Ауылдың айтқыштары

0 5

«СІЗ ҚАРУЛЫ ЕКЕНСІЗ»

Шу ауданының Ақсу ауылында тұратын Нұрғазы Төлендиев бұрынғы Калинин (қазіргі Ақсу ауылы) кеңшарында ұзақ жылдар басшыларға жүргізуші болады. Бастықтар ауысып тұрады. Бірақ барлық басшыға жүргізуші – Нұрғазы. Бір жылдары кеңшарға Ұлы Отан соғысының ардагері Айтжан Әбішев бастық болады. Бірде Айтекең егіс даласын аралап келе жатқанда көліктің артқы бір дөңгелегі жарылып қалады. Жөндей қояйын десе, Нұрғазыда артық дөңгелегі болғанымен, құралы жоқ екен.
– Әй, Нұрғазы, ауыстырмайсың ба дөңгелекті, – депті кеңшар басшысы.
– Керек құралдар үйде қалып кетіпті, – дейді жүргізуші.
– Ол неге үйде қалады? – деп Әбішев ашулана бастайды.
– Басеке, себебі бар. Бұрынғы бастығым осылай жол жүргенде дөңгелек жарылса, көлігімнің шоңқайып төмен түсіп тұрған тұсын өзі көтеріп тұрушы еді. Ал мен дөңгелекті ауыстырып үлгеретін едім, – деп аяқ астынан әзілдеп, амал тауып кетіпті.
Батыр аңғал деген рас. Бір кезде «Әй, дөңгелегіңді ауыстырсаңшы!» деген өктем дауыс шығады. Нұрғазы көлігінен түсіп қараса, бастығы жарылған дөңгелек жағын көтеріп тұр екен. Жүргізуші дереу дөңгелекті ауыстыра қояды. Бұлар қозғалып, жүріп кетеді. Бастық көңілді.
– Әй, Нұрғазы, жарылған дөңгелек тұсын қалай көтергенімді көрдің. Мен күштімін бе, бұрынғы бастығың күшті ме екен? – дейді.
– Шынымды айтайын, сіз қарулы екенсіз, күшті екенсіз, – депті жүргізуші.
– Неге? – дейді бастық.
– Себебі бұрынғы бастығым жарылған дөңгелекті көтерерде «Құдайым, өзің қолда» деп, сыйынып барып көтеруші еді. Сіз үн-түнсіз шелек көтергендей көтере салдыңыз, – деген екен.

Дорбалап тасыған дұрыс

Нұрғазы кейіннен ауыр жүк көлігін жүргізіп, кеңшардың қамбасына бидай тасиды. Жұмысына адал. Бір күні басқа жүргізушілер:
– Нүке, сенің үйіңде малың жоқ па? Ақыры еңбек етіп жүрсің. Бір тонна бидайды үйіңе түсіріп алмайсың ба? Бәріміз көзді ала бере солай жасап, қысқы жемді де ойлап жүрміз, – депті. Сонда Нұрғазы:
– Әй, жігіттер, бұл ойларыңмен келіспеймін. Қоғам мүлкін арбалап тасығаннан, білдіртпей дорбалап тасыған дұрыс. Мен көліктің бұрышына шелек байлап қойғанмын. Күніге үйіме бір шелек бидай барып тұр. Өзімнің қолым адал. Әрі бұл ұрлыққа жатпайды, – деген екен.
Осыдан кейін кеңшардың басқа жүргізушілері де тонналап бидай ұрлауын қойыпты.

«СІЗ ҚАРЫЗҒА БЕРІҢІЗШІ!..»

Бір жолы мектепте оқитын баласы Нұрғазыдан ақша сұрапты. «Сынып бөлмесін сырлаймыз деп мұғалім апай сұратып жатыр», – дейді. Қиындау кез. Ақша түрінде айлық берілмейді. Шөппен, жеммен есептеседі. Мал береді. Бере қояйын десе ақша таппай, Нұрғазы әбден қиналады. Сөйтіп амалы таусылғаннан мектепке баруға жиналады. Ал мұғалімдер уақытылы айлыққа қол жеткізе бастаған. Тәжірибелі мұғалімдердің жалақылары жаман емес. Баласының сынып жетекшісі Сәуле Ағыбаева деген кісі еді. Ол Нүкеңді құрметтеп қарсы алады. «Неге әуре болдыңыз, ақшаны баладан-ақ бере салмадыңыз ба?» – деп бәйек болады. Сонда Нұрғазы: «Айналайын, Сәуле, айлық ала бастадыңдар ғой. Маған 2 мың сом қарыз берші, осы сыныптағы барлық ата-ананың орнына сыр алып берейін. Көп болса екі банкі сыр кетер. Қарызыңды бір қайтарармын»,– депті. Сонда Сәуле мұғалім: «Түсіндім, аға, айтарыңызды. Менен бір ағаттық кеткен екен. Сыныпты сырлауға жететін сырды өзім сатып аламын. Ата-анаға салмақ салмаймын», – деп жөнге келіпті.

Сәт МӘЛІБЕКҰЛЫ,
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.