Ауыл мектебінде сапалы білім берілуі керек

0 1

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Шу ауданына барып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Шу қаласы елімізге шойын жолдың қызметімен байланысты көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар шоғырланған ірі теміржол торабы ретінде танылған. Ал теміржол мекемелерінің тұрақты жұмысы Шу қаласы тұрғындарының әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Себебі көптеген шулық тұрғындар осы салада еңбек етіп жүр.
Бердібек Машбекұлы алдымен аудандағы ірі теміржол кәсіпорындары­ның бірі саналатын «Қамқор» локомотив жөндеу зауыты мен Шу локомотив пайдалану депосына ат басын бұрды.
Цехтарды аралау кезінде зауыт директоры Марат Нұрбаев аймақ басшысына кәсіпорынның негізгі қызметі, жоспарлары мен болашағы туралы айтып берді. Бұл зауыт ТО-6 циклі бойынша ВЛ-80
сериясындағы электровоздарға және ТО-3, ТО-6 сериялары бойынша ТЭМ-2 тепловоздарына қызмет көрсетумен айналысады. Мұнда барлығы 311 адам жұмыс істесе, олардың дені жергілікті тұрғындар.

– Бізде маман тапшылығы сезілмейді. Себебі Шу қаласындағы теміржол колледжі қажетті кадрлармен қамтамасыз етуде. Десе де зауытқа білікті токарьлар керек. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін біз мамандарды арнайы оқыту курсына жолдау жағын қарастырудамыз, – дейді зауыт директоры М.Нұрбаев.
Биыл зауыт мемлекеттік қорғаныс саласының тапсырысы негізінде артиллериялық қаруды жөндеу бойынша жұмыстарды бастамақшы. Қазір бұл бағытта дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Ал Шу локомотив депосына ат ізін салған облыс әкімін депо бастығы Қайрат Көкірекбаев қарсы алып, 1929 жылы құрылған кәсіпорынның тарихынан сыр шертті. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы депо кезекшілерінің қызметтік үй-жайларын көріп, жеке құрамның жұмыс кестесі мен олардың жалақыларының мөлшерімен танысты.
Депо былтыр алдына қойған жылдық жоспарды 102 пайызға орындапты. Мұнда 1 097 адам жұмыс істейді. Бюджетке 500 миллион теңгеден астам салықтық түсім түсірген. Биылғы қос бүйірден қысқан карантиндік шараларға қарамастан, мұнда жұмыс орындары қысқартылмапты. Тіпті жұмысшыларға ай сайын сыйақы берілген. Сондай-ақ жас отбасылар мен балалы болғандар да материалдық жәрдемақыға ие болған.
Бұдан кейін локомотив жөндеу зауытының мәжіліс залында Шу теміржол кәсіпорындары басшыларының қатысуымен жиын өтті. Онда басшылардың өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, аймақ басшысы бірқатар ескертпелерін айтты.
– Жамбыл облысы – халықтың табысы ең төмен аймақтардың бірі саналады. Сондықтан кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларының алдында жұмысшылардың негізсіз қысқаруына және олардың жалақысының төмендеуіне жол бермеу міндеті тұр. Сонымен қатар аймақтағы жұмыссыз­дықты азайту үшін құрылған жұмыс орындарының санын көбейту мүмкіндіктерін іздеуіміз керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Кездесу соңында облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылары мен кәсіподақ ұйымы арасында еңбек заңнамасын қатаң сақтау, қызметкерлердің қысқаруына жол бермеу және жұмысшылардың жалақысын төмендетпеу туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы ат басын бұрды. Мекеме директоры Руслан Куккузов жылыту маусымының барысымен және ағымдағы жылдың жоспарымен таныстырды.
– «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 16 735 шақырым жылу жүйесі арқылы Шу қаласындағы 57 көппәтерлі үйді, 226 жеке тұрғын үйді және 19 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда тұтынушылар жылумен толықтай қамтамасыз етілген. Жылыту маусымы барысында ешқандай қиындық туындаған жоқ. Себебі 2020-2021 жылғы жылыту маусымына алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, кедергі келтіруі мүмкін мәселелер толықтай шешімін тапты. Өткен жылы 39 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қазірден бастап 2021-2022 жылғы жылыту маусымына жоспар жасалып,
57 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Биыл 2 850 метр жылу жүйелерін ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ былтыр өз есебімізден көппәтерлі бір тұрғын үйдің жертөлесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенбіз. Алдағы уақытта да жыл сайын бір үйдің жертөлесін қалыпқа келтіріп отырмақпыз, – деген Руслан Сүйерқұлұлы 2018 жылы 260 миллион теңге бөлініп, көмірмен жылытылған қазандықтар табиғи газға көшірілгенін айтып өтті.
Мекемені аралап, тыныс-тіршілігімен танысқан Бердібек Машбекұлы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Мұнан кейін аймақ басшысы аудан орталығына іргелес жатқан Алға ауылындағы өткен жылы ғана пайдалануға берілген Амангелді атындағы орта мектептің бүгінгі жай-күйін көзбен көрді. Сыйымдылығы 300 орынға есептелген заманауи үлгідегі білім ордасында қазіргі таңда 343 оқушы білім нәрімен сусындауда.
Білім ошағының материалдық-техникалық базасы әлемдік заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне және спорттың кез келген түрімен айналысуына барлық жағдай жасалған.
Шу ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаеваның сөзіне сүйенсек, мектептің безендірілуі түлектердің демеушілігімен жүзеге асқан.
Кірген адам шыққысыз білім ордасының сыныптарын аралап, асханасын, спортзалын көрген Бердібек Сапарбаев сәні мен салтанаты жарасқан мектеп оқушылардың білім алуға деген құлшынысын арттыратынын, сондықтан құрылыс жұмыстарын жүргізгенде безендіруге де мән беру керектігіне тоқталды.
– Шынын айтқанда, мұндай мектептер облыс орталығында жоқ. Қадағалау қатаң болғаннан кейін құрылыс компаниясы да өз жұмысын сапалы атқарған. Безендірілуі қандай керемет. Көңілің толады. Елді мекендерде бой көтеріп жатқан мектептердің құрылысын жүргізгенде осы мәселеге мән беру қажет. Сайып келгенде, ауыл мектебі қала мектебінен кем болмауы керек. Ауылдардағы мектептердегі білім сапасының жоғары болуы, материалдық-техникалық базасының соңғы үлгідегі талаптарға сай болуы шарт, – деген аймақ басшысы Алға ауылының әкіміне ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, табыс көзіне айналдыру керектігін тапсырды.
Сонымен қатар Мүбарак Қасымқызы аудандағы қаңырап бос тұрған кәсіптік-техникалық колледжді 300 орындық орта мектепке бейімдеу туралы да ойын айтты. Колледж төрт қабаттан, 3 корпустан тұрады. Бұл ретте Бердібек Машбекұлы ескі ғимараттың пайдалануға жарайтынын немесе жарамайтынын алдын ала нақтылау керек екенін атап өтті.
Ал мектептегі жиынға арнайы келген ауыл ақсақалы Аманхан Оңғарбаев облыс әкімі Бердібек Машбекұлына ауыл тұрғындары атынан үлкен ризашылығын жеткізді.

Талғат НҰРХАНОВ,
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.