«Ауылдағы жастарға барынша кәсіпкерлікпен айналысу қажет»

0 2

Мемлекет басшысы биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында әр салаға айрықша тоқталды. Оның ішінде жастардың жағдайына ерекше мән беріп, келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауы үлкен жаңалық. Бүгінгі жастар – елдің ертеңгі иелері. Сондықтан Президент тапсырмасынан кейін жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды жүзеге асыру арқылы Үкімет ел болашағы үшін тағы да маңызды қадам жасамақ. Бұл мақсатта жастар ресурстық орталықтарына артылатын жауапкершілік те еселене түсетіндігі белгілі. Осы орайда Жуалы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жәнібек Мырзалиевпен сұхбаттасып, аудан жастарының бүгінгі тыныс-тіршілігін білген едік.

– Жәнібек Амангелдіұлы, негізгі мамандығыңыз ұстаздық болса да, алғашқы еңбек жолыңызды ауылдық округте жастар ісі жөніндегі нұсқаушы маман ретінде бастапсыз…
– Жоғары оқу орнында білім алып жүріп, 1-курстан соң еңбекке ерте араласқым келді. Осылайша ата-анамның ақ батасын алып, сырттай бөлімге ауыстым. Мұндағы ойым, ата-анама масыл болғым келмеді. Дегенмен, бір жылдай Шымкент қаласында жекеменшік серіктестіктерде жұмыс жасадым. Осылайша 2009 жылы туған жерге келіп, ауылдық әкімдікке бағдарламашы болып жұмысқа орналастым. Сол уақытта жастар саясаты бойынша арнайы штат ашылып жатқан болатын. Маған осы штатқа ұсыныс түсті. Жас болғаннан кейін бұл ұсынысқа қуана келістім. Себебі, сол ауылда туып-өскендіктен әрбір жасын жете танитын едім. Сондай-ақ олардың немен айналысып, не істеп жүргеніне дейін білетінмін. Бір жағынан бұл жұмыс қызықты болды. Расында, мұғалімдікті оқығаныммен оған ықыласым аумады. Одан гөрі қоғамдық жұмыстар арқылы өзімді танытуға тырыстым. Ауылда нұсқаушы маман болып жүріп, аудандық жастар ресурстық орталығына ауыстым. Онда 4 жылдай директордың орынбасары қызметін атқарып, содан кейін басшы ретінде тағайындалдым.
– Өзіңіз басқаратын жастар ресурстық орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқтала кетсеңіз. Қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Қазіргі таңда ауданда 13 200 жас бар. Соңғы екі жылдың көлемінде акция, флеш-моб, конференция секілді науқандық шаралардан гөрі кеңес беру жұмыстарына баса мән беріп келеміз. Осы арқылы жастарға түрткі болып, нәтиже беретін шараларды іске асырудамыз. Оның міндетті түрде кез келген жасқа пайдасы тиюі қажет. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын ілкімді істерді қолға алып жатырмыз. Дегенмен, бұрыннан келе жатқан «Жігіт сұлтаны», «Келіндер байқауы» секілді конкурстарды да қалдырып отырған жоқпыз. Шынында, кез келген істің басында жастар тұратындықтан оларға кеңес керек. Осы арқылы оларды белгілі бір салаға бағыттап отыру қажет. Бұл үшін басшылық тараптан барлық жағдай жасалған. Аға буын өкілдері де әрқашан қолдау білдіріп отырады. Бүгінде орталықта 24 қызметкер бар. Оның 14-і ауылдық округтің нұсқаушылары. Сондай-ақ қызметкерлердің қатарында дін істері, заңгер секілді мамандар өз салалары бойынша жұмыс жасау үстінде.
– Ағымдағы жылдың басында жастар ресурстық орталығының мамандары қысқарады деген сыбыс шыққан болатын. Бұл мәселе сіздердің өңірде қалай реттелуде?
–Бұл рас әңгіме. Бірақ біз бұл істі тоқтатып отырмыз. Өйткені, алдағы жылы «Жастар жылы» болып белгіленгеннен кейін жастарға үлкен жауапкершілік жүктелетіндігі белгілі. Сондықтан қызметкерлер қысқартылса жұмыстың сапасы да төмендейді. Жалпы, қысқарту басшылық қызметтегі жастарды азайту мақсатында іске асырылмақшы. Мәселен, кейбір аудандарда директордың орынбасарынан бөлек, 3-4 сектор меңгерушісіне дейін бар. Осыған байланысты облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы басшылықтағы жастардың санын қысқарту туралы ұсыныс берген болатын. Дегенмен, бұл ұсыныстың орындалуы кейінге қалдырылып отыр.
– Өткен жылдың басында ауданда қайырымдылық дүкенін ашқан екенсіздер. Бұл дүкен бүгінде жұмысын әлі де жалғастырып жатыр ма?
– Бұл идея бұрыннан ойымызда еді. Бірақ оны ашудың сәті 2017 жылдың ақпан айында туды. Дүкенді ашуға аудандық мәслихаттың депутаты Гүлбану Айтқұлова қолдау көрсетіп, тегін ғимаратпен қамтамасыз етіп отыр. Өйткені, қазіргі таңда ғимаратты жалға алудың өзі қыруар қаржыны талап етеді. Сондай-ақ аудандағы мешіттердің имамдары да қол ұшын созып, демеу берді. Осылайша үш жақтап қайырымдылық дүкенін аштық. Бүгінде ол өз нәтижелілігін көрсетуде. Аудандағы азаматтар сол дүкенге киімдерін алып келіп өткізіп отырады. Әрі демеушілеріміз де бар. Жиналған дүниелердің қажеттісін кез келген мұқтаж тұрғын ала алады. Аудандық жұмыспен қамту орталығынан «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша келген жас сол дүкеннің жұмысын жүргізіп отыр. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтардың өзі тойса да көзі тоймай киімдердің барлығын алып кеткісі келіп тұрады. Ондайда біз белгілі бір дәрежеде шектеу бар екендігін ескертіп, өзге де азаматтарға жету керектігін түсіндіреміз. Бұдан өзге де әр тоқсан сайын қайырымдылық шарасы өткізіліп отырады. Кәсіпкерлермен қатар қызметте жүрген аудан азаматтары демеушілік танытып, азық-түлік алып береді. Айта кетерлігі, бұл орайда ешқандай қаржы жүрмейді. Яғни, барлығы заттай демеушілік көрсетеді. Өз кезегінде жұмыспен қамту орталығынан тұрмыс деңгейі төмен отбасылардың тізімін алып, кезең-кезеңімен қайырымдылық көрсетудеміз.
– Қазіргі таңда Жуалы ауданында өзге ағымның жетегінде жүрген 28 адам бар екен. Олардың қатарында жастар да бар көрінеді. Бұл қаншалықты рас?
– Шынында, өзге ағымда жүрген 6 жас бар. Бірақ оларды көпшілік шараларға тарта алмайсың. Дегенмен, ресурстық орталықта Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін оқып келген арнайы теолог маманымыз жұмыс жасайды. Сол маман облыстық дін істері басқармасымен мақұлданған материалдарды пайдалана отырып, жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Біз осы 6 жаспен ғана шектеліп қалмай, мектептердегі оқушыларды да қамтып отырмыз.
– Ал жастарды жұмыспен қамту шаралары қалай жүргізіліп жатыр?
– Аудандық жұмыспен қамту орталығының статистикасы бойынша жұмыссыз ретінде 11 айда 1 227 жас тіркелген. Оның 255-і «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 47-сі әлеуметтік жұмыс орындарымен, 170-і кәсіби оқу орындарына, 55-і «Бизнес бастау» курсына жолданған. Сондай-ақ 3 жас өз кәсібін ашу үшін несие алған. Жұмыссыз жастардың көп болып отырған себебі олар ауылдық жерлерде маусымдық жұмыстарға тартылады. Осылайша олар еш жерге тіркелмейді. Сондықтан зейнетақы қорына мүлде ақша аударылмайды. Осыны ескеріп, біз соңғы жартыжылдықта ол жастарға жұмыс істеп жатқан шаруа қожалықтарына арнайы тіркелуді талап етіп отырмыз. Өйткені, көп жастар ертеңгі күнін ойлай бермейді. Егер заңды түрде тіркелсе, біріншіден зейнетақы қорына ақша аударылады, екіншіден кез келген ауруханаға барып ем қабылдай алатын болады. Сондай-ақ еңбек кітапшасына да жасаған жұмысы туралы мәліметтер тіркеледі. Бұдан өзге биыл ауданда жастар «Zhas Project» жобасы аясында нәтижелі жұмыстар атқаруда. Нақтырақ айтқанда, 20 жас жоба жеңімпазы атанып, 20 миллион инвестиция тартты. Әр жобада кемінде 3 жас жұмыс атқаратынын ескерсек, 60-тан аса адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл жоба ауылдағы жұмыссыз және мүмкіндігі шектеулі жастарға тікелей байланысты болғаннан кейін алдағы жылы да жалғасын тапса деген тілегіміз бар. Себебі, осы уақытқа дейін жобасын алып келіп жатқандардың саны өте көп.
– Ауданда қанша «NEET» жас тіркел­ген?
– Жыл басында 87 жасты құраған болатын. Қазіргі таңда оның 13-і қалып отыр. Қалғандары оқу орындарына жолданса, «Zhas Project» жобасының жеңімпаздары ретінде кәсіпкерліктерін бастап, шаруа қожалықтарына жұмысқа тұрған. Бірақ, «NEET» жастар бұнымен шектеліп қалмайды. Келесі жылдың басында базаны жаңартқанда олардың саны қайтадан өсіп кетуі мүмкін. Алдағы жылы осындай жастарға және пробация бөлімінде есепте тұрған замандастарға адрестік жұмыстарды күшейтіп, кеңес беру жоспарда бар.
– Осыған дейінгі Елбасының қай Жолдауын алсақ та, жастарға ерекше көңіл бөлінетіндігі айқын аңғарылады. Биылғы Жолдауда да жастар мәселесі ескерусіз қалмай, Мемлекет басшысының ұсынысымен келер жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Сіздіңше, бұл жылды қалай өткізу қажет?
– Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауы xалық тарапынан өзгеше қолдауға ие болғаны сөзсіз. Себебі, бұл жолғы көтерілген мәселелер де Қазақстанда өмір сүріп жатқан азаматтардың қарапайым өз ауласында спортпен шұғылдануынан бастап қауіпсіздігіне дейінгі сұрақтарды қамтыды. Осы орайда Елбасының «Табысыңның өскенін қаласаң, еңбекқор болуың қажет!» – деген дәйексөзін алға тартып, ұлт арасында еңбекқорлықты дәріптеу маңызды екендігін жеткізгім келеді. Сондықтан жастарға еншілеп беріліп отырған жылы жастар кәсіпкерлігіне көп мән берілсе деймін. Себебі, ауылдық жерде тек кәсіп ашып, өзге жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуден басқа шаруа жоқ екендігі белгілі. Яғни, өз-өздерін жұмыспен қамтуға жағдай жасау қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер көптеп берілсе, идеясы бар, бірақ қаржысы жоқ жастарға тың серпіліс сыйлайтын еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.