Жамбыл жаңалықтары

Ауылдағы ағайын ауызсудың азабынан құтылады

Written by Aray2005

Ауызсу қашанда ең өзекті мәселенің бірі болып келеді. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтуда бірқатар мемлекеттік бағдарламаларға иек артылды. Өз кезегінде «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бұл міндеттің үдесінен шыға білді. Ендігі кезекте сапалы ауызсумен қамту ісіне «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы да серпін бермек. Бір ғана Т.Рысқұлов ауданында дәл осы бағдарлама аясында биыл 8 ауылға ауызсу тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Т.Рысқұлов ауданын тіршілік нәрімен қамту жұмыстары 2006 жылы басталды. Содан бергі аралықта 17 елді мекен ауызсумен қамтылыпты.
Аудандағы ауызсу жүйелеріне «Таза су-2014» кәсіпорны қызмет көрсетеді. Тұтынушылар есептеу аспаптарымен толық қамтамасыз етілген. Ауданда биыл халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды шаралар қолға алынып, 8 ауылдағы тіршілік нәрінің тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік туды. Осылайша қазір ұзақ жылдан бері ауызсудың тапшылығын көрген Әбжапар, Жарлысу, Құмарық, Қаракемер, Алғабас, Бәйтелі, Тасшолақ ауылдарында су жүйесі құрылысы және Құлан ауылында су ғимаратының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Р.Сәбденов, Жаңатұрмыс, Ақыртөбе ауылдарының ауызсу жүйесін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Шөңгер, Мамайқайыңды, Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Әбілхайыр, Сұмқайты, Сөгеті ауылдарына мембраналық су тазарту құрылғысымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджет есебінен қаржыландыру қарастырылып жатыр.
Енді бірер күнде таза суға қол жеткізгелі отырған ауыл тұрғындары қуаныштарын жасыра алмай, бізбен ойларын бөлісті.
– Ауылымыз шағын болғанымен су ұңғымалары бар еді. Дегенмен одан үйді-үйге су тасу, әсіресе қыстың қарлы, аязды күндері қиын. Енді ауылымызға су жүйесі жүргізіліп, әр үйге кіргізілетінін естіп, қуанып жатырмыз. Халыққа осындай жағдай жасаған билікке рақмет айтамыз, – дейді Ақбұлақ ауылдық округіндегі Бәйтелі ауылының ақсақалы Серікбол Ноғаев.
Құмарық ауылының қариясы Мамыт Рахимов ауылдастарының бүгінге дейін таудан келетін, тіпті мал ішіп жүрген суды күнделікті тұтынып жүргенін жасырмады.
– Беті ашық ағын су болған соң оған не түсіп, қалай былғанып жатқанын білмейміз ғой. Сонда да «Ағынды судың арамы жоқ» деген халық нақылына құлақ түріп тұтынып жүрміз.
Міне ұзақ уақыттан бері ауылдың 3700 тұрғыны осы суды ішіп келді. Енді бұл мәселе оң шешімін тауып, әне-міне таза ауызсуға қол жеткізгелі отырмыз, – дейді құмарықтық қария.
Ауызсудың азабын тартқан Қарақыстақ ауылының тұрғыны Шакизат Момынжанов та мемлекеттік бағдарламаның шарапаты шалғайдағы елді мекен тұрғындарына шаттық сыйлағанын айтады.
– Ауылдағы бұрынғы ескі құдық бұзылып қалып, суды артезиан құдықпен ішіп келгенбіз. Оның өзіне қолы жетпей отырғандары да бар. Жылт еткен жақсы жаңалықты құлағымыз шалып, сапалы ауызсуды шөліміз қанғанша сіміретін күнді асыға күтіп жүрміз, – дейді Ш.Момынжанов.

Қамар Қарасаева
Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР