Саясат

Ауылды қолдау – әлеуметті қолдау

Written by Aray2005

Сайранбай Дөненбаев,
Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды саяси науқан өз мәресіне жетті. Шетелдік және отандық байқаушылардың жіті назарында болған сайлау нәтижесінде көпшіліктің таңдауы «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сенім артқан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа түсті. Cайлаушылардың басым дауысын жинап, жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы кеше ҚР Президенті қызметіне ресми кірісті. Бұл орайда өзінің мемлекеттік саяси қызметтегі көпжылдық тәжірибесіне иек артқан Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіне артылған барша жауапкершілікті абыроймен атқаратындығына шаруалар қауымы бек сенімді.
Күні кеше ҚР Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы айрықша мән берілетін бағыттардың бірі ретінде өңірлерді дамыту жайына тоқталды. Ал өңірлерді дамыту, ең әуелі, агросалаға жағдай жасаудан көрінбек. Сәйкесінше аграрлық сала бүгінде мемлекет үшін аса маңызды секторға айналды. Оған қоса қазақстандықтардың 42 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Міне, біздің елімізде асыраушы саланы дамытуды қолға алуды дәл осы ерекшеліктерінен бастауды құп көрген Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында да ауылдарды ауқатты және қазіргі заманға сай мекенге айналдыру жайына кеңінен тоқталды. Өз кезегінде бұл үдеріс ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімді заманауи технологияларға көшуін ынталандырудан басталмақ. Сол арқылы шаруалар жоғары түсімге қол жеткізіп, сапалы өнім берумен тұрақты айналыса бастайды. Сондай-ақ Президент агроөнеркәсіп кешенінде субсидиялаудың ашықтығын және тиімділігін арттыру туралы орынды бастама көтеріп, ірі шаруа қожалықтар мен кооперативтерге арналған қаржыландыру қорының артатынына баса назар аударып отыр.
Меніңше, ұзақ жылдары сыртқы саясатта, кейіннен жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарса да Қазақстан Республикасының жаңа сайланған Президенті ауыл шаруашылығы саласымен жіті таныс маман екендігін аңғартты. Өйткені ол ә дегеннен саладағы өткір және өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын мұқият қарастырып отыр. Алдағы уақытта ол түйткілдердің түйіні Президент бастамасымен, шаруалармен бірлесе шешіле беретіндігіне күмәнім жоқ.

ПІКІР