Ауылдың кіндік шешесі

0 159

Толқын ӨМІРБАЕВА,
облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы
баспасөз орталығының жетекшісі:

 

– Отбасының ұйытқысы, қарашаңырақтың сәні мен берекесін келтіріп отырған анам жайлы көп дүние жазуға болады. Анам 80 жас салиқалы ғұмырында медицина саласына сүбелі үлес қосып, балалардың тәрбиесіне де атсалысқан қаһарман жан.
Балалық шағымды еске алар болсам, алдымен атамның шапанының исі мұрныма келеді. Себебі, әкеміз Шәкен мен анамыз Келіскүл шаңырақ құрып, жеті баласын дүниеге әкелгені ғана болмаса, біздің ары қарай өсіп-өнуімізге әкеміздің әкесінің сіңірген еңбегі зор болды. Ол кезде әкеміз Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құмарық ауылының есепшісі қызметін атқарса, анамыз Құмарық, Жақсылық, Көкдөнен елді мекендеріне жауапты жалғыз акушер-фельдшер әрі ауылдық медпункттің меңгерушісі болып істеді. Ауылдың жауапты қызметінде жүрген олардың бізге қарауға уақыттары да бола бермейтін. Атамыз барлығымызды өсіріп, жеткізіп барып 80-нен асқан шағында бақилық болды.
Ауылдағы ағайын әлі күнге анамызды «Біздің дәрігер» деп атайды. Үш ауылға ортақ дәрігер болғандықтан, күн демей, түн демей ауырып, ем іздеген жанға шипалы қолымен ем-дом жасап, аяғы ауыр әйелдерді босандырып, үлкендерден батасын алып жататын. Таудағы, құмдағы малды ауылдарды аралап, медициналық көмек көрсететін. Шопандардың әйелдерін аудан орталығына жеткізіп, үлгермесе киіз үйде босандырып, қаншама сәбидің кіндігін кескен акушердің осылайша талайға шарапаты тиген. Көкдөнен ауылында сол кездерде туғандардың барлығының дерлік кіндік шешесі атанды. Бүгінде медицина дамыған, ауылдарда дәрігер де бұрынғыдай тапшы емес. Дегенмен, әлі күнге дейін басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындары өздерінің сүйікті дәрігерін, менің анамды іздеп келіп, ақыл-кеңестерін сұрап жатады. Үлкендер қан қысымын өлшетіп, балаларының тамағын бастырады. Оны көрген біз, анамызды қазіргі заманның тәуібі деп әзілдейміз. Анамыз алдына келген көңілі сынық науқас жанға көмек көрсетуден аянып қалмайды. Үлкен кісілерді асылдың сынығы деп бекер айтпаса керек, анамыздың әлі күнге көзі шырақтай. Құлағы да жақсы естиді.
Медицина саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен анамның есімін кеңестік кезеңнің ең мықты мамандарының тізімінен таба аласыз. Адал еңбек әділ бағаланатын кезеңде Мәскеуде басылып шыққан Алтын кітапқа екінің бірінің аты жазыла бермесі анық. Кеңес дәуірі кезінде-ақ оған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісі берілген. Ауданның Құрметі азаматы ретінде келелі мәселелерге де атсалысып, оң шешілуіне септігін тигізіп келе жатқан жандардың бірі. Анам «Бұрынғылардан қалған сөз бар ғой, «Жас кезінде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген. Қажыр-қайратың барда соның мәнісін терең ұға бермейді екенбіз. Жасың ұлғайғанда елге жасағаның алдыңнан шығады екен. Жақсылығың көп болса – көрер зейнетің сол. Құдайға шүкір, бір жерге бара қалсам, барлығы амандасып, жағдайымды сұрап жатады. Кезінде көрсеткен ем-домымнан шипа алғандар ризашылықтарын білдіреді. Маған осыдан артық қандай марапат керек», деп марқайып отырады.
Әке-шешеміз қанша жұмысбасты болғанымен, біздің жақсы оқуымызға, тәртіпті, адал адам болып өсуімізге көп мән берді. Әсіресе әкеміз математика сабағына машықтандандырды. Үйде үрпе-шүрпе балалар бір уақытта кітап-дәптерлерімізді ала салып, есеп шығарып жарысатынбыз. Ауылдық жерде тұрғандықтан барлық қарапайым қазақ отбасы секілді мал ұстадық. Біреуіміз жылқыны бақсақ, енді біріміз сиырға қарайтынбыз. Жем-шөбін басқамыз дайындауды өз міндетімізге алушы едік. Жұмысымыз қанша ауыр болса да мектепті үздік оқыдық. Біздің отбасымыз үшін төрттік баға алу деген болмайтын. Барлығымыз мектепті қызыл аттестатпен, оқу орнын қызыл дипломмен бітірдік. Біздің ізімізді жалғастырған перзенттеріміз де оқуды жақсы оқиды. Бірақ мен жаратылыстанудан гөрі шығармашылыққа жақын болатынмын. Үйде барлығы математик болғандықтан сөзге, жазуға шорқақ. Сондықтан мен барлығының дерлік шығармаларын өзім жазып беретінмін. Сол кездің өзінде мақала, өлеңдерім газет-журналдарға шығып тұратын.
Әкеміз бен анамыз өнерге жақын болатын. Екеуі де барлық музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен ән салатын. Қарашаңырақта әлі күнге дейін үлкен рояль аспабы бар. Сол рояльда әкем мен анам да, барлық бауырларым да түрлі әуендерді нақышына келтіріп орындайтын еді. Бірақ арамызда өнер жолын қуғаны сіңлім ғана. Елімізге белгілі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері, Елбасының «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері, композитор әрі Т.Жүргенов атындағы ғылым академиясының профессоры Гүлнұр Өмірбаева отбасымыздың төртінші перзенті.
Әкеміз осыдан 5 жыл бұрын қайтыс болды. Ол кісі неге екенін білмеймін, Гүлнұр екеуміздің ғалым болғанымызды қалады. Кішкентай кезімізден «Менің екі қызым ғалым болуы керек» деп айтып, құлағымызға құйып отыратын. Әкеміздің дұғасы қабыл болса керек, Гүлнұр ғылым кандидаты, мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доцентімін, журналистика саласының ғылым кандидатымын.
Біздің отбасыда баланы жазалау немесе балаға дауыс көтеру деген болмайтын, бірақ анамыздың қабағын шытып қарағанының өзі бізге жететін.
Үйдің тұңғышы және ең кенжесі ұл бала, ал ортасында төрт қыз болдық. Бірақ біз жұрт секілді анамызбен сырласпаппыз. Өйткені анамыздың уақыты бола бермейтін. Оған біз де ренжіген емеспіз. Себебі тынбай еңбек етуі де бізді ел қатарлы өсіріп, мықты азамат ету еді. Анамыз зейнетке шыққан соң да қарап отырмады. Ауылдағы балабақша меңгерушісі болып мұндаға дейін қызмет етті. Ол кезде біз студент едік. Барлығымызды жоғары оқу орнында оқытқызды. Ағам мен інім қорғаныс саласының офицері, үлкен әпкеміз құқық қорғау органдарында өмір бойы қызмет етіп, зейнетке шықты. Бір әпкеміз 9 баланың анасы, үй шаруасында.
Анамыз өте салмақты, мінезі баяу кісі болғанымен жақауратпай тік сөйлейді. Адамдармен жұмыс істеу оңай емес, дәрігерге салқынқандылық та керек. Кейде анамның мінезінен басшы адамға тән салмақтылықты да байқап қаламыз. Дауысы да зілді.
Анам еңбекқор адам. Екі келінінен де босаға аттағаннан соң соны талап етті. Қазақтың келіндері не істесе, менің анамның келіндері де соның барлығын жасайды. Анамның екі келіні де қаланың қыздары. Бірақ анам келген күннен бастап өзі тәрбиелеп, барлығын үйретті. Бие, сиыр сауғызып, нан жайып үйретті. Себебі біздің үйде әлі күнге дейін қымыз үзілмейді. Анам да, келіндері де намаз оқиды.
Анамыз қойшының қызы болған. Қолынан бәрі келеді. Ол кісінің анасы, нағашы әжеміз тауды қазып жатқанда табылған қыштан жасалған ескі күбіні археологтардан 1 қойға сатып алған екен. Сол көне жәдігерді анамызға беріп кетіпті. Сол күбі үйіміздің бір бөлшегі сияқты болып кеткен. Қысы-жазы ыстап, қымыз пісіп жатады. 30 литрдей болуы керек. Жаңа жылда анам сол күбіге толтырып қымыз ашытып, бізді шақырады.
Анамның қолындағы немересі де тірлікке пісіп өсіп келеді. Анам ауылда әлі күнге дейін бие, сиырын сауып, қамырын илеп отырады. Себебі келіні жұмыста. Бір жағынан ширақтығы да содан шығар. Үй шаруасына араласпаса, қимылсыз жүрсе отырып қалар еді.
Біздің болашағымыздың баянды болуы үшін, бақытымыз үшін барын аямаған анамызға айтар алғысымыз шексіз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.