«Ауыл келінінің шынайы болмысын көрсеткім келді»

1 254

Қазақ эстрада­сының жұлдыз­дарын жұрт бүгінде той-томалақтан емес, әлеуметтік желіден табатын болды. Әсіресе олар «Instagram» әлеуметтік желісінің тұрақты «тұрғындары». Сондай-ақ «инста»-блогерлер мен «тик-токерлерден» аяқ алып жүргісіз. Олардың дені «подписчикті» батыс пен шығысқа еліктеп, тәнін жалаңаштап жинағысы келсе, ұлттық дүниелерді насихаттау арқылы көрермендерін көбейткендер де аз емес. Міне, сондай жандарды газетіміздің «Инста жұлдызы» атты жаңа айдары арқылы оқырман қауымға танытқанды жөн көрдік. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының келіні Әсел Райымбек.

Әселдің туған топырағы – Қордай ауданындағы Ноғайбай ауылы. Ол Қаракемер ауылына келін болып түскеннен бері өз парақшасында белсенділік танытып, бүгінде 22 400 «оқырман» жинап үлгерген.
– Инстаграм парақшасын осыдан үш жыл бұрын аштым. Алайда ол кезде тек өзімнің отбасым мен жеке суреттерімді салып жүргенмін. Бір жыл бұрын «Неге өзімнің келін ретіндегі күнделікті өмірімді салмаймын» деген ой келіп, блогер ретінде парақша жүргізе бастадым. Осы уақыт ішінде 22 мыңнан астам «подписчик» еліміздің өзге өңірлерімен қоса, Қырғызстан мемлекетінен де жазылып, лайк басып, пікір қалдыра бастады. Менің суреттерім мен видеоларымнан тек ауылдағы тіршілік көрініс табады. Келіннің болмысы да күнделікті өмірімнен алынып отыр. Таңертең тұрғаннан ауылдағы келіннің мойнындағы қым-қуыт тірлікті көрсетемін. Оның ішінде үй жинаймын, тамақ пісіремін, сиыр сауып, малға шөп шауып, көмір тасып, от та жағамын. Күйеуім Айдос инстадағы өміріме қарсылық танытқан емес. Керісінше қолдап отырады. Көрермендерім көбейгеннен кейін ауылда тағы бірнеше келін парақша ашып, маған еліктеп блог жүргізуде, – дейді Әсел.
Бірақ 1992 жылғы жас келіннің «инста жұлдызына» айнала бастағанын ата-енесі білмейді екен.
– Ата-енем әлеуметтік желіге кірмейді. Сондықтан парақшамның бар-жоғынан бейхабар. Алайда күнделікті ұялы телефонға бір нәрселерді түсіріп жатқанымды көргенде «Әй, не істеп жатырсың?» деп сұрап қояды. Айтқаныммен олар толық түсіне қоймайтындықтан «жәй, әшиін» деп құтыламын, – дейді қаракөзіміз.
Алайда Әселдің инста өмірінен туған ата-анасы хабардар. Сондай-ақ артынан ерген 4 сіңлісі де әпкесінің ізін басып келеді.
Әсел әзірге өзінің жазылушылары арқылы табыс табуды ойламапты. Алайда жарнама арқылы ақша жасауға болатындығын естіп жатқанын жасырмады.
– Шындығын айтқанда, инста жарнама арқылы табыс табуға болатындығын енді ғана біліп жатырмын. Бұйыртса, алдағы уақытта осы бағытта да жұмыс жасап көрсем деп отырмын. «Подписчикті» көптеп жинауға болады, бірақ оны ұстап қалу қиын. Сондықтан ауыл келінінің өміріне қатысты тың жобаларды да ойластырудамын. Алдағы уақытта сол туындыларымды парақшамда ұсынамын. Бірақ біздің ауылдағы үлкен мәселе – ғаламтор желісінің жылдамдығы төмен. Көшеге шықсаң тіпті желі тартпай қалады. Сондықтан видео мен суретті түсіріп алып, содан кейін үйде парақшама сағаттап жүктеймін. Егер осы мәселе біржақты шешімін тапса, инстаграм ғана емес, өзге де әлеуметтік желілерді жүргізуге болар еді, – дейді Әсел.

Саян ТІЛЕУЖАН

1 Comment
  1. Saule says

    👍👍👍

Leave A Reply

Your email address will not be published.