Қоғам

Ауылда арақ сатылмайды,тәртіп те бұзылмайды

Written by Aray2005

Қасқабұлақтық күрді ағайындардың тату тіршілігі көпке үлгі

Тараз-Қаратау-Жаңатас бағытындағы асфальт жолдың тауға қарай бұрылатын жерінен Қасқабұлақ ауылына апаратын жолға түстік. Білуімізше Тентексай арқылы өтетін асфальт жолдың ұзындығы 12 шақырымды құрайды. Өткен жылы асфальт төселіп, ел игілігіне берілген жолдың тиімділігі айтпаса да түсінікті. Жыланның ізіндей ирелеңдеген жолдың әрбір тұсы қауіпті. Жеңіл көлікпен жүйіткіп отырып, Қасқабұлақ ауылына 10 минутта-ақ жеттік. Ауылға кіреберіс тұстағы ауызсумен қамтитын нысан көзге бірден шалынды. Етектегі ауылда ақ шаңқандай әдемі көрініп, Қасқабұлақ орта мектебінің ғимараты менмұндалайды. Көп уақыттан бері Қасқабұлаққа жолымыз түспеген. Ауылда көп өзгеріс бар екені байқалады.
Ауыл ортасынан өтетін өзеннің атымен аталатын ауылда негізінен күрді ұлтының өкілдері тұрады. 1937 жылдың қараша айында күрді халқы Әзербайжаннан жер аударылып, Талас ауданының Ойық ауылына барып пана табады. Алайда, құмды, шөлейтті Ойық ауылының ауа райы жақпағандықтан, көп ұзамай өлім-жітім көбейіп, түрлі аурулар тарай бастайды. Негізі күрді халқы таулы аймақтарда өмір сүруге бейімделген. «Тау халқы» деп тегіннен-тегін айтылмайды. Сөйтіп, Ойық ауылының ақсақалдары жағдайдың ушығып бара жатқанын түйсініп қазіргі қонысы Қасқабұлақтың таулы-қыратты екенін айтып, осында өздері көшірісіп келеді.
Қазір ауылда сол бір аумалы-төкпелі кезеңде дүниеге келген, зорлық-зомбылықты көзбен көрген төрт-ақ адам қалыпты. Бүгіндері жастары тоқсанды алқымдаған көнекөз ауыл қариялары тағдырымыз қыл үстінде тұрған шақта бір үзім нанымен бөлісіп, бауырына тартқан қазақтардың қайырымдылығын айтып, көздеріне жас алатын көрінеді. Қасқабұлақ ауылындағы «Eldік elge baılanysty» тақырыбында өткен жиында ақсақалдармен, жастармен дидарласып, мәнді, мағыналы әңгіме айтылып, көңіліміз өсіп қайттық.
– Біз, Қасқабұлақ ауылының тұрғындары Қазақстанды туған Отанымыз санаймыз. Осында балалық шағымыз өтті, есейдік, шаңырақ көтердік, ұрпақ тәрбиеледік, аянбай еңбек еттік. Қазақ халқымен етене жақын араласып, судай сіңісіп кеттік. Сондықтан да күрділердің күнделікті өмірі қазақы салт-дәстүрмен біте қайнасып кеткен. Кезінде бойымыздағы күш қуатты ауданымыздың, ауылымыздың дамуы үшін сарқа жұмсадық. Зұлматты жылдары құшағын ашқан қазақ халқының жақсылығын маңдай терімізбен ақтағымыз келді. Ал қазір зейнет жасына жеткенде көрген-білгенімізді, өмірден түйгенімізді ауыл жастарына айта отырып, саналы тәрбие беруге барымызды салудамыз. Ауылымыздың ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан. Ауылымыздағы дүкендерде он жылдан бері ішімдік сатылмайды. Ұрлық-қарлық та түбегейлі тыйылған. Соңғы бес жылда бірде-бір отбасы ажырасқан емес. Тіпті атаулы әлеуметтік көмек те алмаймыз. Барлығы еңбекпен келгенін қалаймыз, – деп ойын қорытындылаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исмаил Үсейіновтің сөзін әрмен қарай Махмед Темиров жалғады.
– Ата-бабаларымыздың Қасқабұлаққа қоныс тепкеніне 83 жыл толды. Қасқабұлақты атамекенім деп санаймын. Тіпті басыңнан аяғыңа дейін алтын құямын десе де, ешқайда көшпеймін. Балаларыма да соны айтып отырамын, – дейді М.Темиров.
Жиын барысында ауыл ақсақалдары Али Юсупов, Махмед Мұсаев ұлтаралық қатынасты нығайту жолдарындағы ойларымен бөлісті. Ауыл ақсақалдары соңғы жылдардағы жекешелендірудің салдарынан ыдырап кеткен тіршілікті қайта жаңғырту қажеттігін және Мемлекет басшысының, облыс басшысының мектепте қазақ тілін оқыту жөніндегі тапсырмаларын дұрыс санайтындығын жеткізді. Ал Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Сулхадин Мұстафаев Қасқабұлақ орта мектебінде 1956 жылға дейін оқудың қазақ тілінде жүргізілгенін, кейіннен түрлі себептермен мектепте оқытудың орыс тілінде жүргізіліп кеткендігін қынжылыспен еске алды. Округ әкімі өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ауылға келгенде аталмыш мәселеге ерекше мән бергенін айтып, жақында ғана қазақ тілі және әдебиет кабинетінің ашылғандығынан хабардар етті.
Қасқабұлаққа сапарымыз барысында тағы да бір қуанышты жағдайға куә болдық. Ауылдағы жеті көшенің төртеуін асфальттау үшін жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр екен. Оған қоса елді мекендегі үш көпір қайта жаңғыртылмақ. Сәтін салса таяу жылдары балабақша да салынбақшы. Әлеуметтік мәселе шешімін тапқан жерден кім қалаға көшеді. «Енді кооператив құрсақ, бірігіп жұмыс істейміз» деп белсеніп отыр жұрт. Ал жұмыс бар жерде береке-бірлік ынтымақ болатындығы әу бастан белгілі. Әрі бұрынғыдай алыс-беріс жалғасын тауып, ел табысқа кенеледі.
Біздің бұл ойымызбен қасқабұлақтық ағайындар да толықтай келісті. Әрі Мемлекет басшысының ел ішіндегі берекесіздікті, теріс пікірлерді, тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсетуіміз керек деген тапсырмасын толықтай қолдап отыр.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Талас ауданы

ПІКІР