4

Биыл еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиға – ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Тиісті заңға қол қойылып, қажетті қаржы қаралған. Бұқараның таңдауына түсетін әкімдердің саны 856-ны құраса, сайлауға 17 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ауыл әкімдерінің сайлауы демократиялық үдерісті жетілдіріп, халықтың билікке деген сенімін арттырады дегенімізбен, бұл науқаннан шын мәнінде ел не күтіп отыр? Сонымен жұрттың сөзі не дейді?

«Ашықтыққа жасалған алғашқы қадам»

– Бұл егемендігімізді алған 30 жылдың бедерінде тұңғыш рет өткізіліп отырған сайлау. Сондықтан аталған науқан ашықтыққа жасалған алғашқы қадам екені анық. Алайда біз ауыл әкімдерінің сайлауын жер-жерге, ру-руға бөлінетін саяси ойынға айнылдырып жібермеуіміз керек. Қолынан іс келетін, іскер азаматтарды таңдағанымыз жөн. Ол үшін халықтың 30 жылдың ішінде көздері ашылды деп ойлаймын. Яғни өз таңдауын жасауға саяси тұрғыдан тұрғындар қазір дайын.

Партиялардың да өз үміткерлерін ұсына алатындығы туралы айтылуда. Алайда бұған да барынша байыппен, салмақты қарауымыз қажет. Өйткені бір ғана дұрыс емес шешім ел ертеңіне әсер етуі мүмкін.

Сайлауда бәріне бірдей мүмкіндік беріледі деп үміттенемін. Мұнда елді мекенді байырдан басқарып келе жатқан азаматтарға басымдық бермей жаңа есімдерді де жарыққа шығарғанымыз жөн. Ал осы сайлауды өз деңгейінде өткізе алсақ, ертең аудан мен облыс әкімін де халық өзі сайлай алатын дәрежеге жетеді. Сондықтан алғашқы қадамды сәтті жасасақ, соңы жақсы болмақ.

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері

«Халыққа да жауапкершілік артылады»

 

– Демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан біз мұндай жаңашылдықтарды жатсынбауымыз керек. Не нәрсені болсын ауылдан бастаған дұрыс. Себебі ауыл – біздің алтын діңгегіміз. Рас, сайлауда рушылдық, жершілдік сияқты теріс түсінік пен бұрмалау орын алуы мүмкін. Алайда біз тек алға жылжуды ойлауымыз қажет. Олай етпесек қоғам дамымайды. Халықтың саяси санасында серпін болмайды.

Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – халықтың жауапкершілігін арттырады. Бұған дейін тағайындалған әкімдерге халық өкпесін айтып, жұмысын сын тезіне алып жатса, енді өздері таңдаған әкіммен жұмыс істейді. Одан бөлек қазір байқасаңыздар елді мекендегі көптеген құрылымдық мекемелер облыс орталығына қарап, ауданның жауапкершілігінен алынып тасталуда. Бұл ауылдарға да әсер ететіні айдан анық. Яғни жауапкершілігі жеңілдеген ауыл әкімдері енді тек елді мекеннің ішкі тіршілігімен айналысуға мүмкіндік алады. Мұндай үдеріс ауылда ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік, мал шаруашылығы сияқты салаларды алға бастырады деп ойлаймын. Сондықтан ауыл әкімдерінің сайлауына үрке қарамай, керісінше кемшіл тұстарын бірге түзетіп, жұрт болып үн қосқанымыз абзал.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

«Бұқара ел мен жерге бөлінбесе болғаны»

– Әкімдер сайлауынан үлкен жақсылық күтіп отырмыз. Алайда өзім Дулат ауылдық округіне мұнда ғана әкім болып барғандықтан бұл сайлауға қатыспайтын болып отырмыз. Десе де Шу ауданы бойынша мерзімі келіп отырған 3 әкім қайта сайланады. Менің ойымша халық өз таңдауын жасай алатын уақытқа жетті. Кімнің қалай жұмыс істейтінін ел көріп отыр. Көздері ашық. Саясаттан хабары бар. Ненің жақсы, ненің жаман екенін біледі. Бірақ ойға қалдыратыны сайлаушылар ел мен жерге бөлініп кетпесе екен деймін. Той-томалақтың өзінде отыз рулы елге бөлініп отыратын жұртшылық бұл сайлауды да рушылдық сайысына айналдырып жібермесе игі. Ол үшін әрине халықпен ақсақалдар дұрыс жұмыс жүргізуі керек-ақ. Жан-жақты түсіндіріп, керек кезде көпшілікті баса білгені жөн. Сонда ғана біз таза, әрі ашық сайлау өткізе аламыз.

Найман СҰЛТАНБАЕВ,

Шу ауданы Дулат ауылдық округінің әкімі

 «Әкім қара басының емес, халықтың қамын ойлауы керек»

 

Әкім деген қара басының емес, ең бірінші қара халықтың қамын ойлауы керек. Алайда ауылға келген әкімнің жұмысынан көрі жиналысын көп көреміз. Сағаттап уәдені үйіп төккеннен кейін оның орындалғанын байқамайсың. Әйтеуір ә дегенде көшенің басын жөндеп, бірлі-жарым жерді реттегендей болады, сосын әкімді іздеп таба алмайсың. Ондай әкімнің болғанынан болмағаны жақсы.

Ешкімнің атын атап, түрін түстегім келмейді. Алайда осы өмірімде «ауылды гүлдендіремін» деп келіп, соңы басы дауға қалған талай әкімді көрдім. Оларға әйтеуір тағайындалған уақытын тыныш өткізсе болғаны. Бірақ қазір халықтың көзі ашық. Өз құқығын біледі. Сондықтан қызметінде қалғып отыратын әкімдерге көне де, бағына да алмайды. Алдағы ауыл әкімдерінің сайлауы осындай олқылықтардың орнын толтырады деп сенемін. Әйтеуір «халық сайлайды» деп алып, соңында өздері шешіп кетпесе болғаны. Біз бұл науқанға үлкен үмітпен қарап отырмыз.

Гауһар ЖҰМАБЕКОВА,

Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тұрғыны

P.S

Халық сөзі – осы. Бірі бұл сайлаудан үлкен үміт күтіп отырғандарын айтса, енді екіншілері рушылдыққа салып ортаға көлденең көк аттылар кіріп кетіп, осы күнімізге жете алмай қалмайық деуде. Әрине әркімнің сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Алайда бәрін күзде келетін сайлау көрсетеді. Әйтеуір саяси науқан таза, әрі ашық өтсін деп тілейміз. Өйткені бүгінде «көз қысты, бармақ бастыға» бағынатын халық жоқ.

Дайындаған Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.