Елбасы Жолдауы

«Ауылдардың ажары ашылады»

Written by Aray2005

Серікбол БЕРІКҚОЖА, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздегі күрделенген мәселелердің шешу жолдары нақты көрініс тапты. Онда халықтың әлеуметтік-экономикалық өсуі, қоғамдық ұйымдарды халық игілігі үшін жұмылдыру, экономиканы әртараптандыру, жасанды интеллектті дамыту қажеттігі баса назарға алынды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы аз қамтамасыз етілген отбасыларға тұрғын үй беру, әскердегі жағдайды түзеп, ондағы тәртіпті нығайту, әскери және мәдениет қызметкерлерінің беделін арттыру және оларға көңіл бөлу, өңірлерді дамытуды қолға алу, елдегі ішкі және сыртқы туризмді, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қажеттігі және оны қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Осы арқылы алдағы уақытта еліміздің экономикалық дамуына, әлемдік бәсекеге қабілетті орта қалыптастыруға кең мүмкіндік беріледі деген ойдамын.
Президент өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының одан әрі жалғасын табатынын, оған баса назар аударатындығын атап өткен болатын. Міне, кешегі Жолдауда да басым бағыттарының бірі ретінде «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын айрықша атап өтті. Жоба аясында алдағы уақытта қосымша 90 миллиард теңге бөлінетіндігі мәлім болды. Ондағы басты мақсат – ауылдық жерлерді жандандыру, инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту. Осы бағытта өңірімізде ағымдағы жылы бастау алған жобалардың одан әрмен жалғасын табады деген сенімдемін. Бұл ауылдар ажарын ашатыны хақ.

ПІКІР