Ауыр науқасқа шалдыққан 10 жасар бала дәрігерлердің арқасында аман қалды

0 3

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының  қабылдау бөлімшесіне Жуалы ауданынан келген 10 жасар бала іштің қатты  ауырсынуы шағымымен түскен. Бастапқыда дәрігерлер баланың ішінде үлкен ісік бар деп болжады. Нақты диагноз қою үшін шұғыл түрде  компьютерлік томография мен урографияға түсіргеннен кейін, талдау-сараптамалардың қорытындысы бойынша жеткіншекте зәр шығару жүйесінің туа біткен ақауы мен 4-ші дәрежелі гидронефроз анықталған.

Хирургия бөлімінің меңгерушісі Эльбрус Салпагаров түсіндіргендей, балада  несепағардың жоғарғы бөлігінің тарылуына байланысты бүйректің біреуінің туа біткен патологиясы дамыған, соның салдарынан  зәр қуыққа түспеген. Мұндай ақау  бала туылмай тұрып, анасының құрсағында болған кезде анықталған еді, сондай-ақ бұл жағдай ата-анасына ескертілген. Алайда,  қанша жылдар өтсе де ересектер баланың өсіп келе жатқан ішіне назар аудармады. Операция кезінде бүйректегі сұйықтық мөлшері шамамен үш литрдей болды. Он жыл ішінде бүйрек созылып, өзінің қызметтерін жоғалтқан, сондықтан хирургтерде  оны алып тастаудан басқа амалы қалмады.

Балаға отаны білікті де білімді, көп жылдық тәжірибесі бар  хирург – Эльбрус Салпагаров пен емдеуші дәрігер Ғазиз Айтуаров жасап шықты.  Гидронефрозды жою сияқты күрделі операциялар бір сағат ішінде жасалады және бұл кезде ағза мүшесін  сақтап қалу мүмкіндігі  болмайды.

 «Әрине, мұндай патология бізде кездесіп тұрады. Жыл сайын біз осыған ұқсас 3-4 операция жасаймыз, бірақ 43 жыл тәжірибемде мен бүйректе жиналған сұйықтықтың көп мөлшерін алғаш рет көруім, ол іштің жартысынан көбін алып тұрды», – дейді Э. Салпагаров.

Мамандардың айтуынша, бұл ауруда  бүйрек тіндері бұзылады, тек созылған қабық қана қалады, ол әртүрлі себептермен ісініп немесе жарылып кетуі мүмкін.

«Баланы дер кезінде дәрігерге қаратып, егер бүйрегінде  патология анықталса, алты айдан бастап урологтың есебіне тіркеу қажет. Өзі кішкентай болғанымен, үлкен қызмет атқаратын бүйректі сақтап қалу  үшін операцияны бір жылға дейін жасау және оның істен шығуына жол бермеу керек» – дейді бөлім меңгерушісі.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін дәрігерлер ата-аналарға балалардың денсаулығына жіті мән беріп,  мұқият болуға кеңес береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.