Ауылға жастар неге тұрақтамайды?

0 13

Биыл Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауында жастарға үлкен мүмкіндік беріліп, олардың да білімі мен тәжірибесін сынап көруге жол ашылды. Осы орайда кәсіби деңгейін халық қалаулысы ретінде көрсетуге мүмкіндік алған облыстық мәслихаттың ең жас депутаты Ерболат Дүйсенқұлмен сұхбаттастан едік.

– Ерболат Жамбылұлы, соңғы өткен сайлауда бағыңыз жанып, облыстық мәслихаттың ең жас депутаты атандыңыз. Халық қалаулысы болу сіз секілді жас маманға қандай жауапкершілік жүктейді?
– Негізі облыстық мәслихаттың депутаты боламын деген ой мүлде болмады. Себебі жас болғандықтан өмірлік тәжірибеме қарайтын шығар деген өзіндік пікірім болды. Бірақ бұл додада партия басшылары үлкен сенім білдіріп, халық қалаулысы атандым.
Жалпы жас екенмін деп ойымды бұғып қалатын немесе қолымнан келіп тұрса да құр қарап қалатын жастың қатарынан емеспін. Халқымыздың «Жас келсе – іске» деген тамаша сөзін басты ұраным етіп, өңір дамуы үшін аянып қалмасым анық. Жасыратыны жоқ, аймақта мәслихат депутаты болып жатқан жас тек мен ғана емеспін. Аймақ бойынша бірнеше өзім құралпы жас бар. Бұл өз кезегінде бізден кейінгі жастарға мотивация беретіні сөзсіз.
– Алдағы уақытта қандай мәселелерді көтеру ойда бар?
– Партиядағы белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға бағытталған праймеризде өзімнің сайлауалды бағдарламамды ұсындым. Өзім жастар саясатының айналасында жұмыс атқаратындықтан, ең әуелі, жастарға басымдық бердім. Яғни мен депутат ретінде жастар мәселесін көтеруге тырысамын. Бүгінде елімізде 15 мемлекеттік бағдарлама болса, олардың 12-сі жастарға қатысты. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, кәсібін ашуға несие беру, оңтүстіктен солтүстікке грант есебінен оқуға түсуге арналған бағдарламалар тетігі қарастырылған. Бағдарламада олардың іске асырылуы тайға таңба басқандай айқын көрсетілген, ендігі мәселе – соның шешілуіне атсалысу. Сол секілді жастардың жұмыссыздығы. Ашығын айтқанда, кез келген облыс, ауданда бұл мәселе төңірегінде статистика дұрыс көрсетілмейді. Ол баршаға белгілі. Меніңше, бұл көрсеткіштің нақты болуы үшін адрестік жұмыстарды күшейту керек. Сол арқылы қай жастың қандай қабілеті бар екенін зерделеп, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып, олардың жұмыссыздық деңгейін азайтуға болады.
Сонымен қатар аудандағы экономикалық ахуалды көтеруге де атсалысқым келеді. Кезінде тұрғын үй шаруашылық-коммуналдық бөлімде бірнеше жыл жұмыс атқарғанмын. Сонда халықтың проблемалық арыз-шағымдарымен тікелей айналыстым. Сол себептен газ, электр, жол, ауызсу, түнгі жарықтандыру жүйелері бойынша мәселелердің әлі де бар екенін білемін. Рас, күн тәртібінен түспейтін бұл мәселелер бойынша облыс көлемінде көптеген жұмыстар атқарылып-ақ жатыр. Оның ішінде өзім қызмет атқаратын Меркі ауданында өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 150-ге жуық көше жөнделді. Бұл аудандағы басты проблемалардың бірі болатын.
– Қазіргі таңда сізді облыстық мәслихаттың депутатынан бөлек, Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының директоры қызметін атқаратыныңыздан хабардармыз. Депутаттық мандат пен қызметті қатар алып жүру сізге қиындық тудырмай ма?
– Ия, аудандық жастар ресурстық орталығында бес жыл директордың орынбасары болып, одан кейін басшылыққа келдім. Әлбетте, алдыңғы директорлардың қызметтерін жоғары бағалаймын. Дегенмен директор ретінде аудандық жастар ресурстық орталығының рейтингісін біршама көтере алдым деп нақты айта аламын. Жұмыс барысында аудандық, облыстық мәслихат депутаттарымен етене жақын жұмыс істедік. Сондықтан депутаттық мандат пен қызметті қатар алып жүру ешқандай қиындық тудырмайды, керісінше үлкен пайдасы бар. Олай дейтінім, жастар саясатына қатысты мәселелердің оңтайлы шешілуіне тікелей ұсыныс беруге жол ашылды. Ол ұсыныстардың ішінде жастар саясатындағы қызметкерлердің санын көбейту, материалдық базаны жаңарту өте өзекті болып тұр.
– Бүгінде ауыл жастарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейсіз. Олардың қазіргі басты проблемасы қандай?
– Қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Бірақ кейбір замандастарым жалқау. Бұны мойындау керек. Біз жастармен жұмыс істеу барысында оларға тікелей барамыз, мемлекеттік бағдарламалардың түрлі тетіктерін түсіндіреміз. Алайда олар айлық жалақының төмен екенін айтып, бірден жоғары жалақыға жұмыс істеуге талпынады. Ауылдық жер болған соң бізде көбіне маусымдық жұмыстар ұсынылады. Сондықтан көп жас қыс мезгілінде үйлерінде мал бордақыласа, көктемде егін егумен шұғылданады. Бұл облыстың барлық ауданындағы мәселе. Ал мемлекет қарастырып жатқан бос жұмыс орындарына тартсақ, олар келмейді. 70-80 мың теңге айлықты місе тұтпайды. Оған барғанша жалдамалы жұмыс істегенді жөн көреді. Сондықтан шығар, ауылдағы жастардың көбі сыртта жүр.
– Жалпы ауылда дәл қазір кезек күттірмейтін қандай мәселелер бар және оның шешілуіне депутат ретінде қаншалықты үлес қоса аласыз?
– Бүгінгі күні ауылдағы өзекті мәселе – жастарды ауылда ұстап қалу. Ал мұның басты шешілу
жолы – ауылдардан кәсіпорындар ашу. Биыл ауданда форель балығын өсіретін зауыт ашылғалы отыр. Оған да жұмысшылар қажет. Ал жұмысшылар жергілікті ауылдағы жастардан шығуы тиіс. Дегенмен ауылды көркейту мен ондағы жұмыссыздардың санын азайтудың жолы – инвестиция тарту. Соның нәтижесінде ауылдың ішінен-ақ екі қолға бір күрек табылып, қалаға қарай сабылушылардың қатары азаяды. Әр азаматтың ауылында еңбек етсе ғана береке артады деп ойлаймын. Бұл жөнінде бірқатар ұсынысым да бар.
– Жастар саясатында бірнеше жылдық мол тәжірибеңіз бар. Сіздіңше, қазіргі жастарға не жетіспейді?
– Жыл сайын жастар арасындағы құқықбұзушылықтар азаймай отыр. Бұл Меркі ауданына тікелей қатысты. Мұнда айтпағым, жауапты мамандар жұмыс істемейді дегенім емес. Олардың тарапынан жұмыс жыл сайын күшейтілмесе, төмендеген жоқ. Меркі ауданы Қырғыз Республикасымен шекаралас аудан болғандықтан жастар оңай олжаны көздеп, түрлі құйтырқы істерге барады. Қанша жерден заң күшейтілгенімен олар қылмысқа бастарын тігуден тайынар емес. Бұл жастарға қатысты бір ғана мысал. Айтпағым, соңғы кездері замандастарым «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп, бірден мол пайдаға кенелгісі келеді. Осындайларға қарап, қарным ашады.
Сол секілді жастарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жұмысқа алғанда да білімі мен біліктілігіне назар аударған жөн. Әсіресе аталған бағдарламамен ауылға мұғалімдер мен дәрігерлер келеді. Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық идеологиямыздың мәйегі, күретамыры және өркендеу түбірі болғандықтан мамандарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жоспарды орындау керек екен деп, кез келгенді ауылға тарту дұрыс емес.
– Өзіңізден кейінгі жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Әр адамның өмірі өз қолында ғой. Сондықтан жастар әсіресе құқықбұзушылыққа бармауы қажет. Оның орнына саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы тиіс. Мемлекет тарапынан оларға көптеген қолдаулар бар. Соларды тиімді пайдаланып, жалқауланбай, ел дамуына өз үлесін қосуы керек. Әр нәрсенің қайыры бар десек, оңай дүниеге көз тігудің мүлдем керегі жоқ. Сол себептен мемлекет түрлі бағдарламалар арқылы жағдай жасады ма, пайдалан! Бүгін бар, ертең жоқ қаржыны ойлап бас қатырғанша, болашағы бар жұмысқа ұмтылу қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.