Ауылда тұрып, Алашқа танылған ақын

0 13

Ауылда тұрса да аты алты алашқа мәшһүр болған Нарша Қашағанұлының есімі кез келген өлеңсүйер оқырманға жақсы таныс. Сөз құдіретін сыршыл жырларымен ұқтыра білген ақын «Өлеңге менің-дағы бар таласым», «Жақсылық жаса адамға», «Туған ел тұлғалары» секілді бірнеше кітаптың авторы. Ақынның өлеңдеріне жергілікті, елге танымал сазгерлер ән де жазды. Артына мәңгілік өшпес мол мұра қалдырған Нарша Қашағанұлының ертең өмірге келгеніне 70 жыл толады. Жақында ардақты ақынның туған күніне орай О.Иманәлиев атындағы Ақкөл мәдениет үйінде «Рақмет саған, туған ел!» атты тақырыпта еске алу кеші өтті.
Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ақын өлеңдерін әнге қосқан композиторлармен қатар, замандастарыда қатысты.
Жыр тербеген кештің ашылу салтанатында сөз алған Ақкөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бейісбек Сейдуанов ақын есімі туған елімен жасай беретінін жеткізді.
– Нарша Қашағанұлын еске алуға арналған шара өзі тұрақтап, қызмет жасаған Ақкөл ауылынан бастау алып отыр. Нәкең тек ақындығымен ғана емес, айтқыштығымен, шешендігімен де көпке танымал. Оның барлығын жиып-терсек, том кітапқа жүк болары сөзсіз,–деді Б.Сейдуанов.
Кеш барысында қатар жүріп, дәмдес болған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев, еңбек ардагері Дүйсебай Төребеков, Жалғасбек Тәукебаев, сазгер Жанар Молдабеков естеліктерімен бөліссе, композитор Серік Керімбеков, әнші Жасан Тілеубеков, Шыңғысайтмат Әбілжанұлы ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Ал мектеп оқушылары Нарша Қашағанұлының өлеңдерін нақышына келтіріп оқыса, жас ақын Ерімбет Досалиев өз арнауын оқып, жырдан шашу шашты.

«ARAI»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.