Рухани жаңғыру

Ауылдағы ағайын асарлатып үй салуда

Written by Aray2005

Осыдан үш жыл бұрын қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» мәртебелі атағын алып тұрып: «Менің енді бір арманым бар, аға! Көп болса Қазақстанда 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Қазақтың 5 мың жігіті сол ауылымызды көтеріп жіберсек одан басқа қандай бақыт керек? Міне, мен соны ойлаймын! Бірігіп әлі талай таудан тауға жетеміз, шыңға шығамыз!» деп ағынан жарылған еді.
Егер әрбір қазақтың кәсіпкер азаматы Жасқылық Үшкемпіровтей қара басының ғана емес, халықтың қамын ойлап, әрекет етсе елді мекендеріміз әлдеқашан еңсесін тіктеп, тұрғындардың тұрмысы оңалып, сәйкесінше еліміздің одан әрі дамуы мен өркендеуіне қуатты серпін берер еді.

Қазір елімізде түрлі бағытта жүзеге асып жатқан жобалар жетерлік. Әрине жобалардың барлығы бірдей жемісін беріп, тиімділігін көрсетіп отыр деуге тағы болмас. Ғұмыры қысқа болған жобалар да жетерлік. Ал Байзақ ауданы әкімдігінің бастамасымен және облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің үйлестіруімен өңірімізде басталған «Асарлатып үй салу» жобасы бұрынғы жобалардан өзгерек. Неге?! Біріншіден, аталған жоба аясында облысымыздағы елді мекендерде аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналып 300 үй бой көтереді. Екіншіден, бюджеттен бір тиын да қаржы бөлінбестен әрбір үй көптің көмегімен, қолдауымен салынады. Ал егер 300 үйді мемлекет қаржыландыратын болса қазынадан қыруар қаржы бөлінетін еді. Ал ең бастысы, кейінгі жылдары ұмыт бола бастаған, халқымыздың мәрттігі мен дархандығын, ауызбіршілігін көрсететін асарлату дәстүрі қайта жанданды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та жарқын жобаға ерекше ықылас танытып, қолдау білдіріп, жобаны тиімді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдеріне нақты тапсырмаларын да берді.
Өнегелі ісімен көпке үлгі болып, жұртшылықты жақсылық жасауға үндеген Байзақ ауданында бүгінде жоба аясында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
– ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен, еріктілердің қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып, бүгінге дейін бірқатар жұмыстар атқарылды. Арнайы алгоритм әзірленіп, алгортимге сәйкес жұмыстар жүргізілуде.
Мәдімар ауылында округ әкімінің шешімімен, 15 соттық жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Ғалия Құрмановаға 4 бөлмелі үй бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындары бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмыла көмектесуде. Мәселен ауыл тұрғыны Ж.Даулетов ескі үйінен шыққан құрылыс материалдарын тегін берді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының асарлатуымен қосымша 4 мың дана кірпіш құйылды. Мұнан бөлек күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Ш.Уәлиханов орта мектебінен шыққан жарамды құрылыс материалдары жеткізілді. Ауылдың әрбір азаматы қолдарынан келгенше қаржылай көмек көрсетті. Тұрғындардың барлық қызметі тегін. Қазір үйдің шатырының бөренелері қойылуда. Тамыз айында жұмыстар толық аяқталып, үй пайдалануға беріледі.
Шынын айтқанда аудан тұрғындары жақсылық жасап жарысуда. Мәдімар ауылында басталған сауабы мол іс Үлгілі, Қызыл жұлдыз, Бәйтерек, Көптерек ауылдарында жалғасуда. Үлгілі, Бәйтерек ауылдарындағы үйлердің кірпіштері қаланып жатса, Қызыл жұлдыз, Көптерек ауылдарында іргетасы құйылуда. Барлық 18 ауылдық округте жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, баспанаға мұқтаж отбасылардың тізімі нақтыланды,– дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл.
Ал жуық уақытта баспаналы болу бақытын сезінгелі отырған Мәдімар ауылының тұрғыны Ғалия Құрмановамен тілдескенімізде «Асарлатып үй салу» жобасының үйлестірушілеріне, аудан әкімдігіне, ауыл тұрғындарына риясыз алғысын білдірді.
– Шыны керек биыл баспаналы болу бақытына кенелеміз деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, қара шаңырағында көсіліп жатуды кім армандамайды дейсіз?! Ауыл тұрғындарының арқасында ұзақ жылдардан бергі арманымыз орындалғалы тұр. Он жылдан аса уақыт пәтер жалдап, кейде туған-туыстарымның үйін паналап келдім. Енді бұл машақаттан да құтылатын болдым. Қол ұшын беріп, түрлі көмегін көрсетіп жатқандардың бәріне алғыстан басқа айтарым жоқ,–дейді жалғызбасты ана.
Ал облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатованың айтуынша, жоба аясында Тараз қаласында-1, Байзақ ауданында-18, Жуалыда-6, Жамбылда-8, Мойынқұмда-6, Меркіде-9, Қордайда-13, Сарысуда-4, Таласта-13, Шуда қос пәтерлі 2 үй, 16 баспана және Т.Рысқұлов ауданында 18 үй салынады деп жоспарлануда екен. Қазіргі таңда барлық аудандарда жоба аясындағы тиісті жұмыстар басталып кеткен.
Осылайша халқымыздың бойындағы ең бір асыл қасиеттердің бірі Байзақ жастарының және «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ықпалымен қайта оралды. Ал «Асарлатып үй салу» жобасы бізге теңіз тартылса да ешқашан қазақтың пейілі тарылмайтынын, қандай жағдай болмасын бауырмал болмыс-бітімінен айырылмайтынын, жүрегі кең, көңілі даламыздай дархан күйінде қала беретінін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Талғат Нұрханов

ПІКІР