Ауылының Атымтай жомарты

0 113

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында талай елжанды азаматтың туып-өскен өлкесіне деген шынайы адалдығы мен жанашырлығы айқындалды. Тапқан қаржысын текке шашпай, елге болысып, әлеуметтің әлеуетін көтерсем деген жаны жомарт азаматтар ауданымызда аз емес. Туған жеріне ту тігіп, ауыл жастарының уақытын тиімді пайдалануына үлкен үлесін қосып келе жатқан бүгінгі кейіпкеріміз Әділ Байұзақов та солардың қатарынан. «Батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін, бай болсаң –
халқыңа пайдаң тисін» деген қағиданы ұстанған туған жер жанашыры өз ауылына жастардың салауатты өмір салтын ұстанатын футбол алаңын салып берді. Тіпті, туған жерін көгілдір отынмен қамтуға да қыруар қаржысын аяп жатқан жоқ. Біз ауылдастарының алғысына бөленген Әділ Байұзақовпен жолығып, әңгімелескен едік.

– Әділ Әбубәкірұлы, қазақ «Еліне қарап, ерін таны» дейді. Сұхбатымызды сіздің туған жеріңіз, алғашқы еңбек жолыңыздан бастасақ дейміз…
– Мен 1966 жылы Жамбыл ауданының Шайдана ауылында әкем Әбубәкір, анам Айткүлдің шаңырағында он жетінші ұрпағы болып дүниеге келдім. Негізі анам 18 құрсақ көтерген көпбалалы ана. Үлкендеріміз жасы келе бақилық болды. Қазір 7 бауыр қалдық. Екі әпкем бар, бес ұлмыз. 1973 жылы ауылдағы бастауыш мектепке барып, 1983 жылы Пионер орта мектебін тәмамдап, сол жылы Тараз (сол кездегі Жамбыл) қаласындағы «Жамбыл гидромелиоратив құрылыс» институтының «Ауыл шаруашы­лығы құрылысы» факультетіне түстім. Кеңес үкіметі кезінде оқу бітірген жастарға үкімет жұмыс орнын тауып беретін. 1988 жылы Жамбыл иститутын бітіргеннен кейін Жаңатас қаласындағы үй құрылысы комбинатына инженер-шебер болып еңбекке кірістім. Онда бір жылдан аса жұмыс істеп, содан соң өзіміздің кеңшарға келіп, құрылыс бөліміне жұмысшы болып кірдім. Бір жыл қызмет етіп, одан кейін кеңшарда директордың жастар ісі және спорт жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. Сосын ыдырау басталып, Жуалы ауданында элеваторда жұмыс істедім. 1999 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы бір мекемеге инженер болып жұмысқа кірдім. Кейін сол жылы сол аудандағы газ шаруашылығының директоры болып тағайындалдым. Сонда қызмет атқарып жүріп, имандылық құндылықтарына ден қоя бастадым. Намаз оқитын жұмысшы жігіттерге намазхана ашып бердім. Осы бастамамнан шығар, Алланың нұры жауды деп білемін. Істерім оңға басты. 2004 жылы Тараз аймақтық газ мекемесіне бас инженер болуға қайтадан жұмысқа шақырды. Сол мекемеде алты жыл қызмет етіп, облыс көлеміндегі көптеген елді мекендерді газдандырып, халыққа еңбек еттік. 2010 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалында бөлім ашылғанда сонда шақыртылып, басшы болдым. Тараз қаласындағы және облыстағы көптеген аудандарды газдандыру жұмысын жүргіздік. Қазіргі таңда сол мекемеде апаттық диспетчер қызметін атқарамын. Ол жерде маусымдық жұмыс болғандықтан уақытымды бос өткізбеу үшін «Алмаз АА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аштым. Бос уақытымда газдандыру жұмыстарымен және қайырымдылық шараларымен айналысуға тырысамын. Мен де, отбасым да өмірімізді сауапты істермен шұғылдануға арнап отырмыз.
– Ауыл жастарына арнап спорт кешенін салып бергеніңізді білеміз. Бұл идея қайдан туып еді?
– 2012 жылы туған ауылымыз Шайданаға спорт алаңқайын ашып беруге ниеттенгенмін. Ауылдағы әкемнің туған інісі Сенбек Байзақұлы ағаммен бірлесіп, сол спорт алаңқайын аштық. Сол жерде қазіргі таңда Мәди Мәтебаев деген ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып, жұмыс істеп жүр. Ауыл жастары саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, көптеген жарыстар ұйымдастырып, жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының бапкері Азамат Құрбанов та жастардың алғырлығын жиі айтады. Шайдана ауылында спорт кешенін ашқаннан кейін оны тоқтатып қойған жоқпыз. Айналасын қоршаумен қоршап, шырша, ақ қайың сынды көптеген ағаш көшеттерін отырғызып, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай осы ауылымыздың бұрыннан келе жатқан спорт майталмандарын жастар біле жүрсін деп, спорт кешенінің алдынан спорт мұражайын ашсам деген ниеттемін. Ол жерде ауыл жастары­ның жеткен жетістіктерін, жүлделерін қоятын боламыз. Ауыл стадионы алдына қойылған «SHAIDANA» доп монументін, мұражай алдындағы композиция­ларды темірден өзім дәнекерлеп жасағаным бар. Биылғы ел тәуелсіздігінің мерейтойына осы спорт кешенінің маңынан киіз үй үлгісіндегі көрме залын ашуды жоспарлап отырмын. Бүгінгі таңда іргесін қалап, шатырын жауып үлгердім. Енді ішіне ауылдан шыққан чемпиондарымыздың жетістіктерін қоятын сөрелерді жасап жатырмын.
– Футбол алаңын ашқаннан кейін жастар футболдан жетістік­тер­ге жеткен болар?
– Әлбетте, Құдайға шүкір, ауыл жастары­ның спорт десе шығар жаны бөлек. Жастар бос уақыттарында саламатты өмір салтымен шұғылданып, облыстық деңгейде жетістіктерге жетуде. «Тараз-Аренада» Жамбыл облысы бойынша әуесқой футбол командалары арасында қазіргі таңда кіші футболдан өтіп жатқан облыстық чемпионатта біздің «Шайдана-Алмаз» футбол клубы І орынды еншілеп тұр. Ауылдастар биыл чемпион атануға бар күш-жігерімізді саламыз деп отыр. Үмітімізді ақтаған осындай ауылымның жастарын мақтан тұтамын! Оның үстіне ауыл жастары былтыр жаз айында кешендегі әбден сиқы құрыған жасанды төсенішті ауыстыру үшін аудан әкімі Сәкен Арубаевқа хат жазған болатын. Ауыл жастарының өтінішіне атүсті қарамаған аудан басшысы бір аптаның ішінде сапалы төсеніш төсеуге ықпал етті. Тақтайдай тегіс алаңда жаз, күз айы жаттыққан жастар бұл жолы қарсылас біткенді қапы қалдырып келеді. Енді шешуші екі ойында жеңімпаз атансақ, облыс чемпионы боламыз. Бар тілеуіміз осы. Жеңімпаз болсақ, аудан басшысы жастарды өзінде қабылдаймын деген екен. Бұл да бір жағынан жастарға күш беріп отыр.
– Футбол алаңынан бөлек, ауылы­ңыз­ға көгілдір отын кіргізгелі жатқаныңызды да естідік…
– Көрші Тастөбе, Рахат, Еңбек сияқты ауылдарда қызмет көрсеткен серіктестіктер әр үй басына 140 мың теңгеден бекіткен екен. Соны естіп, өз ауылыма да осы игілікті тартуды жөн санадым. Ащыбұлақ және Шайдана елді мекендерінде үш жүз жетпіске жуық тұрғын үй бар. Есептей келе, 140 мыңнан 115 мыңға түсіріп, жеңілдік жасаймын деп шештім. Сол мөлшерге облыстық «ҚазТрансГаз Аймақ» меке­ме­сі­нің қызметтері кіреді және газды қосуға арналған жоба­ның құны, сызба жұмыс­­тары­ның құны және дәнекерлеуші жұмыс­шылардың айлық­тары кіреді. Яғни мен басқаратын «Алмаз АА» серіктестігі көшеге газ құбырын жүргізу, тұрғын үйге, газ плитаға және газ пешіне жылыту жүйесін қосу, құжаттарын заңдастыру жұмыстарын да қоса атқарады. Бұл қаражат басқа өңірлермен салыстырғанда біршама төмен. Қаламен іргелес жатқан елді мекендерде 300 мың теңгеге дейін жетеді. Екі ауылдың тұрғындары 9 миллион 270 мың теңге көлемінде қаржы үнемдейтін болады. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4 отбасыға және ауылдың екі мешітіне 100 пайыз, 6 отбасыға 50 пайыз, 1 отбасыға (ардагер спорт жаттықтырушысы) 30 пайыз жеңілдік қарастырып отырмын. Ал «Шайдана-Алмаз» футбол командасында өнер көрсетіп жүрген өрендердің отбасына 100 мың теңгеден кіргізгелі жатырмын. Мұның ішінде алғашқы және 10-сыныпта білім берген ұстаздарыма 50 пайыз жеңілдік бар. Сонымен қатар ауылға көгілдір отынның келуін көп күткен 80-нен асқан қарияларға да 10 мың теңгеден сый-тарту жасауды көздеп отырмын. Бұл туралы ауыл әкімі және тұрғындармен жиналыс жасап жеткіздім. Жуырда құбыр тарту жұмыстары басталады. Бір қызығы сол, газдандыру жұмыстары нарықтағы бағадан төмен жүргізіліп жатқанын естіген әріптес компаниялар өз бағасын жүйелеген екен. Бұл халыққа олардың да қарайласқан ниетінің көрінісі болса керек.
– Туған жеріңізге жасаған қайырым­дылығыңыз мұнымен ғана шектелмегенін білеміз. Ауыл тұрғындарының қажы атануына да үлесіңізді қосыпсыз…
– Иә, 2007 жылы ауылымыздағы мешіттің бұрынғы имамы Сенбек ағамен әңгіме үстінде біздің ауылдан Меккеге қажылыққа адам бармағанына 100 жыл болғанын естідім. Сол жылы астыма мініп жүрген көлігімді қызметтес кісіге сатып, қаржысын имам кісі мен ауылымыздың имамы Тұрғынбек ақсақал екеуінің қолына ұстатып, Мекке-Мәдинаға жібергенім бар. Өзім 3 ай жаяу жүріп, төртінші айда автокөлік алдым. Сол кезде Тұрғынбек ата батасын беріп, «Әділ, қара басымызды хан қылдың ғой», деп разы болған еді. Жаратушымыз 4 кісінің қажы атануына мені себепкер қылды. Ал 2012 жылы өзім барсам, 2020 жылы ұлым Дүйсеналы анасын қажылыққа апарып келді. Ал осы жылы ауылымызда дүниеге келген әрбір сәбидің отбасына 5000 теңгеден сыйақы жасаймын деп отырмын. Мысалы, өткен жылы ауылымызда 63 сәби дүние есігін ашқан екен. Биыл бала саны көбейер деген үміттемін. Ауылыма пайда табу үшін емес, пайдамды тигізсем деген жанның бірімін. «Туған жерге туыңды тік!» деген ұстанымды негіз етіп әрі жас ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен туған ауылыма осылайша сый жасағым келді. Ол жұмыстардың барлығын мен жалғыз істеп жатқан жоқпын. Үлкен ұлым Дүйсеналы екеуміздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.