"Алтын бесік"

Ауыл шаруашылығы – асыраушы сала

Written by Aray2005

Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың аудан тізгінін қолына алғанына үш айға жуық уақыт болды. Аудан басшысы қызметке кіріскен күнінен бастап-ақ аудандағы кенжелеп қалған ауыл шаруашылығын мықтап қолға алған еді.
Атап айтқанда, жұмысқа кіріскен күннің ертеңіне-ақ аудан әкімі аппараттық кеңесінде егістік жерлерде сүдігер жырту, келесі жылға тұқым дайындау, жанар-жағар май қорын жасау, жер құнарлылығын арттыру, бос жатқан жерлерді игеру тәрізді мәселелерге ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшылары Қ.Елеусізов пен Э.Көкішевке нақты ұсыныстар беру тапсырылған. Бұдан кейінгі басқосуларда да мал, егін шаруашылығын өркендетуге байланысты 24 рет хаттамалық тап¬сырмалар беріліп, оның орындалу мерзімі көрсетілген бо¬латын. Енді міне берілген тапсырмалардың орындалуын сұрайтын кез келді.
Аудан әкімінің алдында осы салаға қатысты мекеме, бөлім басшылары, округ әкімдері қатысқан басқосуда ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қызыр Елеусізов есеп берді. Есеп беру барысында ауданда 309 га жерге сүдігер көтеріліп, 12,5 шақырым канал тазаланған. Ауа райының қолайлылығына байланысты канал тазалау жұмыстары әліде жалғасуда. Сондай-ақ егістік жерлердің иелері анықталып, көптеген жерлердің пайдаланылмай жатқаны белгілі болды. Соның әсерінен егістік алқаптарын қамыс, жиде, шеңгел, қара ағаштар басып кеткен. Иесіз пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алуға байланысты жұмыстар айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Ауылдық жерлердегі жеке иеліктегі техникалардың есебі алынғанымен оның басым бөлігі жарамсыз күйде. Биылғы жылға ауылдық округтер бойынша Кеңес — 300, Бірлік-300, Биназар-120, Қызылтал-135, Қызылотау -115 гектар жерге жүгері егуді жоспарлап отыр. Бұлардан басқа тары, арпа, жоңышқа, бақша дақылдары да егілмек.
Диқандар сүдігер көтеріліп, каналдардың тазаланғанына қарағанда биыл егістікте судың мол болатынына көз жеткізгендей болды. Аудан басшысы тарапынан егістікке дұрыс көзқарас танытқандарға тағы қосымша көмек көрсетілгелі отыр.
-Біз ауданның ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында көптеген қаржы жұмсап отырмыз. Ал енді мұның қайтарымы болуы керек. Сондықтанда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жүгері егілетін алқаптарды көбейту керек. Бұл ретте округ әкімдері жүйелі жұмыс істеуі тиіс,- деген аудан басшысы мерзімдерін көрсете отырып, округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Ал аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов пен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қызыр Елеусізовке осы күнге дейін ауданға қажетті тұқымды шешпегендеріне ренішін білдірді. Сондай-ақ көктемгі егіске қажетті жанар-жағар майды да шешуге 20 күн уақыт берді. Көктемде жерді жырту, малалау, дәнді себу, суды кезегімен босату тәрізді жұмыстарға техникалық карта жасауды аудан әкімінің орынбасары Б.Қалымбетов, «Сушар» өндірістік бөлімшесінің директоры Н.Шардарбеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Елеусізов және ауылдық округ әкімдеріне тапсырды.
Ауылдық округ әкімдеріне ауылдарда кооперативтер құрып, олардың құжаттарын дайындауға да 20 күн уақыт берілді.
Аудан әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы Мақсат Малбағаров аудандағы ветеринария саласы бойынша жыл ішінде атқарылған жұмысы туралы айтып берді. Аудандағы төрт түлік мал тиісінше Сібір жарасы, Құтыру, Аусыл, Лептоспироз, Оба, Листериоз, Пастереллез тағы басқа бірнеше ауруларға байланысты алдын –ала емделіп отырған. Соның нәтижесінде жұқпалы мал ауруларына шалдығу өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым кеміген. Малдарды бірдейлендіру жұмыстарының жоспары асыра орындалған. Ауданда аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жұмыстар да жүйелі жүргізіліп, ол өз нәтижесін берді. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды жоюға бөлінген қаржы игерілген. Адамдардың Бруцеллез, туберкулез ауруларына шалдығу көрсеткіштері де алдағы жылмен салыстырғанда кеміген. Ветеринариялық пункттер, мал тоғыту орны, мал емдейтін орын¬дар өз дәрежесінде жабдықталған.
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қанатбек Дүйсенов, аудан әкімдігінің «Ветеринариялық қызмет» КМК директоры Мұрат Қасенов, аудандық аурухананың бас дәрігері Жайдар Әйтішев, аудандық полиция бөлімі басшысының орныбасары Ғалымжан Шоңбасовтар мал ауруы, оның алдын алу, сыртқа ет экспорттау, адамдардың бурцеллез, туберкулез ауруларына шалдығуы, мал ұрлығы тәрізді жайларды қозғады.
Аудан басшысы аудандағы ветеринария саласындағы барлық жұмыстарды саралай келе, алдағы уақытта да бұл жұмыстарды ұтымды ұйымдастыра беру қажеттігін атап өтті.
-Біздің басты мақсатымыз ауданда ауыл шаруашылығын көтеру болып отыр. Бұл ретте мал шаруашылығын дамытып, ауылдардағы малдарды көбейту керек. Суармалы егістікті барынша пайдаланып, онда жылына бір-екі рет қана орып алатын жоңышқа ғана емес, жүгері тәрізді құнарлығы жоғары дақыл егуіміз керек. Жерді тиімді пайдалансақ, оның берері көп. Алайда оған дайындықты бүгіннен бастауымыз керек, — деген аудан басшысы М.Мұсаев басқа да өзекті мәселелерді сөз етіп.
Аудан әкімі алдындағы жиында жер қатынастары мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшылары Эльдар Көкішев пен Қанат Жұпбаев та есеп берді. Онда олар өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Аудан басшысы М.Мұсаев игерілмей жатқан суармалы жерлерді игеру қажеттігін, ал игере алмаған жағдайда қайтару керектігін баса айтты. Сондай-ақ шаруаларға берілген жер мен олардың мал басының тепе-теңдігіне де баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Ал кәсіпкерлік саласына байланысты да ауданда атқарылар іс аз емес. Басқа емес аудан орталығының өзінде де келеңсіз көріністер орын алуда. Сауда орындары, халыққа басқа да қызмет көрсетушілер тарапынан орын алып отырған кемшіліктерді аудан басшысы атап өтіп, оны қадағалауды бөлім басшысы Қ.Жұпбаевқа тапсырды. Аудан кәсіпкерлерінің құқығын қорғап, олардың тиісті несие алуларына барынша көмек көрсетеді деген «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалы, «Жамбыл облысы инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудандық бөлімі мен Шағын кәсіпкерлікті қолдау қорының да атқарып отырған жұмыстары көңіл көншітпейтіні айтылды.
Аудан басшысы М.Мұсаев аталған үш мекеменің өкілдері Нәділ Үсіпжанов, Айгүл Баймұратова мен Шаймерден Исабековтерге кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары жетекшілерінің өз жұмыстарын ширатулары, кәсіптерін ұлғайтулары үшін тиісті несие алуға көмек көрсетуді тапсырды.
Аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы мысал ретінде Мойынқұм ауылының орталық көшесінде орналасқан үш жанар-жағар май стансаларының бүгінгі сүреңсіз кейпін тілге тиек етті.
Иә, шындығында да, талапқа сәйкес келмейтін бұл стансалардың маңайын ретке келтіретін уақыт жетті. Ал ауданымыздың экономикасын барынша көтеретін ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы екенін ешуақытта ұмытуға болмайды.

ПІКІР