"Алтын бесік"

Ауылдардың ажарын ашатын ауқымды жоба

Written by Aray2005

Биыл үш аудан орталығы адам танымастай өзгереді 

Ауыл – қазақтың қасиетті құт мекені. Ұлы даланың қайнар көзі. Қазынасы сарқылмас алтын бесігі. Сондықтан да Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға айрықша көңіл бөліп, «Ауыл – ел бесігі» жобасын жандандыруды тапсырды. Бұл бағытта бүгінде өңір-өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Сондай-ақ облысымызда да оңды шешімдер қабылданып, жоспарлы жұмыстар тізбегі түзілген.

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, жоба аясында өңірде 2 миллиард 770 миллион теңге бөлініпті.
– Жалпы облыста 163 перспективалы ауылдың тізімі бекітілді. Ал ағымдағы жылға Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылы, Жамбылдағы Аса ауылы және Шу ауданындағы Төле би ауылы белгіленіп отыр. Онда 104 жоба іске асырылатын болады. Атап айтсақ, 4 жоба әлеуметтік нысандар құрылысына бағытталса, 100 жоба әлеуметтік, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымдары нысандарын жөндеуге негізделіп отыр. Алғашқы төрт жобаға 420 миллион теңге бөлінсе, 100 жобаға 2 миллиард 350 миллион теңге қаралды. Сондай-ақ құрылыс, жөндеу жұмыстарын бастау және аяқтау, нысандарды пайдалануға беру бойынша «Қадамдық іс-шаралар жоспары» бекітілді,– дейді облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова.
Әрине, жоспарлы жұмыстың бағдарын тапқаны қуантады. Десе де Гүлдана Әлімжанқызының айтуынша, биылға бекітілген үш елді мекенді жаңғыртуда жүйесін таппай жатқан жұмыстар да бар көрінеді. Атап айтсақ, ағымдағы жылы Шу ауданы Төле би ауылында әмбебап спорттық сауықтыру кешені мен Салтанат сарайының құрылысын жүргізу көзделсе, аталған нысандардың жобалау-сметалық құжаттары мерзімінен кешіктірілген. Осы сынды «бауын тапса, байлауын таппаған» тірліктердің салдарынан 104 жобаның тек 51-і мемлекеттік сатып алу конкурсына жолданған. Осы орайда елді мекендерде не себепті жоспарлы жұмыс бағдарын таппай жатқанын білмек мақсатта аудандарға хабарласқан едік.
Жамбыл ауданының әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, мұнда биылға 35 жоба жоспарланыпты. Оның 8-і Аса ауылындағы көшелерді жарықтандыру болса, ауызсу құбырларын жаңғыртуға 1 жоба бағытталған. Ал білім саласында 3 нысанның құрылысы көзделсе, спорт саласында бір кешен салу мен орталық стадионды жөндеу жұмыстары белгіленген. Жол жөндеу жұмыстарына 21 жоба айқындалып отыр. Аталған жобалардың ішінде тек жаңа спорт кешенінің құрылысы ғана 2020 жылға өтпелі. Қалған нысандар бойынша құрылыс жұмыстарын қыркүйек-қазан айларында аяқтау көзделуде. Және аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиевтің айтуынша, барлық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысы шығып қойыпты. «Қазір ешқандай кедергі жоқ. Барлық жұмыс жоспарлы жүргізілуде. Әр нысан бойынша жұмыстың атқарылуына жауапты тұлғалар бар. Солар күнделікті бақылау жүргізуде», – дейді бөлім басшысы.
Байзақ ауданында да бағдарын тапқан тірлік баршылық. Мұнда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биылға 948 миллион теңге бөлінген. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, қаралған қаржының 372 миллион 600 мың теңгесі көшелерді жарықтандыруға, 241 миллион 300 мың теңге білім нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге,
72 миллион 500 мың теңге спорт кешендерінің құрылысына, 52 миллион 600 мың теңге мәдениет ғимараттарын жаңғыртуға, 7 миллион 200 мың теңге жұмыспен қамту орталықтарын оңтайландыруға және 107 миллион 900 мың теңге жолдарды жөндеуге бағытталған екен.
– Биылға жалпы 29 жоба белгіленіп отыр. Олардың ішінде жол құрылысынан бастап, әлеуметтік, мәдени нысандарды жаңғыртуға дейін қаралған. Құрылыстың дені күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары болғандықтан межелі міндетті қыркүйек-қазан айына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Аталмыш жобалар толықтай жүзеге асқанда Сарыкемер ауылы ажарлана түскелі тұр. Бұл Елбасының, Мемлекет басшысының және облыс әкімінің біздерге жасап жатқан мол қамқорлығы. Сондықтан жемісті жобаны жандандырған жандарға айтарым тек алғыс, – дейді аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков.
Шу ауданында да бірқатар мәселелер шешімін тауыпты. Нақтырақ айтсақ, жоғарыда облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтып өткен спорт кешені мен Салтанат сарайының жобалау-сметалық құжаттары толығымен аяқталып, бөлінетін қаражат көлемі нақтыланған. Нәтижесінде Салтанат сарайы құрылысының сметалық құны –
550 миллион теңге, ал әмбебап спорт кешенінікі –
295 миллион 304 мың теңге болып белгіленген. Одан бөлек, орталық аудандық арухананың емхана ғимаратын жалғай салуға – 304 миллион 388 мың теңгеге смета жасалған.
Ал Шу ауданының Төле би ауылында осындай 44 нысанның құрылысы қолға алынғалы тұр.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Төле би ауылдық округіне қарасты 44 нысанның құрылысына 2 миллиард 239 миллион 813 мың теңгеге ұсыныс берілді. Оның ішінде 184 миллион 173 мың теңге 11 көшені жарықтандыруға, 14 миллион 706 мың теңге су жүйесін ағымдағы жөндеуге, 151 миллион 592 мың теңге техникалық шығармашылық орталығының ғимаратын жаңғыртуға, 251 миллион 460 мың теңге М.Әуезов атындағы мектепті ағымдағы жөндеуден өткізуге, 6 миллион 234 мың теңге «Әсем» балабақшасының шатырын жаңалауға, 52 миллион 473 мың теңге мәдениет үйінің ғимаратарын күрделі жөндеуден өткізуге, 4 миллион 588 мың теңге орталықтандырылған кітапхананы оңтайландыруға және 439 миллион 199 мың теңге 20 көшенің жол жабындысын жаңалауға жұмсалғалы отыр. Осылайша барлық нысандар бойынша жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеп, жұмысқа жең түре кірісіп кеттік, – дейді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Роза Әлжанова.
Әрине, жоспарлы жұмыстың бойына қан жүгіріп, бағдарын тауып жатса қос қолдап қолдаймыз. Және үш ауданда да нысандардың жобалау-сметалық құжаттары толықтай әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталып кеткені қуантады.
Жалпы, жоғарыда аталған 104 жобаның биыл 100-і тамыз-қазан айы аралығында ел игілігіне беріледі. Ал 4 жоба келер жылға өтпелі. 2020 жылы Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Сарысу және Талас аудандарындағы 6 елді мекен жаңғыртылады. Ал 2021 жылы Мойынқұм, Жуалы, Жамбыл, Қордай, Сарысу және Шу аудандарындағы тағы алты ауылдың ажары ашылмақ. Әрине, бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық.
Шалғай жатқан елді мекендердің еңсесін көтеруді жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтқан болатын. Мемлекет басшысы ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсарту үшін жергілікті жерлердің инфрақұрылымын дамытып, жол, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының құрылысына баса назар аудару қажеттігін айтқан-ды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы байланыс пен ғаламтор желісін де жүйелеуді тапсырған. Әрине, бұл кемел келешегіміз үшін жасалып жатқан құтты қадамдар екені даусыз. Сондықтан аудандар ауылдарды ажарландыруға бағытталған ауқымды бастамаға жұмыла үн қосқандары абзал. Сонда ғана жобаның жемісі көл-көсір төгіліп, әлеуметтің әлеуеті де арта түседі.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР